Главная
Новости
30.11.2010
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде еліміз бойынша тұңғыш рет «Ұлттық тәрбие» пәні енгізіліп, оған тиісті оқу кредиті бөлінді. Бұл пәнмен оқу орнының барлық факультеттерінің студенттері қамтылады. «Ұлттық тәрбие» пәнінің мақсаты студент-жастарды ұлттық болмысқа, руханиятқа, мәдениетке, қазақы салт-дәстүрлерге, әдепке, мәдениетке, тілге, адамгершілік асыл қасиеттерге баулу. Бұл пәннің аясында мінез-құлықтан, әдептен бастап жастарды қоғамдық орындарда, ресми ортада, көпшілік арасында, қонақта отырғанда қалай киініп, қалай сөйлеуге, тіпті қасық пен шанышқыны қалай ұстауға дейін үйретеді. Үлкендерді құрметтеу, кішіні сыйлау, ұлттық қалыпты сақтау, ген тазалығы, т.с.с мәселелер сабақ барысында жан-жақты қарастырылады. Ұлттық тәрбиенің ең негізгі мақсат-мұраты ұрпағымызды жаһанданудың дүлей толқынына жұтылып кетуден сақтау, ұлт болып, ел болып қалуға тәрбиелеу. Бүгінде университетімізде «Ұлттық тәрбие» кафедрасы жұмыс істейді, осы аттас ғылыми журнал шығарылуда. «Тұлғалар дәрісі» циклы бойынша көрнекті мемлекет, қоғам, ғылым, мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің ашық лекциялары өткізілуде. Осыған орай үстіміздегі жылдың 3-қарашасында университетімізде «Қазақ этнопедагогикасы – ұлттық тәрбиенің ғылыми негізі» деген тақырыпта Дискуссиялық клубтың алғашқы мәжілісі болып өтті. Семинарға осы саладағы барлық мамандар шақырылып, ұлттық тәрбиенің өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, мәжілісте клубтың мәртебесі, мақсатры мен міндеті анықталып, алда талқыланатын тақырыптардың тізімі сарапталды. Дискуссиялық клубтың төрағасы болып Абай атындағы КазҰПУ-нің ректоры, профессор С.Ж.Пірәлиев сайланды. Клубтың екінші отырысы «Отбасы тәрбиесі» деген тақырыпқа арналды. Қарашаның 23-і күні өткен бұл мәжілісте Шымкенттегі университеттің «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, осы саланың білікті маманы, профессор Қалипа Әтемова арнайы келіп, баяндама жасады. Ал, қосалқы баяндаманың авторы Қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева болды. Сондай-ақ, бұл басқосуға белгілі жазушы-ғалымдар Немат Келімбетов, Советхан Ғаббасов, Амантай Біртанов, тағы басқа зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар қатысты. |