қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
17.11.2025

«БІРЛІК-БІЛІМ-БӘСЕКЕ» СТУДЕНТТІК АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ


Абай университетінде 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне арналған «Бірлік – Білім – Бәсеке» атты студенттік апталық басталды. Студенттік жылдар – тек білім алу үдерісі ғана емес, өзін-өзі дамыту, тұлға ретінде қалыптасу, шығармашылық пен бастамашылдықты шыңдау кезеңі. Осыған байланысты апталық барысында студенттердің шығармашылық, рухани және спорттық белсенділігін арттыруға бағытталған әртүрлі мәдени, спорттық, интеллектуалдық және өнер сайыстары жоспарланған.

Апталықтың мақсаты – студенттердің шығармашылық әлеуеті мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, жастарды мәдени, рухани-адамгершілік құндылықтарға тарту, олардың бастамаларын қолдау және университеттің қоғамдық өміріне қызығушылықтарын арттыру.

Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов студенттерді мерекемен құттықтап, апталықтың мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. Ол өз сөзінде университетте Түркия, Қытай, Моңғолия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ирак, Иран, Ауғанстан және Түркіменстан елдерінен келген студенттер білім алып жатқандығын атап өтті. Бұл Абай университетінің халықаралық орталық ретіндегі мәртебесін, әртүрлі мәдениеттер мен тілдердің, идеялардың тоғысқан мекені екенін көрсететіндігін айтты.

– Апталық аясында «Ой+IQ» интеллектуалдық сайысы, «Алтын доп» футбол турнирі, «Abai Volley Cup» волейбол жарысы, «QOS DUET» ән байқауы, «Абай бол» қалалық пікірсайыс чемпионаты, Ректор Кубогына арналған жайдарман ойыны атауларымен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өтеді. Студенттер мерекесіне орайластырылған бұл шараға университетіміздің барлық студенттері атсалысып, жоғары белсенділік танытады деп ойлаймын, – деді Мақсат Жақауов.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға жалғасып, сахна төрінде университеттің белсенді студенттері өнер көрсетті. Қытай студенттерінің «Қазақстанға деген махаббат» хоры, «Дарын» триосының музыкалық орындаулары, Түркіменстан студенттерінің «Менің қымбатты Отаным» әні, «Жастар» би тобының «Сарбаз және сұлулық» вальсі және «Лэйло» тобының «Абай жастары» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, бүгінде университет қабырғасында 48 студенттік ұйым мен клуб жұмыс істейді, олардың қатарында ғылыми, шығармашылық, спорттық, еріктілік және медиа бағытындағы бірлестіктер бар.


 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

 

  alt=