
Главная
Новости
27.11.2025
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ ФОРУМЫ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде жаһандық ғылым саласындағы жас зерттеушілердің басын қосатын халықаралық форум өз жұмысын қортындылады. Индонезия, Жапония, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен тың идеялармен келген жалынды жастар зерттеу жұмыстарын баяндап, ашқан жаңалықтарын паш етті. «Жаратылыстану білімі мен ғылымының тұрақты даму мақсаттары аясындағы парадигмалары» атты дәстүрлі IV халықаралық жастар ғылыми форумында экология, жасыл химия, биология және география бағытындағы секциялар қамтылған. Форумның пленарлық отырысына Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, Жаратылыстану және география факультетінің деканы Күләш Каймулдинова қатысып жастардың ғылыми әлеуетін жоғары бағалады. Қазақстанның ғана емес, әлемнің 5 елінен жаратылыстану саласының жас ғалымдары бас қосқан ғылыми форум жұмысына сәттілік тіледі. – Бұл дәстүрлі жастар ғылыми форумы – дүниежүзілік ғылыми мәселелерді қамтитын ортақ алаңға айналып отыр. Форумның тақырыптық ұстанымы ғылымның қоғамды алға жетелейтін стратегиялық күш екенін дәлелдеу. Әсіресе, жаһандық өзгерістер қарқыны артқан қазіргі кезеңде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық жауапкершілік, цифрлық трансформация – жас зерттеушілердің қатысуын талап ететін өзекті бағыттар. Жастардың ғылыми ізденісі жаңа идеялар мен практикалық шешімдерге ұласады деп сенемін, – деді проректор. Халықаралық жастар ғылыми форумына Индонезия, Жапония, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас ғалымдар қатысты. Зерттеушілердің еңбектері лабораториялық сараптама, сандық транформациялау және оқытудың заманауи әдістемелеріне бағытталған. Күләш Каймулдинова жастардың ғылыми ізденісі мен әлеуетінен зор үміт күтетінін айтады. – Бүгінгі төртінші халықаралық жастар ғылыми форумына жыл сайын әр түрлі мемлекеттен жас ғалымдар қатысады. Жаратылыстану саласы дүниежүзі бойынша тұрақты даму индексінің барлық 17 мақсатына сәйкес келеді. Сондықтан, осы бағыттағы жастардың ғылыми форумы әрдайым жоғары оқу орындары үшін өте маңызды. Университеттердің тұрақты даму бойынша әлемдік рейтингісінде Абай университеті экология және қоршаған орта саласындағы жарияланымдар бойынша қазақстандық университеттер арасында бірінші орында. Мен жастардың ғылыми белсенділігіне өте ризамын, еңбектеріңізге сәттілік тілеймін, – деді география ғылымдарының докторы Күләш Дүйсенбайқызы. Жаһандық экология, биология және климаттық өзгерістер, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану тақырыптарындағы секциялық отырыстар күні бойы жалғасты. Сондай-ақ, жасыл химияның ғылыми жаңалықтары мен білім беру интеграциясы да жеке секцияда қозғалды. Мұнда шетелдік және еліміздің жоғары оқу орындарының магистратура, докторантурада білім алушылар баяндама жасады. Ғылымның әлеуетін көтеруге бағытталған халықаралық жастар форумы тың өзгерістер мен жаңашылдықтар береріне сенім мол.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|