
Главная
Новости
01.12.2025 АДАМЗАТТЫҢ АЛЫБЫ – АБАЙ: ЦИФРЛЫҚ ӨРКЕНИЕТТЕГІ ЖАҢА ТАНЫМ
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұлы ойшылдың 180 жылдығына арналған «Адамзаттың алыбы – Абай» атты апталық аясында «Абай Құнанбайұлы мұрасы және цифрлық өркениет: ғылым, білім, руханият тоғысындағы жалпыадамзаттық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми форум өтті. Шараның басты мақсаты – Абайдың рухани мұрасын заманауи цифрлық өркениет кеңістігінде жаңа қырынан зерделеп, оның шығармаларындағы адамзаттық құндылықтарды бүгінгі қоғамның ғылыми және технологиялық даму үдерістерімен сабақтастыру. Абайды тану – ұлттану ғылымы үшін маңызды белес. Өйткені, хәкімді тану мемлекеттің даму бағдарын танумен тең. Сондықтан, Абай мұраларын жаңа форматта, цифрлық мүмкіндіктермен байланыстыра зерттеу – бүгінгі талап екені даусыз. Абайды жасанды интеллектпен сабақтастыра оқыту – ұлттың білім кеңістігін жаңа деңгейге көтеретін қадамдардың бірі. Осындай салмағы басым тақырыптарды көтерген халықаралық форум жұмысына Қазақстанмен бірге Нидерланд, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақстан елдерінің ғалымдары, абайтанушылар, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты. Қонақтар алдымен университеттің бас музейін аралап, Абай мұрасына қатысты жәдігерлермен танысты. Содан кейін халықаралық форумның ашылуы онлайн және оффлайн түрде өтті. Форумды ашқан университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп Абай мұрасын жаңа дәуірде қайта пайымдаудың маңыздылығын атап өтті: – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жасанды интеллекттің қоғам болмысына енгізіп жатқан терең өзгерістеріне назар аударып, алдағы үш жылда жаппай цифрлы елге айналуымыз қажеттігін айтты. Осындай кезеңде Абай мұрасын жасанды интеллектпен байланыстыра зерттеу – біздің тарихи міндетіміз. Себебі, Абай – адамдық кемелдіктің өлшемін айқындаған тұлға, ал цифрлық дәуір осы өлшемді жаңа ортаға бейімдеуді талап етеді, – деді Болат Анапияұлы. Сондай-ақ, форумның ашылуында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Қансейіт Әбдезұлы, Нидерланд Корольдігі Шығыс әдебиеттану ғылымдарының докторы Зифа-Алуа Әуезова, ҚР Ұлттық орталық музейінің Музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі Жасұлан Белтенов т.б. сөз сөйлеп, Абай мұрасының әлемдік деңгейдегі маңызын түсіндірді. Олар жасанды интеллект арқылы Абай шығармаларын оқытудың және зерттеудің заманауи мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. – Абайды тану ғылымының басында осы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті тұр. Абайтанудың барлық кезеңдері осы қарашаңырақпен тығыз байланысты. Бүгінгі жиын – Абайдың цифрлық кеңістікке қадам басуының бір көрінісі. Егер біз Абай мұрасын цифрлық базаға енгізбесек, онда ұлы ақынның сөзі қазіргі жаһандық өркениеттен шет қалуы мүмкін. Ал оның жадында Абайдың шығармалары мен өлеңдері болмаса, жасанды интеллект бізге толыққанды серік бола алмайды. Сондықтан бүгінгі басқосудың маңызы ерекше, – дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Кенжехан Матыжанов. Форум барысында Қазақстан, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қарақалпақстан ғалымдары Абай шығармаларын цифрлық талдау, нейрожелілік модельдеу, виртуалды оқыту платформаларында қолдану туралы тың ұсыныстарын ұсынды. Сондай-ақ, Жабал Шойынбеттің «Абайды қорғау – қазақты қорғау» кітабы мен Марат Бекбосыновтың Абайға арналған зерттеу еңбектері топтамасының тұсауы кесілді. Жиын соңында университетте енгізілген Абай стипендиясы таныстырылып, бұл қадам жас таланттарды қолдаудың маңызды бастамасы ретінде бағаланды. «Адамзаттың алыбы – Абай» атты апталықта белгілі ғалымдар дәріс оқып, байқау, театрлық қойылым секілді түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Апталық 5 желтоқсанда салтанатты түрде аяқталады.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|