қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
02.12.2025

ЗАҢ МЕН ТӘРТІП МӘСЕЛЕЛЕРІ АЙТЫЛДЫ

  

Бүгін Абай университетінде «Заң мен тәртіп – қауіпсіз Қазақстан үшін» тақырыбында жастармен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға аралас жекпе-жек шеберлері Асу Алмабаев пен Қазбек Сағым, сондай-ақ Медеу ауданының прокуроры Ізбасар Масақбаев қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы зиянды құбылыстардың алдын алу және жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру болды.


Кездесу барысында прокурор Ізбасар Масақбаев қазіргі қоғамда жиі кездесетін нашақорлық, алаяқтық, дропперлік, интернеттегі алдау-арбау тәсілдері мен лудомания мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ол жастарды елең еткеннің жетегінде кетпеуге шақырып, құқықтық сауаттылықтың маңызын атап өтті.


Қазір интернет арқылы оңай ақша ұсынатындар көбейген. Жастарды заңсыз әрекеттерге тартып, «ешкім байқамайды» деп сендіреді. Бірақ мұның соңы ауыр жазаға әкелуі мүмкін. Өйткені, есірткі таратуға қатысты заңда 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осындай білместікке байланысты Ізбасар Масақбаев таяуда бір оқушы мен студенттің ауыр жаза алғанын айтты. «Сондықтан әр жастың таңдауы дұрыс болуы тиіс» дейді прокурор.


Ал аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев отбасылық құндылықтардың мәніне ерекше назар аударды. Спортшы жастарды жеңіл жолмен ақша табуға итермелейтін жасанды жарнамалар мен жалған блогерлік кеңестерге сенбеуге шақырды.


– Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады демекші, біз рингте қарсыласымызды жеңсек, сіздер білім арқылы мыңдаған қиындықты еңсересіздер. Сіздер де ертең кейінгі ұрпаққа қалар өнеге болу керек, – деді Асу Алмасбаев.


Өз кезегінде Қазбек Сағым әр студентке өз құқығын білу және таңдаған саласында білікті маман болуға талпыну маңызды екенін жеткізді.
Ол жастардың алтын уақытын білімге арнаса, жаман әдет пен зиянды құбылыстардан өздері-ақ алшақ болатынын айтады.


Кездесу соңында студенттер көкейде жүрген сұрақтарын қойып, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды. Іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, зиянды әдеттердің алдын алуда маңызға ие болды.


 Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=