қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
05.12.2025

 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТУРАЛЫ КЕҢЕЙТІЛГЕН МӘЖІЛІС ӨТТІ

 

Бүгін Абай университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігінің «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы оқу-әдістемелік бірлестігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академия, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылығы, стейкхолдерлер, қоғамдық ұйым өкілдері мен педагогикалық қауымдастық қатысты.


Мәжілістің негізгі бағыты – білім беру жүйесінде жасанды интеллектті интеграциялау және педагог кадрларын даярлаудың жаңа тәсілдерін айқындау. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова онлайн алғы сөз сөйлеп, маңызды басқосуды ашып берді.


Іс-шара барысында ҚР ҒЖБМ Жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова жоғары білім сапасын арттыру және цифрлық білім беру экожүйесін дамыту бағытындағы мемлекеттік бастамаларды түсіндірді.


– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапарында OpenAI компаниясымен келісімшартқа қол қойды. Бұл қазіргі жасанды интеллекттің ChatGPT құрылғысын жасаған компания. Қазақстан жасанды интеллект құралдарын барлық ғылым-білім, медицина салаларына енгізуге кірісті. Сондықтан, педагогика бағытында атқарылар жұмыстарды, жоспарды талқылау үшін бас қосып отырмыз. Жаһандану заманында еліміздің цифрлық әлеуетін арттыру үшін ең алдымен мектептен бастауымыз қажет. Ол үшін педагог мамандар жасанды интеллектіні табысты қолдана білуі керек, – деді  комитет төрағасы.


Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова жасанды интеллект саласына қажетті кадрларды даярлаудың жаңа тетіктері туралы баяндама жасады. Қазақстанның студент жастарының цифрлық сауаттылығы мен меңгеру деңгейі сөз болып, педагог мамандардың игеру қажет дағдыларға тоқталды.


– Еліміздегі жоғары оқу орындарының алдында жасанды интеллектіні меңгеруге межелі міндеттер тұр. Ең алдымен, жасанды интеллект мұғалімнің орнын алмастыра алмайтынын және құрал ретінде қолдану қажетігін атап айтуымыз қажет. Қазіргі ақпарат дәуірінде ЖИ мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге көмектеседі. Сабақ жоспарын құруға, бағалауға және креативті идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Біз маман даярлау ісінде университеттің барлық студенттеріне «Жасанды инттеллект» негіздері курсын міндетті түрде өткізіп келеміз, – деді Бану Мұқатайқызы.


Мәжіліс барысында педагогика саласының жетекші сарапшылары жасанды интеллект пен ғылыми зерттеулердің жаңа мүмкіндіктерін, Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесіндегі AI парадокстарын, оқыту аналитикасы мен үлкен деректерді қолдану мәселелерін талқылады.


Еске сала кетейік, кеңейтілген мәжіліске дейін үш бағытта панельдік сессиялар өтті. Мұнда ЖИ және педагогтарды даярлаудың жаңа талаптары, білім берудегі жасанды интеллект воркшопы, ЖОО білім беру үдерісіндегі зерттеушілік интервенциялар тақырыптары қозғалды.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=