
Главная
Новости
09.12.2025 «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ
Абай университетінің Педагогика және психология факультеті мен Алматы қаласындағы №186 бөбекжай-балабақшасы «Таза Қазақстан – 2025» республикалық экологиялық акциясы аясында мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық білімді интеграциялаудың жаңа үлгісін таныстырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бекітілген 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы елдегі экологиялық сананы қалыптастыруды ұлттық басымдық ретінде белгілеп берді. Құжатта 2029 жылға қарай «Жасыл балабақша» желісін 622 ұйымға дейін кеңейту көзделіп, мектеп жасына дейінгі балаларға табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру міндеті қойылған. Осы орайда, 9 желтоқсан күні №186 бөбекжай-балабақшасында Абай университетінің Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының аға оқытушысы Алтынай Жакупованың ұйымдастыруымен жоба аясында қалалық тәжірибелік семинар өтті. Іс-шараға жобаның ғылыми кеңесшісі Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі қауымдастырылған профессоры, доцент Ұлболсын Кыякбаева қатысып, балабақшаның жұмысына жоғары деңгейде баға берді. Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранты негізінде іске асырылды. Соған сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарға арналған экологиялық білім берудің ғылыми-тәжірибелік тұжырымдамасын әзірлеуді мақсат етеді. Университет пен балабақша ынтымақтастығы негізінде ұйымдастырылған семинарда педагогтар мен балаларға арналған тәжірибелік алаңдар ұсынылды. Семинар барысында қонақтар арнайы дайындалған экологиялық алаңдарды аралап, «Жас экологтың 12 тыйымы» атты шағын қойылымды, «Жылыжай – жасыл бақша ордасы» стендін және «Метеоалаң – ауа райын бақылаймыз» тәжірибелік аймағын көрді. Балалар суда тәжірибе жүргізу арқылы оның тіршілік үшін маңызын түсіндіріп, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың қарапайым тәсілдерін көрсетті. Шараның ашылуы мектепалды топ тәрбиеленушілерінің «Күн мен Жер» атты көлеңкелі театр қойылымымен басталып, «Жасыл балабақша» үлгісі бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды. Абай университетінің ғалымдары экологиялық білім беруге қатысты ғылыми-тәжірибелік тұжырымдаманың мазмұнын баяндап, әлемдік «Zero Waste» қағидаттарының мектепке дейінгі білім беру жүйесіне енгізілу мүмкіндіктерін түсіндірді. Семинар өзара пікір алмасумен өрбіп, сұрақ-жауап және ұсыныс беру бағытында өтті. Университет пен балабақша бірлесіп әзірлеген тәжірибелік алаңдар экологиялық тәрбиелеудің тиімді әдістерін көрсетуге мүмкіндік берді. Қатысушылар жылыжайда өсімдіктерді күтіп-баптаудың, ауа райын бақылаудың, қалдықтарды сұрыптаудың және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі әрекеттердің практикалық маңызын көрді. Іс-шара қорытындысында «Жасыл балабақша» бастамасының балалардың табиғатқа жанашырлығын арттыруға бағытталған маңызды қадам екені атап өтілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасыл әрі таза Қазақстанды қалыптастыру – балабақшадағы ең қарапайым әдеттерден басталады.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі
|