
Главная
Новости
09.12.2025 «КҮМІС УНИВЕРСИТЕТІ» ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Абай университеті Алматы қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, «Күміс университеті» жобасын ресми түрде бастады. Бұл келісім – аға буын өкілдеріне қолдау көрсету, олардың қажет еткен білімдерін жетілдіру және қоғаммен байланысын күшейтуге бағытталған маңызды қадам. «Күміс университеті» – әлемнің көптеген елдерінде табысты жүзеге асырылып жүрген, егде жастағы адамдарға арналған халықаралық бағдарлама. Абай университетінің 2025 жылы «Қазақстандық Күміс университеттер қауымдастығына» ресми мүше ретінде қабылдануы осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтерді. Бүгінде университеттің Education Management School орталығы жобаны жүйелі түрде дамытып, 55 жастан асқан қала тұрғындарына арналған түрлі оқу курстарын ұсынып келеді. Университет факультеттері мен кафедралары әзірлеген бағдарламалар егде жастағы азаматтардың цифрлық, шығармашылық, тілдік және тұрмыстық дағдыларын дамытуға бағытталған. Мәселен, «Информатика және білімді ақпараттандыру» кафедрасы ұйымдастырған «Мобильді қосымшалармен жұмыс» курсы тыңдаушылардың смартфон және заманауи қосымшаларды тиімді пайдалану қабілетін арттырады. Курс «Мобильді қосымшалардың түрлері», «Құрылымы мен қызметі», «Смартфон экожүйесі» секілді тақырыптарды қамтыған. Биология кафедрасының «Бөлме өсімдіктеріне күтім жасау және дизайн элементтері» курсына келер болсақ, ол жасыл кеңістік қалыптастыру мен үй ішінде жайлылықты арттыруға бағытталған. Қатысушылар бөлме өсімдіктерін баптау тәсілдерін меңгеріп, үй кеңістігін эстетикалық тұрғыда безендіруді үйренеді. Университет бағдарламаларының ауқымы денсаулық пен психологиялық шыдамдылықты нығайту бағыттарын да толықтырып отыр. Арнайы фитнес, жеңіл гимнастика, психологиялық тренингтер, релаксация сабақтары егде жастағы азаматтардың физикалық белсенділігін сақтауға, эмоциялық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Жылдың екінші жартысында «Ағылшын тілі» курсы іске қосылмақ. Сонымен қатар «Өнер» факультеті музыка, қолөнер, бейнелеу өнері арқылы эмоционалдық әл-ауқатты нығайтуға арналған сабақтар ұйымдастырмақ. «Туризм» және «Салауатты өмір салты» бағыттары бойынша әзірленген жаңа курстар қатысушыларға өңірлік және республикалық туристік бағыттармен танысуға, белсенді демалыс мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Барлық факультет егде жастағы азаматтармен жұмыс жүргізуге арналған жылдық жоспарды бекітіп, олардың зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік әлеуетін кеңейтуді мақсат тұтып отыр. Ұсынылған бағдарламалар үлкен кісілердің өмірлік белсенділігін арттырып, қоғам өміріне белсенді араласуына және жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасайды.
Абай университетінің «Күміс университеті» жобасы – егде жастағы азаматтарға білім, шығармашылық даму, денсаулық пен психологиялық қолдауды кешенді түрде ұсынатын бастама. Бұл жоба Алматы қаласындағы аға буынның әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бағдарлама екені сөзсіз. Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|