қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
16.05.2018

«Қазақ тіл білімі саласындағы жаңа ғылыми бағыттар» халықаралық

ғылыми-әдістемелік конференциясы

 

2018 жылдың 15 мамырында "Ғылым ордасы" концерт залында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен тілтанушы ғалым, ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбайдың 90 жасқа толуына арналған «Қазақ тіл білімі саласындағы жаңа ғылыми бағыттар» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өткізілді.

 

 

Конференцияға Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының ғалымдары мен докторанттары, магистранттары, студенттері және Қырғызстаннан келген қонақтар, мерейтой кейіпкерінің жақындары қатысты.

 

Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, п.ғ.д., профессор Такир Балықбаев ашып, құттықтауын оқыды. Ғалым Нұржамал Оралбайдың қазақ тіл білімінің әр алуан салаларын қамтитын ауқымы кең ғылыми еңбектері бүгінгі таңда ғылыми танымдық аямызды кеңейтіп, қоғамымыздың баға жетпес қазынасына айналып отыр. Ғалымның еңбектері бүгінде студенттердің, магистранттардың, докторанттардың және ғылыми көпшіліктің қолынан түспей келе жатқан бағалы дерек көздері болып саналады. Ғылым мен білімді қатар алып жүрген Нұржамал Оралбайдың еліміз үшін сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Осыдан 69 жыл бұрын Абай атындағы Казақ педагогика институтын үздік бітірген ғалым өзінің отыз жылдан астам еңбек жолын осы оқу орнымен тығыз байланыстыра қызмет атқарды. Қатардағы оқытушылықтан қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, университеттің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректорына дейінгі ұлағатты өмір жолынан өтті. Бүгін мерейлі 90 жылдығын бүкіл зиялы қауым зор құрметпен атап өтіп отырған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының құрметті академигі Нұржамал Оралбайдың филология ғылымына сіңірген еңбегінің зор екендігін ескере отырып, сыйлығын ұсынып, алдағы уақытта да шығармашылық жетістіктерге жете беруіне тілек білдірді.

 

Нұржамал Оралбайдың 90 жылдық мерейтойымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ф.ғ.д., профессор Ерден Қажыбек құттықтап, «Ұлттық болмысты танытқан ғалым» тақырыбында баяндамасын оқыды.

 

Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияны ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, ф.ғ.д., профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Кәрімбек Құрманәлиев жүргізді.

 

Мерейтой иесі, профессор Нұржамал Оралбайдың мерейтойымен ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, п.ғ.д., профессор Фаузия Оразбаева құттықтап, «Сөзжасам - рухани құндылықтарды жаңғыртудың негізі» тақырыбында тілдің өзекті мәселелеріне арналған баяндама жасады.

 

Ғалымның отбасы өмірі жөнінде ҚР ҰҒА-ның академигі, география ғылымдарының докторы, профессор Бейсенова баяндама жасады.

 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбайдың 90 жасқа толған мерейтойымен Қырғыз Республикасынан келген ғалымдар п.ғ.д., проф. Искендир Исамединов, п.ғ.д., проф. Қырғызбай Добаев құттықтады.

 

Ғалымның өмір жолы, ғылыми еңбектері жөнінде ф.ғ.д Бақытжан Хасанұлы «Нұржамал Оралбайдың сөзжасам туралы еңбектері - қазақ үштілділігін дамытудың контрастивтік лингвистикалық қайнар көзі» деген тақырыпта мазмұнды баяндама жасады.

 

Ф.ғ.д., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Анар Салқынбай профессор Нұржамал Оралбайдың 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтап,«Профессор Н.Оралбаева және қазақ грамматикасының дамуы» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның сөзжасам саласына еткен еңбегі ерекше екенін айта кетті.

 

Ғалымды мерейтойымен құттықтап п.ғ.д., Еуразия мемлекеттік университетінің профессоры Әбдікәрім Тазагүл, ф.ғ.д., профессор Бекен Сағындықұлы сөз сөйлеп, баяндамаларын оқыды.

 

Ғалымды мерейтойымен Түрқия, Қырғыз ғалымдары, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының ректорлардың құттықтау сөздері тыңдалды.

 

Филология және көптілді білім беру институты мен практикалық тілдер кафедрасының меңгерушісі, профессор Розалинда Шаханованың жетекшілігімен Нұржамал Оралбайдың халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясын ұйымдастыруына белсенді ат салысты. Ұйымдастырушылар конференция қатысушыларына бағдарлама, мақала жинағы мен сертификаттарын участникам таратты.

 

Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Байсейітова атындағы халықаралық вокалистер конкурсының лауреаты, опера және концерт әншісі Рымкеш Жумадилова атақты «Гәкку» әнін профессор Нұржамал Оралбайға арнады, ал конференцияның соңы студенттердің ән-күйіне, арнау жырларына ұласты.

 

         

 

         

 

         

 

            

 

Практикалық тілдер кафедрасы