Главная /
СМИ о нас
30.05.2018 «Тіл шебері» байқауының жеңімпаздары анықталды
Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш тілді қатар меңгерген мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері» қалалық байқауын өткізді.
Байқаудың мақсаты жас мамандарға қолдау көрсете отырып, тіл мәдениетін көтеруге ықпал ету, мемлекеттік қызметшілердің тілді меңгеруге деген қызығушылығын арттыру және бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу болып табылады.
Жалпы талаптарға сәйкес байқауға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 21-29 жас аралығындағы жиырмадан астам мемлекеттік қызметшілер қатысты. Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің басшысы Б.Қалымбет, Абай атындағы ҚазҰПУ шетел тілдері кафедрасының оқытушысы Г.Сейдалиева, Халықаралық бизнес университетінің доценті М.Қойшыбаева, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі Эстрадалық аспап бөлімінің меңгерушісі Е.Әбішев байқаудың қазылар алқасының құрамында талапкерлердің біліктілігін бағалап, әділ бағасын беруге атсалысты.
Алматы қаласының алты ауданынан жиналған үміткерлер төрт кезең бойынша байқау межесінен өтулері шарт. Әр жауапқа үш минут уақыт берілді. Бірінші кезең - «Ұлттаным». Мұнда қатысушылар жеребе барысында алған нөмірлеріне сәйкес қазақ елі тарихы мен ұлы тұлғалары жөніндегі сұрақтарға қазақ тілінде жауап берді. Екінші, «Мәдениеттаным» бойынша қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап талап етілді. Ал «Елтанымда» қатысушылар еліміздің аймақтары жөніндегі сұрақтарға ағылшын тілінде, ал «Өнертанымда» өз таңдауы бойынша ән айту, көркемсөз оқып, би билеп, ұлттық киім киюден және еркін иім үлгісіне қатысты өнерлерін көрсетті.
Озық шыққан жеңімпаздар қатарында А.Боданова байқаудың бас жүлдесіне ие болса, І орынды Ж.Аханова, ІІ орынды А.Ибадулла, ІІІ орынды Ж.Есмағамбетова еншіледі. Кестелі сөз аталымында А.Жылқайдаров, келелі ой аталымында Л.Жапбар жеңімпаз деп танылды. Ерекше жауаптары мен өнерлері үшін Қ.Саулан, Е.Әнуарбек ынталандыру сыйлығына ие болды.
Байқау барысында қатысушыларға алдын ала әзірленген аудио және бейне материалдарды қолдануына мүмкіндік берілді.
Авторы: Эльвира Серікқызы 30.05.2018 ж. Ақпарат көзі: еgemen.kz
|