қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
31.03.2014

«Қазақстан географиясының тұсауы кесілді»
Жақында Абай атындағы ҚазҰПУ-да белгілі географ-ғалым, академик, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлия Бейсенованың «Қазақстан географиясы», «Қазақстанның физикалық географиясы», «Алматы мен әлем қалалары» атты су жаңа кітаптарының тұсауы кесілді.
Аты әлемге әйгілі экономист-ғалымдар, атап айтқанда академиктер А.Түркебаев, А.Қошанов, М.Үпішов, О.Сәбденов, А.Шәшенов, университет проректорлары В.Косов, Ғ.Кенжебаев, жаратылыстану және география институтының директоры Х.Жанбеков, география ғылымдарының докторлары К.Қаймолдина, Қ.Тілебаев, тағы басқалар қатысқан басқосуда қазіргі Қазақстан географиясы мен оған экономиканың, саясаттың қатысы, басқа да қоғамтану ғылымдарының өзара сабақтастығына байланысты ойларымен бөлісіп, бұл мәселені шешу барысында оқытудың әдістемесі мен формасын өзгертуде жаңа бастаманың бүгінгі жағдайына тоқтады. Сондай-ақ, тұсаукесер қонақтары игілікті істің маңыздылығына ғылыми көзқарастарын білдіріп, географияны оқыту жүйесін заманауи тұрғыдан қайта жетілдіру жұмысына баса назар аудару керектігін айтты. Осы орайда еліміздегі экологиялық ахуалға қатысты бірнеше маңызды міндеттерді шешуді ұсынды.
- Көпшілік экономиканың географияға не қатысы бар деуі мүмкін. Сол сияқты саясаттың географияға қандай қатысы бар деп қалатындар да жеткілікті. Меніңше, бұл ұғымдар өзара сабақтас, бірінсіз екіншісі жоқ. Мәселен, белгілі бір аймақтың географиясын, жер асты байлығын, экологиясын білмей тұрып, оның экономикалық жағдайын есептеп шығару мүмкін емес деп ойлаймын. Ал, экономика мен саясат әуел бастан егіз ұғым. Қандай ғылымның түрі болмасын ол адамға, қоғамдық ортаға қызмет жасауы керек. Қоғамға қызмет жасамаған ғылым, ол ғылым емес. Яғни бұл кітаптарды шығарудағы мақсат - қоғамтану ғылымдарының басын бір жерге біріктіру еді. Бүгінгі заман құралдарын пайдалана отырып, Қазақстанның географиялық келбеті мен экологиялық ахуалын жақсарту осы кітаптардың негізгі ғылыми жаңалығы болып табылады. Ал географияны игермей, экологияға жаңаша көзқарас қалыптастырмай экономикамыз қарқынды дамиды дегенге өз басым сенбеймін. Сондықтан бұл кітаптар география пәніне деген қызығушылықты арттырып, жетілдірілген білім беру талабына сай біздің мақтанышымыз болатынына сеніміміз кәміл. Бұл мақсатта енді кинолар, деректі фильмдер, слайдтар түсіреміз деген ойдамыз. Алла қаласа, осы бағытта жұмыс жасай бермекпіз, - деді кітаптардың авторы, академик Әлия Бейсенова.
Тұсаукесер мәжілісін филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының ҰҒА корреспондент-мүшесі Бақтияр Сманов жүргізіп отырды.

 

Болат Шарахымбай