қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
13.06.2018

Сырға толы сараптама

 


 

Мемлекет және қоғам қайраткері, елші-дипломат, ғалым Әділ Ахметовтің «Фолиант» баспасынан 2018 жылы жарық көрген «Ғасыр ғибраты» атты сараптамалық топтамасын оқып шыққаннан кейін төмендегідей ой туындайды.

 

Кітап «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті», «Ұлы дала елінің жаһандық геосаясаттағы дара жолы» және «Мұ­сылман әлемі» деген үш тарауға жіктеліп, «Ғасыр ғибраты» деп аталған. Ал кітаптың алғысөзі «Үйлесімнің үлгісі» деген атауға ие болыпты.


Туындының бет пердесін XXI ғасырда әлемді аузына қаратқан Сингапур бас­шасы Ли Куан Ю-мен ашып, сол тұлғаның әлеміне көз жүгірткен. Онда АҚШ-тағы Гарвард университетінің үш ғылыми орталықтары жетекшілерінің Ли Куан Ю-мен кездесіп, Қытай мен АҚШ қа­рым-қатынастары, Индияның болашағы, әлемдегі терроризм мен экстремизм мәселелері, Сингапурдың жеткен жетіс­тіктері туралы Ли Куан Ю-дың сұхбат­тарына негізделген нақты материалдар адамды еліктіріп әкетеді. Жетістікке жетудің басты сыры Отанға деген ыстық сезімнен және от басынан басталғанын, сондай-ақ парасат пен мызғымас тәртіп және кемел ақылдың байлықты ал­мастыра алатынын дәлелдеген адам екенін көрсетеді. Онымен кездессең, рухани азық алатындығыңды дәлелді дәйектермен суреттейді. Ол туралы Генри Киссинджер, Жак Ширак Coca-Cola компаниясының жетекшісі Мұхтар Кент сияқты ауыздары дұғалы азаматтардың пікірлерін ұғынықты да түсінікті, қазақи нақышпен көрсеткен. Қытай мен Индияның ғаламдану жағдайындағы ерекше дамуына және ағылшын тілі туралы ашық та дәлелді дәйектермен нақты сұрақтарға берген тура жауаптары, оның сұңғыла саясаткерлікпен қатар дарынды да парасатты ақыл иесі екенін көрсетеді. Дамуға демократиямен қатар еңбекқорлық пен тәртіптің қажеттігін дәлелдейді. Демократия шектен шықса, тәртіпсіздік пен берекесіздікке жол берілетінін көрсетеді.


Ли Куан Ю мемлекет басқарудағы ұс­танымдар мен құндылықтардың ал­горитімін де ашып көрсетеді. «Егер ол құндылықтар өзгеретін болса, Сингапур Оңтүстік Шығыс Азиядағы қызыл түстіден қара нүктеге айналады, сондай-ақ, мемлекеттің ұлылығы тек жер көле­мімен ғана өлшенбесе керек. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті тарихтың құтты ме­кеніне айналдыруға ұмтылған ұлтжанды көшбасылары мен көсемдерінің сапасы ғана сомдайды... Сондықтан да мені Батыс әлемінің шаншу сөздері мен жөн­сіз мін таға сынайтын қаңқу сөздері емес, керісінше, билік тізгінін өзіме сеніп тапсырған халқымның, түптеп келгенде, қандай баға беретіні көбірек ойлан­дырады» дейді.


«Ізгілік иірімі» деп аталатын тақы­рыпта Том Батлер - Боудонның «Ғұ­мырыңызды өзгертуге серпінді шабыт сыйлайтын классикалық 50 кітап» деп аталатын еңбегін жан-жақты талдауға арналған. Мұндағы Әділ ағаның хас шеберлігі ағылшын тілінде жазылған соншама классикалық еңбектерді сол тілде оқып, зерттей отырып, бүгінгі адамды, оның ішінде жастарды өркениет қоймасындағы жинақталған рухани құндылықтарға Том Батлер -Боудонның жинағын қоса есептегендегі 51 кітапқа жүк болатын дүниені айта келіп, ақыл ой мен парасат иесі ұлы Абай еңбегіне жол сіл­тейді. Автор Абайды мәдениетіміз­дің -Тынық мұхитына теңеп, оны дәлел­дейді.


Сол сияқты АҚШ-тың отыз тоғы­зыншы Президент: Джимми Картердің кеңесшісі Збигнев Бзежинскийдің «Стратегиялық көзқарас: Америка және әлемдік биліктің дағдарысы» моногра­фиясын Әділ Құрманжанұлы талдай келе, өз кітабында қазақи ат қойғыш шебер­лікпен «Сұғыланың пайымдары» деген бөлімінде З.Бзежинскийдің геосаяси тұрақтылық пен алпауыт мемлекеттердің бүгінгі таңда қара бұлттай төніп келе жатқан экологиялық, климаттық, әлеу­меттік-экономикалық, азық-түліктік және демографиялық сын-қатерлердің алдын алуға немесе оларды болдырмауға бағытталған түбегейлі шараларды қолға алмай отырғанын, бүкіләлемдік геосаяси арқаудың Батыстан Шығысқа қарай жылыжитыны жайындағы ойлары мен ащы шындықтарын саралай келе, ма­қалмен «Бөрі арығын білдірмес, сырт­қа жүнін қампайтар» деп әдемі түйіндейді.


Автордың келесі «Нарық пен мораль» тарауы белгілі саясаткер, философ Майкл Санделдің «Ақша не сатып ала алмайды. Нарықтың моральдік шегі» туын­дысын саралай келе, бүгінгі адамзат нарық экономикасынан нарық қоғамына жаппай сырғып кеткендей әсер қалды­ратынын дөп көрсете келіп, тәуба деп, елімізде жанданып келе жатқан рухани жаңғырудың құндылықтарды сақтау­даудағы рөлі зор екенін стратег ретінде талдайды.


Автор Джордж Фридман негізін қа­лаған Стартфор барлау сараптамалық ор­талығының қызметі мен оның футу­рис­тік болжамдарының маңызын жан-жақты сараптаған. Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглицтің «Алапат сызат» атты аналитикалық зерттеу ең­бегіне талдау жасаған. АҚШ-тағы 2008 жылғы сайлауға,ондағы Барак Обаманың сайлаудағы сөйлеген сөздерін сараптап, З.Бзежинскийдің «Екінші мүмкіндік» туындысын талдап, Ақ үйдегі саясат сабақтастығына әлгі елкөшбасшысының лайық болуын алға тартады. Сондай-ақ Британиядағы парламент сайлауының ерекшеліктерін өз көзімен көргендерімен бөлісіп саралайды.


Автор лейбористік, консервативтік және либерал-демократиялық партия­лардың көшбасшыларының бәріне дерлік, оның ішінде «Темір ханым» атанған Маргарет Тетчердің қызметін жан-жақты түпнұсқадан алынған материалдар негізінде қазақи нұсқада талдаса, Дональд Трамптың билікке келуін әлем күтпеген саяси тектоникалық сілкініс ретінде бағалайды. Ғаламдануды зерттеуші Джереми Рифкиннің интернет өнімділігіне арналған «Шығыны жоқпен шамалас қоғам» еңбегін қазақ оқырман­дарына таныстырып, оны жаңа эконо­микалық парадигма деп атайды. Джордж Фридманның «Шиеленіс ошақтары: Еуропаға төніп келе жатқан дағдарыс» атты туындысын талдап, қазақ оқыр­мандарын Еуропаның 1912 жылғы дейінгі кезеңі және отарларындағы жағ­дай дәйекті дәлелермен келтірілген. Еуропа отарларының жалпы көлемі 40 млн км болса, оның 25 млн км-і тек Британияға тиесілі болғанын және Бірінші дүние­жүзілік соғыстың ықпалын нанымды көрсете білген. «Экономикалық ықпал­дастық комитеті», Рим келісімі, Маастрих келісімдерінің орны мен рөлін сараптап Еуропа мен Еуропа тағдырына көңіл аудартады. Өркениет құндылықтарын Джозеф Стиглицтің «Теңсіздіктің құны» еңбегін талдаумен, оның келтірген айғақтары мен бұлтартпас дәлеледері арқылы оқырмандарға ой салады. Нобель сыйлығының иегері Пол Кругманның «Депрессия экономикасы қайта оралды ма?» еңбегін талдап, қазақша сөйлетіп, дағдарыс неге орын алады, оны қалай тізгіндеуге болады? деген сұрақтың жауаптарын береді. Қытай мәселесінде «Әлемнің азық-түлік қауіпсіздігі», «Генри Киссинджер таразыланған Қытай» деген мақалаларын арнаса, «ФТ Financal Times» мен түскі ас. 52 классикалық сұхбат» туындыларын «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын ең таңдаулы журна­листердің берген құнды сұхбат­тарымен қазақ елін сусындатады.


Кітаптың келесі бөлімінде Ұлы дала елінің жаһандық геосаясаттағы дара жолын автор ғылыми мемлекеттік, саяси, дипломатиялық қызметтерінің ақыл-ой парасаты, шыққан биіктігі деңгейінде өзінің азаматтық көзқарастарын берген. Ислам конференциясы ұйымы, Ислам діні және мұсылман қауымдастығы туралы өте қызықты ақпараттар мұсыл­мандардың әлем халқының 25 % құрай­тынын, оның 60 %, Азияда тұратынын және Еуропада 38 млн мұсылман өмір сүретіні жөніндегі дәйектер беріліп, оқырмандарды өте қызықты сандық және сапалыжаңалықтармен сусындатқан және қазақ тіліндегі ғылыми айналымға жаңа деректер қосатын дәйектермен байыта түскен.


Ана тілімізде ұлттық болмысымызға жақын жазылған Әділ Құрманжанұлы Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» атты сараптамалық туындысы халықаралық қатынастар мәселесі бойынша шетелдік ғалымдар мен танымал аналитиктердің ағылшын тіліндегі көзқарастарының, қызықты да өзіндік стилімен ерекше­ліктерін көрсететін бұл еңбектердің са­раптаушылар, дипломаттар және мем­лекеттік қызметкерлер үшін де таптыр­майтын қазына.


Осы орайда айта кетер жайт халық­аралық қатынастар мамандығы студент­тері үшін кітаптың санын көбейтіп және электрондық нұсқасын заманның тала­бына сай шығару кажеттілігі. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында осы кітап негізінде арнайы курс оқыса артық болмайды.

 

Авторы: Мақтағали Бектемесов,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры

13.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz