қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
27.06.2018

Қос академик немесе ұлағатты ұстаздарымыздың өмірлік ұстанымдары жайлы бір үзік сыр...

 


 

Ұстаздық тағылым мен ғылым жолына бар ғұмырын бағыштаған, адамгершілік бейнесі, парасаттылығы мен дарабоздығы өзара астасып, адам жанына жылылық пен адами құндылықты дарытатын осы бір қарапайымдығы мен бекзаттығы қатар үндескен аяулы да қадірменді ұстаздарымыз - Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академиктері - филология ғылымының докторы, қазақ әдебиетінің бас сардары және география ғылымының докторы, ғұлама ғалымдар, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлық иегерлері, мемлекет қайраткерлері қатарына дейін көтерілген Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованың ұстаздық ғұмырнамасындағы өзім куә болған кейбір деректерден сыр шертпекпін...

 

Менің өмірімде өлшеусіз із қалдырған, есімдерін асқан ілтипатпен атайтын осы алып тұлғалармен таныстық сонау мектеп қабырғасынан бастау алған болатын. Мен өзім әдебиетке бір табан жақын болып өскендіктен, Серік Смайылұлының «Қазақ әдебиеті» оқулығын жан-жүрегіммен сүйіп оқитынмын. Сондай-ақ, сол кездегі басылымдарда жарық көрген түрлі тақырыптардағы еңбектерімен танысып, олар біздің әдебиет үйірмесіндегі қызу пікірталастарымызға талай рет арқау болған еді...


Ал, Абай атындағы ҚазПИ-дің жаратылыстану-география факультетіне оқуға түскен кезде, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі болып отырған, бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнап келе жатқан құрметті ұстаз, осы оқу ордасының түлегі, әрі оның аса көрнекті де талантты өкілдерінің арасынан айрықша дараланып көзге түсетін апайым - Әлия Сәрсенқызының шәкірті атандым. Міне, осы уақыттан бастап, қырық жыл шамасында, осы ғылым мен білім кеңістігіндегі қос алыппен қатар жүру, олардың ақыл-кеңесін тыңдау, тіпті, олармен бірге түрлі жұмыстарды атқару бақытына ие болдым.


Адамды танып-білу үшін бір пұт тұз жейтіндей уақыттың өзі аздық етеді деп айтпай ма, бүгінгі таңда ғылым мен білімнің биік шыңына көтеріліп, халқына қызмет жасау мен мансаптың талай белестерін артта қалдырып, ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің мәуелі жемістерінің тәтті дәмін сезініп отырған қос академиктің өмірлік ұстанымдарының мен өзім танып-білген қырларынан аздаған сыр шертейін.


Ең алдымен, абыз ағайымыз бен аяулы ұстазымыздың ерекше атап өтетін басты қасиеттерінің бірі - адамгершіліктің ақ туын әркез жоғары ұстауы. Олар өздері араласатын ортаның танымал азаматтары мен қарапайым шәкірттерін бір-бірінен бөліп, алалап көрген емес. Өткен жылдар ішінде қасиетті шаңырақтың құрметті қонақтары болған қазақтың қаншама біртуар азаматтарымен бір дастархан басында дәмдес болып, олардың салихалы сұқбаттарын тыңдауға нәсіп етіпті. Өмірдің «тар жол, тайғақ кешулерін» бастан өткізгендеріне қарамастан, өз бойларында бекзаттық пен қарапайымдылықтың, асқақтық пен азаматтықтың, адамгершілік пен сырбаздықтың керемет үлгілерін сақтап қалған, қазақи қонақжайлылық пен тектіліктің таразы басын тең ұстай білетін осындай ортада жүріп, өзіме өмірлік тағылым алдым. Адамдармен араласу, өзара сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ілім-білім алуға деген құштарлық, қызмет бабы мен отбасындағы қарым-қатынасты дұрыс жолға қою және де басқа көптеген күнделікті өмірде туындайтын мәселелерге қатысты қаншама тәжірибе жинақтадым десеңізші...


Қазақ ғылымының қос бәйтерегі атанған Серік Смайылұлы мен Әлия Сәрсенқызының атап айтатын басты қасиеттерінің бірі де бірегейі - олардың ғылымға деген адалдығы, талант пен зерттеушілік қабілеттерінің үйлесімділігі. Екі ғалым да ілім-білім сала­сындағы зерттеу аясы да, ауқымы да шектеусіз, көкжиегі де кең, қарымы мен қайтарымы өлшеусіз ғылым салаларында тоқтаусыз, сан-салалы еңбек жасап келеді. С.Қирабаев ұлттық әдебиетіміздің тарихын зерттеуші ғұлама ғалым (оған дәлел ретінде «Революция және әдебиет», «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті», «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері», «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» және ғалым қатысқан 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», «ХХІ ғасыр әдебиеті» деп аталатын ұжымдық іргелі еңбектерді айтуға болады), ал, Ә.Бейсенованың бүкіл ғылыми еңбектерінің негізгі өзегі - Қазақстан табиғатының зерттелу тарихына арналған. Қос ғалым бұл салада да өзара үндестік тауып, өмірлік ұстанымдарының қазақ ғылымының өркендеуіне арналғанын, осы ізденістерін болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыруға бағыттағандарын тағы да бір рет дәлелдеді.


Серік Смайылұлы - әдебиеттің ең қиын да жауапты, әдеби шығармалардың мазмұны мен құрылымында кеткен «әттеген-айлардың» болмыс-бейнесін ашып көрсететін сын саласындағы ащы шындықты шымбайға батпайтындай, жүректі сыздатпайтындай, ұшқыр да отты тілмен айызын қандыра айтып, ұлттық әдебиетіміздің көк туының асқақ желбіреуіне себепші болып отыр. Бүгінгі таңда сол еңбектің өтеуі болып саналатын сын саңлағы, қазақ әдебиетінің сардары деген құрметті атқа ие болуы - соның айқын дәлелі. Сондықтан да, тек Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет ұжымының ғана мақтанышы емес, исі қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналуы заңды нәрсе екені даусыз мәселе. Серік Смайылұлының осы кезге дейінгі атқарған өлшеусіз ғылыми-педагогикалық еңбегі ұлттық әдебиетімізді биік белестерге көтерген болса, сын саласындағы зерттеулері мен тәлім-тәжірибесі өз алдына бір мектеп дәрежесіне жетіп отыр. 70-жылға жуық уақыт аралығындағы үздіксіз еңбек пен тынымсыз іздену нәтижесінде ғалымның қаламынан туындаған ғылыми, әдеби-сын бағытындағы 700-ден астам еңбектер жарық көріп отыр. Олардың 40-тан астамы монографиялар мен зерттеу кітаптары, 20-дан астам оқулықтар мен оқу құралдары. Бүгінде Абай атындағы ҚазақҰлттық педагогикалық университетінің Филология институты С.С.Қирабаев атымен аталатын қазақ әдебиеті кафедрасын ашуы осы еңбектердің нәтижесінің бағаланғаны болар, енді осы институт ұжымы ұлағатты ғалым-ұстаздың сара жолын сыншылардың жаңа буындарын дайындау жолында басшылыққа алатынына сеніміміз кәміл. Ал, ардақты да аяулы ұстазымыз Әлия Сәрсенқызы - география ғылымының сан-салалы тармақтарында қалам тартып, тоқтаусыз, үздіксіз ізденіс жасаумен келеді. Әсіресе, география ғылымының адамзат қоғамын дамыту мен оның шаруашылық әрекеттерін оңтайлы басқаруына қатысты күрделі мәселелерді шешу мақсатындағы сұрақтарға жауап іздеп, оның небір тиімді шешімдерін тауып, оны жүзеге асыру барысында іргелі зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Сондай-ақ, Қазақстан табиғатының зерттелу тарихына қатысты және қазақ жерінің экологиялық жай-күйін талдау және оны жақсартудың тиімді жолдарын ұсыну бағытындағы еңбектерінің ауқымы да, айтары да, қолданбалы маңызы да өте зор. Әлия Сәрсенқызы жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарды өзара байланыстырып отырған география ғылымымен қатар, экология, экономика, туризм сияқты, географиямен біте қайнасқан ғылым салаларының дамуына да өзіндік үлесін қосып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында ғалым-ұстаз Қазақстан деңгейінен шығып, осы саладағы ТМД, тіпті, әлемдік масштабтағы озық ойлы ғалымдармен тығыз байланысты, орнатып келеді. География мен экология ғылымдарының тоғысындағы зерттеулері өз алдына бір төбе, Қазақстан экологиясын зерттеу саласындағы осындай құнды еңбектері үшін Американың биографиялық институты Ә.Бейсенованы «2006 жыл әйелі» деп танып, арнаулы төс белгімен марапаттауы, бұл ізденістердің қаншалықты құнды әрі қажетті екендігін пеш етеді.


С.Қирабаев өзінің турашыл мінезімен және шыншықты бетке айтатын әділдігімен, әсіресе, бүгінгі қоғамда кең етек алып отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес жағдайында, қоғам үшін аса қажетті, өмірі үлгі-өнеге болатын, ардың ісін алға қойған, кіршіксіз таза тұлға болып отыр. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында директор, Абай атындағы ҚазПИ-де ғылыми істер жөніндегі проректор, факультет деканы, кафедра меңгеруші болып істеген кездерінде, қандай қызмет орнында отырғанына қарамастан, Серік Смайылұлы шалғай ауылдан келіп, оқу орнын үздік бітірген жастарды жұмысқа шақырып, ғылымға баулып, олардың өмірдегі өз орындарын тауып, халқына адал қызмет жасауына себепкер бола білді.


Ғалымның жетекшілігімен ғылым жолына түсіп, ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары болып, бүгінде қазақ әдебиетінің сырбаздары мен сарбаздары болып жүрген замандастарымыз қаншама десеңізші... Сонымен қатар, Серік Смайылұлы асқан батылдықпен репрессияға ұшыраған қаламгерлер мұрасын насихаттаумен, оларды тиянақты зерттеумен айналысты. Ұлттық әдебиетімізді жаңа есімдермен толықтырып, өскелең ұрпағымызды ұлыларымызды ұлықтай білуге үйретті. Мәдени мұрамыздың толыққанды сипат алуына бар болмысымен қызмет жасады. Сол сияқты, апайымыз Ә.Бейсенова да бұл бағыттағы жұмыстардан қалыс қалған жоқ. Іскер басшы, қолынан қандай шаруаның болса да келетінін, кез-келген қиындыққа тосылмастан, қасқайып тұрып, қарсы әрекет жасайтынын, өр мінезді, ержүрек азамат екенін дәлелдеумен келеді.


Жаратылыстану-география факуль­тетінің деканы болып жұмыс жасаған жылдары еліміздің болашағын жарқын ету оның табиғат жағдайының жақсы сақталуына байланысты екенін алыстан болжаған ғалым, туған жеріміздің экологиялық жағдайын жақсарту оның экономикалық-әлеуметтік жағдайының жақсаруымен тығыз байланысты, ал, ол жағдайдың жақсаруы туристік-рекреациялық саланы дамытуға тікелей қатысы бар екенін түсініп, алдына үлкен мақсат қояды. Жолында кездескен түрлі кедергілерге қарамастан, осы мақсатқа жету үшін, ең алдымен, сол саланы көтеруге қажетті маман даярлау керек деп біледі. ТМД кеңістігіндегі алғашқылардың бірі болып, экология мен туризм салалары үшін мамандар дайындау ісіне бел шешіп кіріседі. Ә.Бейсенованың бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен Абай атындағы білім ордасында 1990 жылдардың басында «Туризм», «Экология», «Халықаралық туризм» мамандықтары ашылып, «География» мамандығы шеңберінде «Гео­графия және экология», «География және экономика негіздері», «География және туризм» қосымша мамандандырулары ашылады. Ә.Бейсенованың тікелей жетекшілігімен олардың негіздемелік құжаттары, оқу жоспарлары мен типтік бағдарламалары жасалады. Бүгінде осы бағыттағы мамандықтардан білім алған мыңдаған студенттер еліміздің түкпір-түкпірінде білім беру, экологиялық мониторинг жүргізу, экотуризм салаларын өркендетуге өз үлестерін қосып келеді. Ол мамандарға толыққанды, жан-жақты білім берудегі Әлия Сәрсенқызының еңбегін біз аса үлкен мақтанышпен, ауыз толтырып айта аламыз.


Әлия Сәрсенқызының алдынан тәлім алған қаншама жас мамандар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жауапты қызметтер атқарып жүрсе, ал, олардың басым бөлігі білім беру саласында ұстаздық міндеттерін мүлтіксіз атқарып келеді. Озат оқуы мен қоғамдық жұмыста белсенділік танытқан түлектерді ұстаздық қызметке тарту, аспирантура мен тағлымдамаларға жолдамалар беру сияқты қолайлы жағдайлар жасап, үнемі көмек қолын созып отырады. Абай атындағы ҚазҰПУ-ң «Жаратылыстану және география» институтында қызмет жасайтын географ-мамандардың барлығы дерлік Әлия Сәрсенқызының шәкірттері. Апайымыз оларға бағыт-бағдар беріп, ғылымға бағыттап, өзінің қамқорлығына алып, бүгінгідей биікке көтерілуіне ықпал жасаудан жалыққан емес. Апайымыздың аялы алақаны мен кеңпейілді құшағы, күнделікті беріп отыратын ақыл-кеңестері бізді әрқашан қанаттандырып отырады.


Ғылымдағы шешімін таппаған проблема болсын, қоғамдағы түйткілді мәселе болсын, ұстазымыз тереңнен ойлап, тың шешімдер ұсынып отырады. Кейде апайымыздың түйдек-түйдек, ағыл-тегіл ағылып жатқан ойлары мен ұсыныстарын жазып алуға үлгермей жатамыз. Өмірге деген көзқарасы қашан да уақыттан озық жүретін Әлия апайымыздың осы бір ерекше қасиетіне қашан да таңқалумен, сүйсінумен, өзімізге өмірлік мұрат, үлгі-өнеге тұтумен келеміз. Біздер осындай көреген, парасатты, өмірден көргені мен түйгені мол асыл адамның біздің қасымызда жүргеніне әрқашан, біздің ұстазымыз болғанына шын жүрегімізден қуаныштымыз.


Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Абай атындағы ҚазПИ-дің жаратылыс­тану-география факультетін бітіруші түлектердің бірі ретінде өз басым Әлия Сәрсенқызынан тікелей тәлім-тәрбие алдым. Апайымыз студенттерге де аса жоғары талап қоюымен ерекшеленіп тұратын. Әсіресе, гео­гра­фияның тектоника, гидрология, клима­тология, геоморфология, геоботаника, зоогеография, палеогеография сияқты күрделі салаларымен қатар, тарихи география, геология, қазба байлықтардың қалыптасуы мен таралу заңдылықтарының қыр-сырын терең білуге үйретті. Осы ерекшелігіне байланыс­ты апайымызға студенттер «Тектоник апай» деп ат қойған болатын. Алайда, тал бойында бір міні жоқ әсем келбетімен, үйлесімді де сәнді киім киісімен, сырттай қатал болып көрінгісі келгенімен, қазақи биязылығы айқын көрінетін жібектей мінезімен, әуезді дауысымен, жалпы айтқанда, бар болмысымен Әлия апайымыз шәкірттерін өзінің маңайына баурай білетін. Қолданбалы мәні бар топонимика, рекреациялық және инженерлік география бағыттарынан ха­бардар болуға, географияның басты құралы - картографиялық нысандармен, топографиялық түсірілімдермен және план-карталармен жұмыс істей білуге, ғылыми ізденістермен айналысуға бейімдеп отыратын. Географиялық, өлкетанушылық бағыттағы үйірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп, маусымдық және алыс кешенді оқу-далалық практикаларында тау мен тасқа студенттермен қатар жарыса шығып, экспедициялық жұмыстарға бағыт-бағдар беретін.


Ә.Бейсенованың өмірлік тәжірибесі мен оның білім нәріменен сусындату, оқу-әдістемелік ізденістерді тереңдету бағытындағы еңбектері де сол кезеңдегі жас ізденушілердің шығармашылық көзқарасын қалыптастыруға өзіндік ықпалын тигізді. Сонымен қатар, көп қырлы ғалым-апайымыз тәлім-тәрбие жұмысына да аса үлкен мән беретін. Біздің факультетімізде ұзақ жылдар бойы тұрақты жұмыс жасаған, Әлия апайымыздың басшылығымен педагогика кафедрасының оқытушылары бірлесе жүргізген, өзім белсенді мүшесі болған «Кел қыздар, сырласайық» клубының жұмысынан жақсы білемін. Осы клуб жұмысы аясында, Әлия апамыздың ұйымдастыруымен еліміздің Шара Жиенқұлова, Бибігүл Төлегенова, Нәйлә Базанова, Зылиха Тамшыбаева, Гүлфайрус Исмайлова, Әмина Өмірзақова, Сәбира Майқанова, Фариза Оңғарсынова, Жәния Әубәкірова сынды біртуар талантты қыздарымен кездесулер өткізіліп, олардың таланттарынан сусындау, сұхбаттасу құрметіне ие болдық. Бұл кездесулердің сол замандағы алыс шалғай ауылдан оқу-білім қуып келген ауыл жастары үшін қаншалықты маңызы бар екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, Наурызбай Мукитанов сынды қазақ ғалымдарымен өткізілген кездесулер жастардың бойында ғылымға деген құштарлықтың артуына, география ғылымының орны мен маңызының қаншалықты зор екенін тереңірек түсінуге себепші болды деп анық айта аламын. Есімдері мен еңбектері кеңінен танымал мұндай ғалымдармен кездесулерге Әлия Сәрсенқызының себепкер болғаны өзінен-өзі түсінікті.


Серік Смайылұлы - қазақ қоғамының қайраткері, жоғарыда аталған ресми орындағы жұмыстарынан басқа ғалым-ұстаз еліміз үшін мәні мен маңызы зор көптеген қоғамдық қызметтерді де мүлтіксіз атқарды. КСРО Жоғарғы және орта арнаулы білім министрлігі жанындағы Жоғары Аттестациялық комиссиясының филология және өнертану саласы бойынша сараптамалық комиссия мүшесі, Педагогикалық қоғамның республикалық кеңесінің төрағасы, Әдебиет, өнер және сәулет салалары бойынша берілетін Мемлекеттік сыйлық беру комитетінің және президиум мүшесі, Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институты жанындағы кеңестердің төрағасы бола жүріп, әдебиет пен өнер саласындағы ғылыми еңбектердің әділ саралануына өз үлесін қосты. Сондай-ақ, Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық, Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерей тойлары комиссиясының құрамына кіріп, осы мерей тойлардың жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысты. Осындай ауқымды еңбектерінің негізінде С.Қирабаев мемлекет тарапынан Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, Отан, ІІ дәрежелі Барыс ордендерімен, көптеген медальдармен, айрықша төсбелгілермен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ресей Білім академиясы (1990) мен Қазақстан Ғылым академиясының (2005) толық мүшесі болып сайланған. 2005 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.


Көп жылғы еңбегінің нәтижесі бойынша, Ә.Бейсенова бүгінде ҚР ҰҒА-ның академигі (2003), Қазақстанның «Экология» Халық академиясының академигі (1995), Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі (1996), Қазақстанның білім академиясының академигі (2005), Қазақстан жоғары мектебіне еңбегі сіңген қызметкер (1987) және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері (2014) атанды. Сонымен қатар, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты (2001) және «Қазақстан Республикасының атластық картографиялануы» саласындағы ғылыми жұмыстар топтамасы үшін ҚР ғылым мен техника саласындағы 2013 жылғы мемлекеттік сыйлығының иегері болып отыр. Бүгінде Ә.Бейсенованың ғылыми еңбектерінің жалпы саны 600-дей болса, оның ішінде монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдарының саны 70-тен асады. Оның басқаруымен «Экологиялық тұрақсыз аудандардың ландшафты мен олардың ресурстық мүмкіндігін бағалау», «Қазақстан Республикасы тұрақты дамуының географиялық негіздері», «Еліміздегі моноқалалар дамуының экологиялық-географиялық аспектілері» атты іргелі зерттеулер жүргізілді. 2006 жылы ҚР айнала қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Қазақстан Республикасы ғылым және білім министрлігінің География институтымен бірлесіп, Ә.Бейсенованың қатысуымен үш томдық Қазақстанның Ұлттық атласы жасалынды.


Ә. Бейсенованың ғылыми-педагогтік қызметінің үлкен бір саласы - Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен орта мектептер үшін оқулықтар мен көмекші құралдарын, бағдарламалар мен оқу-әдістемелік кешендер жасау және оны шығару ісімен байланысты. Аударма ісімен айналысып, оқулықтар, әртүрлі бағдарламалар мен әдістемелік құралдарды да дайындаған. 2000 жылдан бастап, Ә.Бейсенованың басшылығымен авторлық топ құрылып, орта мектептерге арналған жаңа буын оқулықтарын жазуға кіріседі. Жалпы білім беретін орта мектептер үшін «Материктер мен мұхиттардың географиясы» (VII сынып), «Қазақстанның физикалық географиясы» (VII сынып), «Экология» (IX сынып), «География. Дүние жүзіне жалпы шолу және ТМД елдері» (X сынып), «География. Дүние жүзіне аймақтық шолу» (XI сынып) атты жаңа буын оқулықтары мен оқу құралдары жазылды және олар бірнеше рет қайта басылып, бүгінгі таңда да жаппай қолданыста. Соңғы 20 жыл ішінде төл оқулықтарды дайындау барысында Әлия Сәрсенқызымен тығыз байланыста жұмыс жасау барысында, ұстаз тұлғасының жаңа қырларын аштым десем де болады. Оқулықтардың құрылымы мен мазмұнын, бағдарламаға сәйкестігін сақтау қажеттігін басты назарда ұстап, ғылымның, өз елінің нағыз жанашыры екеніне тағы да куә болдым. Елін, жерін, халқын жан-тәнімен сүйетіндігіне, оның болашағына қатты алаңдайтынына көз жеткіздім. Әлия Сәрсенқызы еліміздің тарихында бірінші рет «Қазақстанның физикалық географиясы», «Экология» сияқты оқу курстарынан электронды оқулықтар жасауға тікелей атсалысты және бұл оқулықтар да қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде басылым көрген. «Қазақстанның географиялық атласы» құрастырылды. 2002 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланған атлас мектеп оқушылары үшін ғана емес, жалпы Қазақстан табиғатын білуге құштар көпшілік қауым үшін зор көмек болғаны даусыз.


2000 жылдардан бастап, бүгінгі күні үлкен сұранысқа ие болып отырған жаратылыстану ғылымдары бойынша «Қазақша-орысша-ағылшынша-түрікше экологиялық түсіндірме сөздік» пен «Жер туралы техникалық ғылымдар терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша сөздігін жасаудың негізгі проблемалары» еңбектері үш тұғырлы тіл саясаты мәселесін жүзеге асыруда үлкен көмекші құрал міндетін атқарып отыр.


Ә.Бейсенова үнемі қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып келеді. Ол Бүкілодақтық Географиялық қоғамның тексеру комиссиясының мүшесі, Қазақстан Географиялық қоғамының төралқа мүшесі, Қазақ Энциклопедиясының география жөніндегі редакциялық кеңесінің мүшесі, Ұлттық Білім Академиясының география жөніндегі оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметтерін атқару барысында география ғылымының кең өріс алуына барынша жағдай жасады. 1998-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Отбасы және әйелдер істері жөніндегі» ұлттық комиссиясының мүшесі болып жүрген кездерінде, осындай еліміз үшін аса маңызды істерге біздерді де тартып, ел мүддесін ойлаудың әрбір ел азаматына тікелей қатысы бар екенін сездіруге күш салды. Қазір осы комиссияның Алматы қалалық бөлімінің мүшесі бола жүріп, осы бағыттағы іс-шаралардан ешуақытта қол үзген емес. Ұлт жоспарынан туындайтын бас­ты тапсырмалардың бірі - елімізде жаңаша білім беру жүйесін қалыптастыру. Осы орайда білім беру жүйесінің мән-мазмұнын жаңғырту, оқу бағдарламаларын сыни ойлау қабілеттілігі мен өз бетінше іздену дағдыларын дамытуға бағыттау мәселесінде де да академик Ә.Бейсенова басқаратын университетіміздегі «География және экология ғылыми-әдістемелік орталығы» өзінің жемісті жұмыстарын жалғастыруда. Осы әдістемелік орталық республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып, «Жаратылыстану ғылымдары бойынша білімді жаңартылған мазмұн жағдайында оқыту» мазмұнымен география, биология, химия және экология пәндері бойынша мектеп мұғалімдеріне арналған оқу семинарын тұрақты өткізіп келеді. Ол оқу семинарларында «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесін басшылыққа ала отырып, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жанынан құрылған «Педагогикалық шеберлік орталығынан» арнайы дайындықтан өткен университетіміздің белгілі оқытушы-профессорлар құрамы орталықпенен бірлесе дайындалған арнайы бағдарлама негізінде дәрістер оқып, қолданбалы тұрғыдағы сабақтар мен тренингтер жүргізіп, тәжірибе алмасу бағытындағы іс-шаралар өткізіп отырады. Әрине, бұл игі істің ұйытқысы да, әрі ұйымдастырушысы да аталмыш орталықтың жетекшісі - Әлия Сәрсенқызы екені айтпаса да түсінікті.


Ә.Бейсенованың ғылыми-педагогтік, қоғамдық еңбегі үкімет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше рет мадақталған, «Еңбек ардагері» (1987), Ыбырай Алтынсарин (1988), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалімен марапатталған. Сонымен қатар «КСРО Жоғары білім саласындағы үздік табыстары үшін» (1983), «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» (1980), «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері» (1987), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2014) сияқты құрметті атақтарды иеленген. «Құрмет» (1996), «Парасат» ордендерімен (2007), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталған. Әлия Сәрсенқызының ғылыми-шығармашылық, қоғамдық істері Қазақстан Республикасынан сырт елдерге де мәлім. Ол Мәскеу, Санкт-Петербург, Баку, Ташкент, Бішкек, Киев, Қазан қалаларында өткен ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасаған. Сонымен қатар, алыс шетелдерде: Ұлыбритания, Египет, Сирия, Ливан, Грекия, Түркия, АҚШ, Италия және тағы басқа мемлекеттерде болып, географияның теориялық және әдіснамалық мәселелері жайлы өзіндік ой-пікірлерін шетелдік ғалымдар арасында кеңінен талқыға салған. Білім-ғылым, ізденіс саласында осындай толайым табысқа жеткен қос заңғар өзіндік әдет-ғұрпы, дәстүрі бар берекелі де мерекелі шаңырақтың қазыналы қариялары болып табылады. Ата-ана мен балалар арасындағы ұрпақ сабақтастығы қазақи дәстүр мен бүгінгі заманауи қатынастардың өзіндік үйлесімділігімен ерекшеленеді. Серік ағайымыз тумысынан сырбаз адам болғандықтан, жан баласының көңілін қалдырмайтын жұмсақтығымен, алайда, өзіне тән кірпияз, кербездігімен дараланып тұрады. Ол кісінің алдында бір сөз бастаудың өзі аса қиын шаруа, қай жерімнен бір кілтипан шығып қала ма деп, қарадай қысылып тұрасың. Алайда, табиғи жұмсақ мінезімен біраз уақыттан кейін, сені өзіне бау­рап алып, арқаны қалай кеңге салғаныңды өзің де байқамай қаласың.


Әлия Сәрсенқызы аналық ақ жүрегімен, ыстық ықыласымен келген адамды әп-сәтте өзіне үйіріп алады. Қашан да дастарханы жаюлы, аста-төк ас мәзірі дайын тұрғаны. Сан салалы жұмыстың ортасында жүрген апайымыздың осының бәрін қай кезде жасап үлгергеніне қайран қалатынмын. Үй-ішінің сән-салтанатын келтіріп, жиһаздарға қажетті жапқыштарды, терезе мен есік перделерін өз қолымен әсемдеп тігетін өнері де өз алдына бір төбе! Бұл от басында ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, ана мен баланың өзара жарасымдылығы, әзіл-қалжыңы қатар жүретін мамыражай көңіл күйге құрылған. Тіпті, өзіміздің де апайымызға еркелеп алатын кездеріміз аз емес.


Бүгінде осындай тынымсыз еңбек пен талмас талаптың арқасында тоқсандайын асқар шыңға шыққан ағайымызға, осы белеске қадам жасаған апайымызға зор денсаулық, толайым табыс, еңбегіне жеміс, отбасының береке-бірлігін тілеймін. Сөзі мен ісі үйлесімді, жоғары сый-құрметке лайық, халықтық мінез бойына сіңген, жастарға өсиет-өнеге айта білетін, парасатты абыз-қария дәрежесіне жетіп, ортамыздағы дара тұлға болып отырған - Серік Смайылұлына және әр заманның өзіне тән құндылықтарын дәл бағамдай білетін, жас ұрпақтың бойына адалдық, тазалық, ата-ана дәстүрін құрметтеуге, білім алуға деген құштарлық сезімін дарыта білген, Отанды сүю, табиғатты аялау сияқты тамаша қасиеттерді дарыта білген ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері, абзал ана - Әлия Сәрсенқызының абыройының асқақтай беруіне шын жүректен тілектеспін.

 

 

Авторы: Салтанат Әбілмәжінқызы,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
«Жаратылыстану және география» институтының доценті

27.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: akikat.kazgazeta.kz