қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
28.06.2018

Гуманитарлық білімнің жаңа белгісі

 


 

Жақында Алматы университетінде «100 жаңа оқулық: гуманитарлық білімнің жаңа белгісі» атты дөңгелек үстел өтті. Оны университет ректоры, химия ғылымының докторы, ҚР ҰҒА құрметті академигі М.Ермағанбетов ашып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған 18 кітаптың қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөліне тоқталды.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дің саясаттану және әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Р.Әбсаттаров саясаттану мен әлеуметтану пәндеріне қатысты аударылған оқулықтар жөнінде сөз сөйледі. Батыстан заманнан қалмау үшін үйренетін дүниелер көп екенін айта келе, саясаттану ғылымының бастау бұлағы Шығыста жатқанын, шығыс ойшылдарының еңбектерін ұмытпау керектігін еске салды.

 

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, экономика ғылымының докторы Ұ.Искаков экономикаға қатысты аударылған кітаптар нарықтық қоғамға қатысты дүниелерді қарастырғанын, экономиканың теориялық жағы көбірек қозғалғанын атап өтіп, еңбектің басты құндылығы тілінің қарапайымдылығында деген пікір білдірді.

 

Философияға қатысты аударылған кітаптар жайлы Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары, философия ғылымының докторы С.Нұрмұратов аударылған Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты кітабына пікір бергенін, батыс оқулықтары негізінен диалогқа құрылатынын, сондықтан да оқылуы, түсінуі жеңіл екенін атап өтті.

 

 

Шара барысында философия ғылымының докторы А.Артемьев, педагогика ғылымының кандидаты Ж.Әбішева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы Г.Пірәлі және т.б. сөз сөйлеп, ой-пікірлерімен бөлісті. Аударма кез келген қоғамдық дамудың көшінде бар тәжірибе екенін атап өтіп, Алаш қайраткерлерінің алдында да әліпби мәселесі, жаңа оқулық құрастыру, аударма мәселесі күн тәртібінде тұрғанын, олардың барлығы дерлік оқулық аударумен айналысқанын тілге тиек етті.

 

Мемлекеттік тілге аударылған кітаптар мен оқу құралдарын насихаттауды мақсат тұтқан шарада «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына арналған бейнебаян көрсетіліп, аталған университеттің 20 жылдық мерейтойына орай алғаш жарық көрген «Алматы университетінің хабаршысы» ғылыми журналының таныстырылымы өтті.

 

Авторы: Ләззат Демеуова,

Алматы университетінің оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры,

педагогика ғылымының кандидаты

28.06.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz