Главная
Новости
30.06.2018 Ғалымға - құрмет
2018 жылдың 28 маусымы күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Ғылыми кеңесінің кеңейтілген мәжілісі еліміздің жоғары білімі мен ғылымының белгілі ұйымдастырушыларының бірі, ғалым, педагог, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, халықаралық экономикалық Еуразия академиясының академигі, Алтынсарин атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марат Алмасайұлы Нүриевтің 80 жасқа толуына арналды.
Мәжілісті ашқан университет ректоры Такир Балықбаев мерейтой иесінің ғылыми-педагогикалық қызметіне шолу жасап, мерейтой иесіне шапан жабумен қатар құттықтау хатын тапсырды.
Профессор Марат Нүриевтің өмірі мен қызметі туралы университеттің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева баяндама жасады. Академиктер Серік Қирабаев, Әлия Бейсенова, Өскенбай Мәдиев мерейтой иесінің ғалым-педагог және қайраткерлік тұлғасына байланысты көптеген өнегелі сөздерін айтты. Мәжіліс барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтың, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова мен Динар Нүкетаеваның, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболовтың құттықтаулары оқылды.
Марат Нүриев 2009 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру» ғылыми орталығының директоры қызметін атқарып келеді. Мұнда ұлттық тәрбие мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру мәселелерінің ғылыми негіздерін қалыптастырып, ұлттық құндылықтар сияқты рухани қасиеттерді жас ұрпақ бойына дарыту және оларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу жолында еңбек етуде.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім
|