Главная /
СМИ о нас
04.07.2018 Ана тілін, атажұртын әспеттеген
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығы аясында көп жұмыс атқарылды. Соның қатарында Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйытқы болуымен 2004 жылы шетелдерде тұратын қазақ диаспорасы балаларының арасынан ана тілін білетіндерге арналған «Қазақстан - атажұртым, қасиетім - ана тілім» атты халықаралық олимпиада өткізіліп келеді. Сол игі іс биыл Қарағанды қаласында өтті.
Оған 6 мемлекеттен 60-қа жуық оқушы қатысты. Олимпиаданың ашылу рәсімінде қазылар алқасының төрағасы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы «Мемлекеттік тілдің ендігі тағдыры саған байланысты, жас ұрпақ!» деп жастарға салмақ сала тіл қатып үмітін үкілеп келген шетелдік бауырлардың ұл-қызына сөз арнап, «Елім, жерім, атажұртым, тілім деп алға ұмтылған сендердей құлдыраңдаған құлындарыма, сүй- кімді боталарыма дән ризамын» деді. Үміткерлер бірінші кезеңде шығарма жазып, одан кейін ауызша тест тапсырып, өнерлілері туған елге деген сағынышын өлеңмен, әнмен жеткізді.
Оқушылар сынақтан кейін өңірдің киелі жерлеріне саяхаттады. Нәубет жылдарынан мол дерек беретін КарЛаг мұражайын аралап көрді. С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында Р.Отарбаевтың «Мұқағали-Фариза» атты шығармасы бойынша қойылған қойылымды тамашалады.
Қорытындысында, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай және Ресей Федерациясының Самара, Омбы, Алтай өлкесінен келген оқушылар әртүрлі аталымдар бойынша марапатталды. Сондай-ақ бес оқушы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, бір талапкер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры тағайындаған гранттарын алды. Олимпиаданың жабылу сәтінде Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Е.Иманғалиев облыс әкімі Ерлан Қошановтың шеттегі ағайындардың балалары тек қана әдебиет пен тіл маманы болып қоймай, техникалық мамандықты да меңгеру керектігін ескеріп, Қарағанды техникалық университетіне екі грант бөлетінін, Н.Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа 9-10 сынып оқушыларын келісімшартпен білімін жалғастыруға мүмкіндік туғызатынын жеткізді. Он бес жыл қатарынан өтіп келе жатқан олимпиадаға мыңнан аса оқушы қатысқанын, 130-ы жоғары оқу орындарын бітіріп, еліне қызмет етіп жүр. Шетелден келген қандастардың өтінішін айта кетер болсақ, әсіресе көршілес Ресейдегі отандастарымыз оқулық пен мұғалімдердің жетіспеушілігі барын айтып, Қазақ елінен келген оқулықтар тек қазақ сыныптарына арналғанын, бұл көп жағдайда қиындық туғызатынын, сондықтан орыс сыныптарына арналған қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты құралдар болса деген тілектерін атажұрттағы азаматтар ескерсе екен дейді. Бір құптарлық игі іс Омбы қаласындағы №130 мектепте қазақ тілі шет тілі ретінде оқытыла бастапты. Ал Иран елінен келген Аида Көрпе аталған елде 5 мыңнан аса қазақтың өмір кешіп жатқанын айтты.
«Осындай байтақ елге ата-анам бұрын неге әкелмеген, енді қимай аттанайын деп тұрмын» деген сөзі жүректі шымырлатты. Халықаралық олимпиаданы ұйымдастыруға «Сарыарқа - Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы, Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернаттың ұжымы үлкен үлес қосты.
Авторы: Сүлеймен Мәмет 04.07.2018 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz
|