Университет бітіргеніне - жарты ғасыр
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Математика, физика және информатика институтын 50 жыл бұрын бітірген түлектерімен кездесу өтті.
Университеттің жарты ғасыр бұрын бітірген 25 түлегі мен ұлағатты ұстаздары қара шаңырақтағы басқосуына бірінші проректор Мақтағали Бектемесов, Математика, физика және информатика институтының директоры Мұрат Бекпатшаев,Түлектер қауымдастығының атқарушы директоры Болатбек Нұрбатыров қатысты.
Кездесуді құттықтау сөзімен ашқан Мақтағали Бектемесов:
«Ұшып шыққан ұяларыңызға келіп, бас қосып отырғандарыңызбен құттықтаймын, келген қадамдарыңызға гүл бітсін. Қиындығы мен қызықшылығы қатар жүретін студенттік жарқын өмірлеріңізді ҚазҰПУ-да өткердіңіздер.
Елбасы Білім және ғылым саласындағы ұстаздар мәртебесін көтеру мақсатында бірқатар жаңа міндеттер жүктегені бәрімізге мәлім. Мемлекет қамқорлығы арта түскен сайын ұстаздар қауымына да, білім алып жүрген студенттерге де жауапкершілік жоғарылай бермек. Ректор Такир Балықбаевтың бастамасымен университетіміздің дамыту стратегиясын жүзеге асыру жолында ауқымды және нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Өйткені алдағы алынуға тиіс асқардың деңгейі тым жоғары. Биыл ұлттық педагогикалық оқу орындарының көшбасшысы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойы. Осы 90 жылдық тарихы бар университетіміздің түлектері еліміздің даму жолына, ағарту ісіне өз үлестерін қосуда, әлі де қосатынына сенімдімін», - деді.
Кездесудің құрметті қонақтары, түлектердің ұстаздары педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, белгілі әдіскер, математик-ғалым Советбай Елубаев, құрметті ұстаз Нұрдаулет Майкотов тарихы терең, еліміздің тұңғыш оқу орнында атқарған қызметтеріндегі естеліктерімен бөлісіп, университеттің көркеюіне, жетістіктерге жетіп, тек биіктен көрінуіне тілектес екендерін айтты.
Сөз кезегін алған университет түлектері, топ белсенділері болған Кәден Бопаев (ҚазПИ-дің тарихындағы екінші физика-математика ғылымдарының докторы, профессор), Мұратбек Абылхасым, Мерғали Қабаев өз тараптарынан университеттің 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, 1964-1968 оқу жылдарындағы өз естеліктерімен бөлісті. «Бұл оқу орнынан алған білім іргетасымыз мықты. Студенттік шақта біз бір-бірімізге сүйеу бола білдік. Қиын кезеңдерде дұрыс жол, тура бағдар сілтеп, нағыз ғалымдықтың үлгісін көрсеткен, ғылымға қанат қақтырған ғылым және білім жолындағы жетекшілеріміз ұстаздарымызға алғысымыз шексіз, ол кісілердің алдында тағзым етеміз» деп, университет алдындағы парыздары мен жауапкершіліктерінің мол екендігін айтты.
Кездесу соңында түлектер университеттегі батыл жаңарулар мен үлкен өзгерістердің бастамашысы, ректор Такир Балықбаевқа өз аттарынан ізгі тілектерін білдіріп, осындай игі істі ұйымдастырып, университеттің өркендеуіне бар күшін салып жүрген проректор Мақтағали Бектемесовке, ұстаздарға алғысын айтып, жаңа жетістіктерге жол ашатын, біздің Тәуелсіз Отанымыздың өркендеуіне үлес қосатын жасампаз студенттер қатары көбейе берсін, ҚазҰПУ әрқашан үздіктер қатарынан орын алып, тұғырынан таймасын деген тілектерін айтты.
Түлектердің алғысы мен жылы лебізінен кейін бірінші проректор Мақтағали Бектемесов оларға естелік сыйлықтар табыс етті.
Авторы: Римма Жанбаева
20.07.2018 ж.
Ақпарат көзі: aikyn.kz