Шетелдердегі Абай орталықтары
Серік Жайлауұлы Пірәлиев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері әлемдік қауымдастыққа белсенді түрде енуде, әр түрлі тілдерге, дәстүр мен мәдениетке құрметпен қарайтын, толеранттылық саясатты берік ұстанатын парасатты елге айналып отыр.
Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы да еліміздің әлемдік білім беру қауымдастығына енуіне мүмкіндік береді. Бұл үрдіс тек дипломатиялық немесе экономикалық арналар бойынша ғана емес, сонымен қатар шет елдермен ғылыми, мәдени және білім беру байланыстарын дамыту арқылы жүзеге асырылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан Халқына Жолдауында: «Қазақ елі өткен 22 жылда қыруар іс тындырды. Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды», - деген жолдар бар.
Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы Елбасы белгілеген міндеттерді жүзеге асыра отырып, сыртқы әлеммен тиімді ғылыми және білім беру қатынастарын құруға ұмтылуда. Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын қолдай отырып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Іле педагогикалық университетінде (ҚХР) «Абай орталығы», Ханой ұлттық педагогикалық университетінде (Вьетнам Социалистік Республикасы) «Абай атындағы мәдениет және ғылым орталығы», Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Дамыту және оқытудың Қазақ-қытай инновациялық ғылыми-мәдени орталығы», Хошимин педагогикалық университетінде (Вьетнам Социалистік Республикасы) «Қазақ-вьетнам мәдени-білім беру орталығы», Эрзинжан университетінде (Түркия) «Абай атындағы мәдениет және тіл орталығы», Абай атындағы ҚазҰПУ-да Эрзинжан университетінің «Мәдени орталығы және түрік білім беру орталығы» сияқты халықаралық мәдени-білім беру және ғылыми орталықтарын ашып, олардың жұмыстарын жандандыруда.
Бұл орталықтар университеттің халықаралық беделін көтеру, бакалаврларды, магистранттарды, докторанттарды даярлау саласында ынтымақтастықты дамыту, оқытушылардың, студенттердің, магистранттар мен докторанттардың академиялық ұтқырлығын үйлестіру, бірлескен ғылыми жобаларды ұйымдастыру және ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізу, профессор-оқытушылар құрамының, студенттердің, магистранттар мен докторанттардың ғылыми еңбектерін жариялау арқылы ғылым саласындағы ынтымақтастықты күшейту, студенттерге ғылыми кеңес беру, дәрістер оқу, он-лайн сабақтарын өткізуді жүзеге асыру, Қазақстанның, Вьетнамның, Түркия мен Қытайдың мәдениеті мен дәстүрлерімен танысу және ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының мәдени мұраларын шетелдерде насихаттау, ғылыми-әдістемелік және оқу әдебиеттермен алмасу, университет кітапханалары арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатымен құрылып отыр.
Осы арада шетелдерде қазақ ғылыми-рухани орталықтарының ашылу рәсіміне қатысқан сәттерімізді есе ала кетсем артық болмас деп ойлаймын. 2012 жылы 3 мамырда Инин қаласында (ҚХР) Іле педагогикалық университеті базасында Абай орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Орталықтың ресми ашылуы барысында екі жақтың өкілдері де бұл орталық екі жақты қатынастардың, мәдени және ғылыми алмасулардың дамуына ықпал ететіндігін атап өтті. Іле педагогикалық университетінің (ҚХР) ректоры Сержан Үгібайұлы өз баяндамасында ҚХР аумағында ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған осындай халықаралық ғылыми-зерттеу оқу Орталығы алғаш рет ашылып отырғанын атап көрсетті, сонымен қатар ол Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орнымен өзара тиімді ынтымақтастықта жұмыс жасауға ниет білдірді.
Бұл Орталықтың жемісті қызметінің нәтижесінде өткен және ағымдағы оқу жылында Абай атындағы ҚазҰПУ-да ҚХР студенттері мен аспиранттары білім алды.
2011 жылдың 30 қазан мен 1 қарашасы аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вьетнам Социалистік Республикасына жасаған алғашқы ресми іс-сапары екі мемлекет арасындағы байланыстарды дамытуға түрткі болды. Президенттің айтуынша, біздің еліміз Вьетнамды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды саяси және экономикалық серіктес ретінде таниды. Президент Н.А.Назарбаев сол сапарында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытып, білім және ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру керектігін де атап көрсеткен еді. Мәдени өзара ынтымақтастық аясында біздің университет 2013 жылдың қаңтар айында Ханой ұлттық педагогикалық университетінде Абай атындағы Мәдениет және ғылым орталығын ашты.
Ханой ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Нгуен Ван Минь өзінің құттықтау сөзінде Абай атындағы Мәдениет және ғылым орталығының ашылуы - екі мемлекет арасындағы қатынастардың нығаюына, вьетнамдықтардың қазақ халқының мәдениетімен терең танысуына ықпал ететінін атап көрсетті. Осы салтанатты рәсімнің өзегі «Басқа елдің тілі мен мәдениетін үйренген адам, сол халықпен тең дәрежеде болады» деген ұлы Абайдың сөзі болды.
Тараптар арасында Қазақстанның төл мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен танысуға бағытталған іс-шаралар өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Абай атындағы Мәдениет және ғылым орталығы жұмысындағы аса маңызды оқиғалардың бірі Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушыларының ғылыми мақалаларының «Ханой ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми жинағында» жариялануы болып табылады.
«Оқығанда ғана білесің, жүргенде ғана жетесің» деп вьетнам халқы бекер айтпаған. Екі жоғары оқу орнының өкілдері жаңа ашылған Абай атындағы Мәдениет және ғылым орталығы Қазақстан-Вьетнам байланыстары тарихындағы елеулі кезең болатындығына сенім білдірді.
2013 жылы қазан айында Хошимин педагогикалық университетінде (Вьетнам) Қазақстан-Вьетнам мәдени-білім беру орталығы ашылды.
Онда Хошимин ұлттық педагогикалық университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Нгуен Тхи Минь Хонг бірлескен он-лайн конференциялар ұйымдастыру және өткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Хошимин педагогикалық университетінің ректораты Абай орталығын ашуға ықпал еткен және көмектескен Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығына алғыс айтып, екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты онан әрі дамыта беретіндіктеріне сенім білдірді.
Біздің университетіміз сондай-ақ Ресей Федерациясының жетекші жоғары оқу орны М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекттік университетімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Осы екі жоғары оқу орны арасында жасалған келісім-шарт аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-да Филология және көптілді білім беру институтының шетелдіктерге арналған орыс филологиясы кафедрасы негізінде Халықаралық сертификаттауға дайындау орталығы (TORFL) ашылды. Бұл орталықта шетел азаматтарын орыс тілі бойынша сертификаттық емтихандар тапсыру үшін дайындайды.
Қазақстан Республикасында ғылым мен жоғары білім дамуының жаңа кезеңі халықаралық стандарттарға көшуімен, білім беру сапасының артуымен, қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтерге енуімен байланысты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық ынтымақтастық саласында жоспарлы және белсенді жұмыстар жүргізілуде. Алыс шетелдерде білім беру-мәдени орталықтарының ашылуы бірлескен ғылыми және білім беру жобаларының жүзеге асырылуына, академиялық ұтқырлық аясында студенттер мен магистранттарды оқыту бағдарламаларының әзірлеуіне мүмкіндік береді.