қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
26.09.2018

Қаламгерлер қанаттанған алтын ұя

 


 

Қазақстандағы жоғары білім беретін оқу орындарының ең тұңғышы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (бұрынғы ҚазПИ).


90 жылдық тарихи кезеңнен өткен бұл университет - дүниежүзілік білім беру стандарты тұғырындағы әдемге танымал классикалық мәртебедегі жоғары деңгейдегі оқу орны. Университеттің қазіргі факультеттеріндегі сан-салалы мамандықтары бойынша білім алған жастардың Отанымыздың материалдық және рухани мәдениетіне қосқан үлестері халқымыздың ризашылық көңілі арқылы бағаланып жүргені баршаға аян.

 

Университет тарихының барлық кезеңдерінде осы іргелі оқу орнының әлемге танымал классикалық және өркениеттік биік деңгейде болуында, әрине, оқытушы ұстаздардың жоғары сапалы білімділік, біліктілік қызметі халыққа айрықша танылды. Қазақстандағы орта мектептерге білікті мамандар даярлауда білім беру мен ғылыми-әдістемелік ізденістер үшін Бас орталық болып келе жатқан университет - қазақ мәдениетінің ұлттық өркендеуінің көрнекті көрсеткіші.


Қарт ҚазПИ-дің жаңару, жаңғыру, өрлеу кезеңі - Қазақстан ­Республикасы тәуелсіздігі жарияланған жылдардан басталды. Қазіргі кезде университет әлемдегі көрнекті оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен тәжірибе алмаса отырып, жаңа инновациялық-техно­логиялық жетістіктерге жетуде. Бұл - Қазақстанның тәуелсіздік мұраттары жолындағы игі жұмыс­тардың бірі.


Университеттің 90 жылдық тарихында қазақтың ұлттық сөз өнерінде, оның ішінде әдеби шығармашылық, әдебиеттану, фольклортану, журналистика салалары бойынша елеулі еңбектерімен танымал болған қаламгерлер әуелгі жоғары білім негіздерін біздің оқу орнында игерді.


Қазақ мемлекетінің тұңғыш жоғары оқу орны алғашқы қалыптасу жылдарынан бастап ақын-жазушылардың, әдебиетші және тілші ғалымдардың, орта мектеп мұғалімдерінің талай буын өкілдерін қанаттандырды. Әрине, тұңғыш жоғары оқу орынының қазақ мәдениетін өркениеттік өркендеу биіктеріне көтеруінде көрнекті ұстаздардың еңбек еткені айрықша ықпал жасады. Ахмет Байтұрсынов (1928-1929), Молдағали Жолдыбаев (1928-1937), Өтебай Тұрманжанов (1928-1938), Халел Досмұхамедұлы (1928-1938), Сәкен Сейфуллин (1930-1937), Саттар Ерубаев (1936-1937), Мұхтар Әуезов (1937-1946), Сәбит Мұқанов (1937-1941) және тағы басқа көрнекті қайраткерлер осы университетте дәрістер оқыған. Университеттің алғашқы және кейінгі толқын түлектері арасынан Отанымызға танымал көптеген тұлғалар шықты. Бірқатар ақын-жазушылар өздері бітірген осы университеттің қазақ әдебиеті кафед­расында ұстаздық қызмет те атқарды. Мысалы, Хамза Есенжанов, Ғали ­Орманов, Дүйсенбек Еркінбаеков, Мұхтар Жанғалин, Есмағамбет ­Исмайылов, Мәлік Ғабдуллин, Қалижан Бекхожин, Әли Есмәмбетов, Абдолла Жұмағалиев, Мұхамеджан Қаратаев, Белгібай Шалабаев, Әди Шәріпов және т.б. Әрине, аталған қаламгерлердің қазақ сөз өнерінің қандай салаларында шығармашылық еңбек еткендері халқымызға мәлім.


Тұңғыш білім ордасында білім алған тағы бір буын қатарында Сағынғали Сейітов, Қайнекей Жармағамбетов, Ісләм Жарылғапов, Қапан ­Сатыбалдин есімдері де қалың оқырмандарға ­танымал. Бұлардың да әрқайсысының өзіндік шығармашылық мәнері бар.


ХХ ғасырдың 40-жылдарының бас кезінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қабыр­ғасынан тағы да бір шоғыр талантты қаламгерлер өсіп шықты. ­Мысалы, академик, әдебиетші, ғалым-ұстаз Серік Қирабаев, прозашы, ғалым-ұстаз Нығмет Ғабдуллин, ғалым-сыншылар Айқын Нұрқатов, Баламер ­Сахариев, прозашы Бердібек Соқпақбаев, ақындар Ғафу Қайырбеков, Мыңбай Рәшев, Әдібай ­Табылдиев, Бәтима ­Батырбекова, зерттеуші Төкен Әбдірахманов және т.б. Бұл толқын қазақтың ұлттық әдебиеттану ғылымы мен көркем прозаның, поэзия жанрларының өркендеуіне маңызды үлестерін қосты, бұл дәстүрді олардың бірқатары әлі де жалғастырып келеді.


ХХ ғасырдың 50-жылдарының ортасынан бастап 60-жылдары Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім алғандардың қатарынан да талай көрнекті ақын-жазушыларды, ғалымдарды мақтанышпен айтамыз. Мысалы, Шәміл Мұхамеджанов, Асқар Сүлейменов, Герольд Бельгер, Әкім Тарази, Абдрахман Асылбеков, Нүкеш Бәдіғұлов, Надежда ­Лушникова, Қуандық Мәшһүр-Жүсіпов, Сейіт Қасқабасов, Темірхан ­Медетбеков, Бақыткерей Ысқақов, Жанат Елшібеков, Кеңесжан Шалқаров және т.б.


Ал 70-90-жылдары білім алған шәкірттердің арасынан шыққан Сәрсембі Дәуітов, Серік Мақпырұлы, Ғұсман Жандыбаев, Серік Асылбеков, Әнуар Тарақов және т.б. қаламгерлер бар.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық тарихында шәкірттердің қаламгерлік қабілеттерін ұштауына Сәкен Сейфуллин атындағы әдеби шығармашылық өнер бірлестігінің ықпалы ешқашан бәсеңдеген жоқ. Шәкірттердің өздері қалыптастырған қоғамдық негіздегі әдеби шығарма­шылық өнер бірлестігі университет тарихындағы алдыңғы және кейінгі толқын қаламгерлердің алғашқы қалыптасу баспалдағы болумен келеді. Әдеби бірлестік - университет тарихымен егіз шығармашылық орта. Оны әр жылдары Сәкен Сейфуллин, Саттар Ерубаев, Қажым Жұмалиев, Қайнекей Жармағамбетов, Хасен Әдібаев, Тұрсын Сыдықов сынды белгілі әдебиетшілер басқарған. 90-жылдары осы бірлестіктегі шығармашылық ортаның жұмыстары ерекше қарқын танытты. Талантты жас ақындар Сержан Әтіков, Оразалы Досбосынов студенттік кезеңде-ақ республикалық ақындар айтыстарында жүлдегерлер атанды, жұртшылыққа танымал болды. Кейінгі жылдары олардың дәстүрін Айбек Ережепов, Смағұл Жұмаділов, т.б. жалғастырды.


Әдеби бірлестікте жүріп танымал болған, баспасөзге өлеңдері көп жарияланған, кітаптары жарық көрген талантты жас ақындар Бақыт Беделханұлы, Ержан Алаштуған, Саят Қамшыгер 2002 жылы Қазақстан ­Жазушылар одағының мүшелері болып қабылданды. Бірлестіктің «Үкілі үміт» атты қабырға газетінде таланттардың балауса туындылары үнемі жарияланды. Университеттің республикаға тарайтын «Білім көкжиегі» газетінде де қазіргі жас қаламгерлер туындылары жария­лануда. Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Зейнолла Қабдолов, ­Аманжол ­Шамкенов, Тұрсынбек Кәкішев, Әзілхан Нұршайықов, Мыңбай Рәш, Мұхтар Мағауин, Бексұлтан Нұржекеев, Сейіт Қасқабасов, Рымғали Нұрғалиев, Нұрлан ­Оразалин, Темірхан ­Медетбеков, Марфуға Айтхожина, Надежда ­Лушникова, Нағашыбек Қапалбекұлы, Кеңесжан Шалқаров, Талап­тан ­Ахметжанов, Тұрсын Жұртбаев­, ­Бауыржан Жақыпов, ­Дәулет­бек Байтұр­сынұлы секілді т.б. қалам­герлермен өткізілген әдеби кездесулер бірлестік мүшелеріне игі ықпалдарын тигізді. Бірлестіктің арнайы сұхбат-мәжілістеріндегі өзара пікірлесулер, балауса туындыларды тақлылаулар жаңа толқынды көркемдік ізденістерге жетелейді.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымының докторы, профессор Такир Балықбаев қарашаңырақ жоғары оқу орнының отандық және әлемдік әдеби шығармашылық орталық тұғырындағы дәстүрін жалғастыру жолында көптеген іс-шараларға ұйытқы болып отыр. Атап айтқанда, «Менің пірім - Сүйінбай» тақырыбымен студенттердің Республикалық ақындар айтысының өткізілуін жоғары деңгейде ұйымдастырды. Сонымен бірге университет түлектерінің арасынан шыққан өнер қайраткерлерінің Қарашаңырақта бас қосуы да жүзеге асырылды. Жаңашыл ректордың ­бастамасымен университеттің 90 жылдық тарихындағы әр жылдары бітірген талантты, танымал түлектердің басын қосатын «Түлектер ассоциациясы» да ұрпақтар жалғастығын, сабақтастығын нығайтатын ықпал­дылығымен байқалып отыр. Бұл орайда, 2018 жылдың 19 қыркүйегінде Алматы қаласындағы Ғалымдар үйінің мәжіліс залында Алматы жұртшы­лығының алдында баяндама жасаған Такир Оспанұлының игерілген жетістіктер және университет алдында тұрған міндеттер туралы айтқаны халықтың ықыласына ие болды.


Қазақстандағы жоғары білім алу мен ғылыми ізденістердің қарашаңырақ - ордасы бұл күндері дәстүрлі жолын нығайта, кеңейте түсті. Шәкірттер университеттің мамандықтары бойынша тиянақты білім алуды және ғылыми-зерттеулерді, сонымен бірге әдеби шығармашылық жұмыстарды да өзара сабақтастырудың талаптарын ұстанады. 90 жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінен білім алған шәкірттердің арасынан қазақ сөз өнерінің эстетикалық тағылымын келешекке ұластыратын талай талантты, дарынды қаламгерлер шығатынына кәміл сенеміз. Әлем өркениетіндегі өзіндік байыпты ұстанымымен зор бедел дегейіндегі тәуелсіз Қазақстанның даму жолын осындай жоғары сапалы маман ұрпақтарымыз жалғастыра береді.

 

 

Авторы: Темірхан Тебегенов,
филология ғылымының докторы, профессор

26.09.2018 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz