қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
13.06.2014

Еуразиялық одақ туралы ой бөлісті


Маусым айының алғашқы күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде осы оқу орнының Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасы (меңгерушісі профессор Р.Б.Әбсаттаров) мен Баспасөз орталығының ұйымдастыруымен «Еуразиялық экономикалық одақ аясында жастарға жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік бағдар беру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел басындағы әңгіме өткізілді. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы Келісім-шартқа үш мемлекет басшылары қол қойған соң іле-шала өткізілген бұл іс-шара ғалымдардың, белгілі саясаттанушылардың, журналистердің студент жастардың зор қызығушылығын туғызды. Сондықтан да болар, осы бір өзекті тақырып төңірегіндегі ойқосуға қатысушылар қарасы мол болды. Елімізге танымал ғалымдар: ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор, Р.Б.Әбсаттаров; тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Х.Халидуллин; саясаттану ғылымдарының докторы, профессор А.Е.Шалтыков, философия ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Қабаева, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Л.Х.Матақбаева, философия ғылымдарының докторы, профессор Б.М.Аташ, тағы басқа көптеген бетке ұстар азаматтар осы отырыста еуразиялық кеңістіктегі интеграция мәселелері, Еуразиялық одақтың болашағы туралы ойларын ортаға салды. Бұл отырысқа Алматы облысының Жамбыл ауданы әкімдігінің өкілдері, «Үш қоңыр» республикалық газетінің редакциялық алқасы, осы басылымның бас директоры Б.Батыр, бас редакторы Г.Шонабай арнайы шақырылған болатын.
Алқалы топ жиыны жастарға жоғары оқу орнынан кейінгі уақытта кәсіптік бағдар беру мәселелеріне айрықша мән берді. Бұл заңды да. Өйткені Елбасымыз - Президент Н.Ә.Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың жастар үшін ашылып отырғанын, ендігі жас буынның одаққа мүше елдердің кез келгенінде білім алуға, кәсіптік біліктілігін арттыруға мүмкіндіктерінің молаятынын, ендігі міндетіміздің нарықтық экономика проблемаларын терең білетін мамандар даярлау екендігін осы бір дәуірлік мәні бар стратегиялық құжатқа қол қою кезінде қадап айтты.
Дөңгелек үстел басында өткен әңгімеге қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы интеграциялық үдерісті өрістетіп, мүше елдердің әл-ауқатын арттыруға мықты серпін береді деген тұжырымға келді.


А.Байдәулет,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
Ақпарат орталығы