Главная /
СМИ о нас
01.10.2018 Жазушы арнайы сыйлыққа ие болды
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының орыс тіліндегі «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», қазақ тіліндегі «Суықтөбенің ұлары», сонымен қатар түрік тіліндегі «Құс қанаты» атты әңгімелер жинағы оқырманға жол тартты.
Осыған орай, Ұлттық кітапханада жазушының шығармашылық жолына арналған дөңгелек үстел өтті. Шараны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Уәлихан Қалижан ашты. Әуелі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев құттықтау сөз сөйлеп, автордың әдеби зертханасына талдау жасады.
- Нағашыбек Қапалбекұлы - өзінің тарихи және әдеби көркем шығармалары арқылы елімізге кеңінен танымал қаламгер. Оның ХХ ғасырдың ұлы жыршысы Жамбыл Жабаев туралы зерттеулері мен деректі шығармалары, Қарасай батыр, Мақыш балуан, Сарыбай би, Құртқа тәуіп туралы тарихи-танымдық кітаптары және «Еңлікгүл», «Дос жүрегі», «Қызыл елік», «Таудан түскен тұман» сияқты повестер мен әңгімелер жинақтары - қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған сүбелі дүниелер. Шығармалары сюжетінің шынайылығымен, композициялық құрылымының шымырлығымен, тілінің шұрайлылығымен, жоғары идеялық көркемдік құндылықтарымен ерекшеленеді.
Қаламгердің орыс тілінде шыққан «Таудан түскен тұман», «Кәшке батыр», түрік тілінде жарық көрген «Құс қанаты» атты кітаптары орыс және түрік елдерінің оқырмандарына қазақ халқының батырлығын, елдік және ұлттық дәстүрлерін, адамгершілік асыл қасиеттерін, мәдениеті мен салт-санасын кеңінен танытады деп ойлаймын, - деді.
«Құс қанаты» әңгімелер жинағы Якуп Омероғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты Bengü баспасынан жарыққа шықты. Анкарадан арнайы келген Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев елші Абзал Сапарбекұлының ыстық ықыласы мен үшбу сәлемін жеткізді. Нағашыбек Қапалбекұлына түркі мәдениеті мен әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының арнайы сыйлығын табыстады. Қордың төрағасы - жазушы Яxия Акенгин.
Сонымен қатар Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Актың, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлының, Әлем жазушылары мен зиялылар қауымдастығының төрағасы Осман Баштың және Әлем сөз академиясының төрағасы Хайреттин Ивгиннің құттықтауларын оқып берді.Бұған қоса, тұсаукесер қарсаңында Стамбұлдан шығатын Önce Vatan газетінің колумнисі М.Кемал Саллының «Құс қанатындағы әңгімелер», сондай-ақ Анкарадан шығатын Anayurt газетінің колумнисі Орхан Селеннің «Қазақ жазушысы Нағашыбек Қапалбекұлы» атты сараптамалық мақалалары жарияланғанын тілге тиек етті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов өз кезегінде: «Қазақтың бай әдеби тілінің қоры, қолдану тәсілдері, сөз тіркестері, жеке сөзге, сөйлемдерге мағына сыйғызатын суреткерлік қасиеті Нағашыбек шығармашылығын даралап тұр. Оның туындыларында соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ отбасыларындағы ауыр тұрмыс, жетімдік, жесірлік сынды тағы басқа психологиялық ахуалдар қазақы ортаның тілімен, қарапайым адамдардың көзімен баяндалады. Әдебиетте оқырман кейіпкерге айналу деген ұғым бар. Нағашыбек әңгімелерінен әр оқырман өз тағдырын табады», - деді.
Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбек, профессор Хангелді Әбжанов, жазушы Жанат Ахмади, Жамбыл ауданының мәслихат хатшысы Саят Жұрын және басқа зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. «Ақорда» республикалық қозғалысының төрағасы Қайрат Сатыбалдының құттықтау хатымен орынбасары Қанат Мұсағұлов, Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің жылы лебізін кеңесшісі Мамай Ахет таныстырды.
Соңынан Нағашыбек Қапалбекұлы жиналғандарға алғыс айтып, айтулы азаматтарға шапан жапты.
Авторы: Қаншайым Байдәулет 01.10.2018 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|