қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
06.10.2018

Абай атындағы ҚазҰПУ 90 жылдық мерейтойын атап өтті

 

  

 

2018 жылдың 5 қазанында Республика сарайында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.


Аталмыш жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, парламент мүшелері, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Ұлттық ғылым академиясының мүшелері, елдің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары, отандық және шетелдік белгілі ғалымдар, 200-ден астам шетелдік қонақтар, Университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттері мен қызметкерлері, сондай-ақ ҚазҰПУ түлектері - қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысты.

Іс-шараның ашылуында университеттің ректоры Такир Балықбаев салтанатты жиынның қонақтарын университеттің 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, сөз кезегін Гүлшара Әбдіқалықоваға берді. Мемлекеттік хатшы салтанатты жиналысқа қатысушыларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.


«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - отандық жоғары білім беру жүйесінің қара шаңырағы. Университет бүгінде тарихы 1928 жылы еліміздегі жалғыз педагогикалық факультеттің ашылуынан бастау алатын жетекші оқу орнына айналып отыр. Оның қалыптасуына белгілі ұлт қайраткерлері - Ахмет Байтұрсынов, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин және басқа да көптеген көрнекті тұлғалар зор үлес қосты. Университетте Қазақстанның қарышты дамуына қажетті мамандар даярлайтын 14 академик, 155 ғылым докторы және 380 ғылым кандидаты сабақ береді» деп атап өтілген Елбасының Құттықтау хатын оқу орнының басшысына табыс етті.


Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау сөзі оқылды. Француз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ құттықтау сөз сөйледі.


Ректор Такир Балықбаев өз сөзінде мерейтойлық іс-шараның маңыздылығын атап, Қазақстанның педагогика саласындағы жетекші ғылым және білім беру орталығы - Абай атындағы ҚазҰПУ жетістіктері мен әлеуеті туралы баяндады.


«Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны қазіргі уақытта еліміздің ірі ғылыми және білім беру орталығы болып табылады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жыл сайын жаһандық және ұлттық рейтингте өз орнын жақсартуда. 2018 жылы QS World University Rankings рейтингсінің қорытындысына сәйкес Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің үздік университеттері арасында 481-ші орынға (2017 жылы 481-ші орында болған) көтеріліп, өз позициясын нығайтты. Ал Emerging Europe және Central Asia арнайы рейтингінде Еуропаның және Орталық Азияның 30 еліндегі 200 жоғары оқу орындарының арасында Абай атындағы ҚазҰПУ 86 орынды иеленді (2017 жылы 91 орынды иеленген болатын). Абай атындағы ҚазҰПУ - республиканың педагогикалық жоғары оқу орындарының беделі биік көшбасшысы болып табылады. Қазіргі уақытта университет әлемнің 25 еліндегі 130 жоғары оқу орнымен ғылыми және академиялық байланыс орнатып, халықаралық ынтымақтастықты табысты түрде кеңейтуде».


Ректор университет мерейтойы аясында оқу орынның шетелдік әріптестерінің қатысуымен өткізілген бірқатар іс-шараларды атап өтті, атап айтқанда, Францияның 8 университеттерімен меморандумдарға қол қойылғаны университет тарихындағы маңызды іс-шаралардың бірі.

Кездесуге университеттің тарихы мен жетістіктері туралы деректі фильм ұсынылды. Салтанатты мереке ұлттық эстрада жұлдыздары Медеу Арынбаевтың, Рамазан Стамғазиевтың, Жанар Айжанованың, Гүлмира Ақүрпекованың және т.б. әншілердің қатысуымен мерекелік концертпен аяқталды.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім