Главная /
СМИ о нас
08.10.2018 Ғылым саласындағы көкейтесті мәселелер көтерілді
3-4 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойына арналған «Математикалық модельдеу мен ақпараттық технологиялар - білімде және ғылымда» тақырыбында VIIІ халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өткізілді.
Конференцияның негізгі мақсаты - математика, информатика және ақпараттық-математикалық модельдеудің өзекті мәселелері, сонымен қатар, жаратылыстану пәндерін сапалы оқытуды қамтамасыз ету үшін педагогикалық өлшеуді цифрландыру, STEM білім беру мен білім беруді цифрландыру және ақпараттандыру мәселелерін талқылау.
Конференция жұмысына Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балыкбаев, Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің ректоры, Еуразиялық педагогикалық университеттер қауымдастығының президенті Алексей Лубков, Еуразиялық педагогикалық университеттер қауымдастығының (EAPU) атқарушы директоры Эдуард Никитин, Помор академиясының ректоры, профессор Збигнев Осадовский (Польша, Слупск қ.), Педагогикалық университетінің құрметті ректоры Hans Schachl (Австрия), Хачатура Абовян атындағы Армян мемлекеттік педагогикалық университетінің құрметті ректоры Србуи Геворкян, РБА корреспондент-мүшелері, МҚПУ, В.П.Астафьев атындағы Краснояр мемлекеттік педагогикалық университеті, ПМҰЗУ, М.В. Ломоносов атындағы ММУ университеттерінің профессорлары және Қазақстан жоғары оқу орындарының өкілдері мен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессор-оқытушылары қатысты.
Конференцияның ашылуында ректор Такир Балықбаев қатысушыларды университеттің 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, Қазақстанның педагогика саласындағы жетекші ғылыми және білім беру орталығы болып табылатын Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жетістіктері мен әлеуеті туралы баяндады.
Халықаралық конференция тақырыбының өзектілігін атап өте отырып, ректор: «Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - еліміздегі педагогикалық кадрларды даярлауда оқу-әдістемелік қамтамасыз ететін басты орталық. Шетелдік серіктестермен бірлесе дайындалған педагогикалық мамандықтар үшін жаңа оқу жоспарын енгізуге кірістік.
Конференция барысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жолдары талқыланып, цифрландырудың артықшылықтарын пайдалану мүмкіндіктері талданады, сонымен қатар жоғары оқу орындарының оқу үрдісіне IT-технологияларды енгізуде отандық және шетелдік тәжірибені жинақтау, білім беру ұйымдарының қызметкерлерінің сапасын арттыру және жетілдіру мәселелері қарастырылатын болады. Цифрлаудың үлкен әлеуеті бар, ол әдіснаманы және оқу үрдісіндегі әрбір қадамды толығымен өзгерте алады. Әсіресе онлайн-курстар, тренингтер және білім алудың инновациялық әдістері сұранысқа ие жоғары білім саласында. Жоғарыда көрсетілген курстарда зертханалық жұмысты және осы курсты табысты жүзеге асыру үшін қажетті басқа құжаттарды қоса алғанда, егжей-тегжейлі оқу жоспарын жасау ұсынылады. Қазіргі уақытта аталмыш бағыттағы тиісті зерттеулерді ҚазҰПУ-да білім беруді және білім беру технологияларын ақпараттандыру мәселелері халықаралық ғылыми зертханасы мен «Информатика және білім беруді ақпараттандыру» кафедрасы жүргізіп жатыр» - деді.
Конференцияның бірінші бөлімінде Tamagawa university профессоры Seiji Moriya (Жапония), профессор РҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Михаил Лапчик, физика-математика ғылымдарының докторы, Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің профессоры Евгений Хеннер, ММПУ профессоры Сергей Григорьев, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының профессоры Мақсат Калимолдаев баяндама жасады.
Ғалымдар Қазақстан Республикасындағы ақпараттық және есептеу техникасының дамуының жай-күйі мен келешегін, «Информатика» пәнін зерттеу мақсаты мен мазмұнын, инженерлік білімдегі мәселелерді талқылады.
Конференцияның екінші бөлімінің модераторы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов болды. Онда білім берудегі цифрлық технологияларды тиімді пайдалану жолдары мен олардың мәселелері; цифрлық модельдеу әдістері мен газ қоспаларында кинетикалық ауысу сипаттамасының ерекшеліктері; биология және медицинадағы кері мәселерді сәйкестендіру әдістері; жоғары білім берудегі педагогикалық өлшеулердің тәжірибенің өзекті міндеттері туралы мәселелер талқыланды.
Екі күндік халықаралық конференцияның панельдік сессиясы бес бағыт бойынша жалғасты: математика, информатика және ақпараттық-математикалық модельдеу; жаратылыстанудың кері және қисынды емес есептері; білімді ақпараттандыру және цифрландыру; физика-математикалық білім беруді цифрландыру және STEM білім беру; білімді цифрландыру жағдайында педагогикалық өлшеу.
Авторы: Римма Жанбаева 08.10.2018 ж. Ақпарат көзі: pr-hal.kz
|