Главная /
СМИ о нас
12.10.2018 Абай атындағы университет ұжымы жолдауды талқылады
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті.
Жиналысқа университеттің проректорлары, құрылымдық бөлімдердің басшылары, профессор-оқытушылар мен студенттер қатысты. Жолдауды талқылауға жиналғандар Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының 90 жылдық мерейтойы мен Елбасы Жолдауының 5 қазанға тұспа-тұс келуін ерекше ықыласпен қабылдады.
Кездесуде Такир Балықбаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауының өзекті мәселелеріне тоқталып, негізгі бастамаларға сәйкес білім берудің сапасы мен қолжетімділігіне, мектепке дейінгі білім беру сапасын жоғарылатуға, білім беру ісінде 4К моделінен туындайтын креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылатындығы туралы айтты. Әсіресе, университет ректоры Елбасының «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет» деген бастамасы мұғалімдер үшін үлкен серпіліс болғанын қадап айтты.
- Біз педагогикалық білім беру мекемесі болғандықтан, бұл мәселе бізге тікелей байланысты. Қазіргі кезде білім беру сапасына қойылатын талаптардың артуы аса маңызды. Оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы; оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу; Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату - жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі болып табылады, - деді.
Президенттің халыққа арнаған әрбір жаңа Жолдауы мемлекетіміздің табысты дамуының анықтаушы векторы, еліміздің стратегиялық маңызды құжаты. Қазіргі кезеңдегі білім беру саласында бірқатар жаңа міндеттер анықталды. Осыған орай, Жолдауда келесі өзекті мәселелер қарастырылған: - 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу; - мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту; - орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдер белгіленген, қазіргі кезеңде солардың орындалуына баса назар аудару; - жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейту.
Біз Президенттің Жолдауында жүктелген стратегиялық міндеттерді, әсіресе педагогикалық салаға берген тапсырмаларды, жас ұрпақ игілігі үшін және Отанымыздың табысты дамуы үшін дер кезінде жүзеге асыруға тиіспіз», - деді Такир Балықбаев.
Сонымен қатар, оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Ғабит Кенжебаев, Тарих және құқық институтының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Жомарт Сімтіков, құқықтану кафедрасының профессоры Бақытжан Төлеубекова баяндама жасады.
Президенттің Жолдауын талқылауға қатысқан студенттердің қатарынан Тарих және құқық институтының екінші курс студенті Азиз Байназар мен Математика, физика және информатика институтының төртінші курс студенті Анна Клим сөз сөйледі.
Кездесуде қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, Жолдаудың міндеттерін жоғары деңгейде жүзеге асыру мәселелері төңірегіндегі пікірлер тыңдалды.
Авторы: Рая Ескендір 12.10.2018 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz |