Главная /
СМИ о нас
18.10.2018 Білімді елдің еңсесі биік
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында елдегі білім саласы назардан тыс қалмаған. Жолдауда білім саласы бойынша түбегейлі жаңа міндеттер қойылып отыр. Өйткені білім - ұлттың бәсекеге қабілеттігін арттырудың, озық 30 елдің қатарына енудің басты құралы. Бiлiм беру сапасын жақсарту - уақыт үрдiсiне дөп келiп тұрған маңызды шарт, себебi жас ұрпаққа кемел бiлiм бермейiнше, ұлттық қауiпсiздiгiмiздi де қамтамасыз ету мүмкiн емес. Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында отандық бiлiм жүйесiн бәсекеге бейiмдеп құру жөнiнде нақты тапсырма берiп, ұлт өресi сапалы бiлiм нәрiмен сусындағанда ғана өсетiнiн, осыған орай бiлiм дәрежесiн халықаралық деңгейге көтеру және әлемдiк бiлiм тайталасында дамыған мемлекеттермен деңгейлес болу мәселесiн қадап айтты. Бұл бiлiм беру жүйесiнен әлеуметтiк белсендi, шығармашылығы мол, еркiн дамыған, жаңа хабарды, жаңалықты өз бетiмен iздеп, оған баға бере алатын, дұрыс салмақты шешiмдердi қабылдай алатын адамдардың тәрбиеленiп шығуын, даяр болғанын талап етедi.
Әлбетте, «Ұстаз болу - адамның асылдығы» деп бекер айтылмаған. Жаңарған қоғам, жаңа уақыт талаптарына сай азамат тәрбиелеу алдымен ұстаз атына байланысты. Болашақта еңбек етiп, өмiр сүретiн бүгiнгi мектеп оқушыларын мұғалiм қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болатындығын, соған орай ұстаздарға жүктелетiн мiндеттiң ауыр екендiгiне Елбасымыз Н.Назарбаев үнемi назар аударып, ұрпақ тәрбиесiне үлкен жауапкершiлiкпен қарауды талап етедi.
Осыған байланысты біз де бүгін алдағы перспективаларды, проблемаларды, оларды шешу жолдарын және міндеттерді анықтап алуымыз керек. Еліміздің ертеңгі күні биіктен көрінуі, өзге елмен терезесінің тең болуы - сапалы білімге байланысты. Қазіргі күні педагогика саласында қызмет етіп жүрген мамандардың жағдайы аса жақсы деп айта алмаймыз. Дегенмен бүгін Елбасымыз білім, денсаулық және тәртіп сақшыларының жалақысын көтеру керегін шегелеп айтты.
Елбасы мұғалімдердің жалақысын көтеріп, оларға жағдай жасаса, білім саласының қызметкерлері оқыту сапасын арттыруға, жастардың тәрбиелі болуына және жаңа инновациялардың игеріліп, еліміздің көркейе түсуі үшін барын салып қызмет ете түсетіне сенім білдірді.
Жолдауда әсіресе, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігі ерекше атап көрсетілді. Өйткені адамның ойлау негіздері, ақыл-ойы мен шығармашылық қабілеттері, жаңа дағдылары сонау бала кезден қалыптасатындығы бүгінде дәлелденген шындық. Сондықтан Елбасы Білім және ғылым министрлігіне жергілікті әкімшіліктермен бірлесе отырып, үстіміздегі жылы тиісті «Жол картасын» дайындауды қадап тапсырды.
Бұл бұған дейін тиісті дәрежеде ескерілмей келе жатқан мектепке дейінгі білім беру мәселесіндегі қордаланған проблемаларды оңды шешуге мүмкіндік береді деген сенім ұялатады.
Жолдау барысында еліміздегі мектептердің білім беру сапасын арттырып, Назарбаев мектептерімен теңестіру айтылды. Бұл да өте құптарлық жағдай, қазірдің өзінде ол мектептердің білім беру бағдарламаларын жалпы білім беру мектептеріне енгізу жүріп жатыр. Олардың әдістемесін, бағдарламаларын, соның ішінде білім мазмұнын енгізуде біраз жұмыстар атқарылды. Білім беру сапасын жоғары деңгейге көтеру - бүгінгі күннің талабы. Сондықтан бұл жағынан Елбасының айтқандарын біз де қызу қолдаймыз.
Бұған дәлел, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде орта білім берудің жаңартылған мазмұнына сәйкес 23 педагогикалық мамандыққа арналған жаңа білім беру бағдарламалары дайындалды. Осы бағдарламаға және уақыт сұранысына сәйкес 96 жаңа пән оқу үрдісіне енгізілді. Сонымен бірге, оқытылатын пәндер мазмұнына да өзгерістер енгізілуде. Республикамыздың жоғары оқу орындарында және жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу міндеті қойылған болатын. Абай атындағы ҚазҰПУ профессор-оқытушылар құрамының қатысуымен химия, биология, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытуға бағытталған білім беру бағдарламалары Англияның Кембридж және Сассекс университеттерімен ынтымақтастықта дайындалды. Мұның бәрі орта білім берудің жаңартылған мазмұны сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған.
Елбасы Жолдауда білім, ғылым және денсаулық сақтау саласына қатысты бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады. 5 жылдың ішінде осы салаларға барлық көздерден жұмсалатын қаражатты жалпы ішкі өнімнің (ЖӨІ) 10 пайызына дейін жеткізу туралы тапсырмасы ерекше қуантты.
Соңғы 15-20 жылда ғалымдар осы мәселені көтерумен келе жатыр. Қазір біздің ғылымның қаржыландырылуы - 0,13 пайыз ғана. Жақында ғана Сенатта өткен Қазақстанның барлық ғалымы жиналған үлкен дөңгелек үстелде осы мәселе қызу талқыланған еді. Осыдан бірнеше күн бұрын БҒМ-да өткен форумда да осы мәселе туралы көп айтылды. Кешегі Елбасының ойып айтқаны - білім, ғылымға айрықша көңіл бөліп, әсіресе ғылымға ден қойғаны бізді ерекше қуантады. Ғылымға бөлінетін қаражатты арттырмай, оның экономикаға берері аз болады деп ойлаймын. Сондықтан бұл да дәл кезінде айтылған мәселе деп есептейміз.
Елбасы Жолдауды жариялап тұрып, залда отырғандардан «Неге біздің балалар шетелге кетіп жатыр? Неге бізде науқастар шетелде емделеді?» деп сұрады. Барлық жабдықтар, лабораториялар, компьютерлері бар жақсы мектептер салынуда. Медицина саласына әлемде ешкімнен кем емес құрылғылар келіп жатыр. Ал біздің қоғамда педагог пен дәрігерлерге деген сенім жоқ. Көп адам біздің ұстаздар шетелдегідей сабақ бере алмайды деген пікірде. Шындығында, біздің оқытушылар ешкімнен кем емес. Осы орайда Мемлекет басшысы мұғалімдердің мәселесін де назардан тыс қалдырмай, «Педагогтардың мәртебесі туралы» жаңа заң қабылдау керек дегені ерекше қуанышқа бөледі. Президенттің ұстаздарға салынған жүктемені азайтып, үш ауысымды білім беру мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасы дер кезінде көтерілген әділ шешім дер едік.
Біздің педагогтарға қоғамнан орын беріліп, жалақысын дұрыстап, өзінің қызметінен тыс жұмыстарға жұмсауға болмайтынын естігенде Елбасының барлық істен хабардар екенін біліп жанымыз жадырап қалды. Ұстаздар күні алдында Елбасының осы ұсынысын үлкен қуанышпен қабылдадық.
Ендігі жерде еліміздің жоғары оқу орындарының кадр дайындау сапасына қатысты талаптар да күшейтіледі. Сондықтан жоғары білім жүйесіндегі мамандар дайындаудағы қол жеткен биіктермен шектелмей, дамудың алдағы келешегін де ескерген дұрыс. Барлық жоғары оқу орындары Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында айтылған талаптар тұрғысында қазіргі заман ағымында қызмет жасап, әлі де көптеген бағыттарда тынымсыз ізденіс шараларын жүргізуі тиіс. Бүгінде шетелдік тәжірибені пайдаланудың маңызы артып отырғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия және Жапония, Сингапур сияқты елдерді алып қарайық. Дәл осы мемлекеттердің тәжірибесіне қызығушылықтың арту сыры, бәрімізге белгілі бұлардың барлығы ғылыми-техникалық жаңалықтарды жаппай енгізу арқылы жаңа технологиялық сілкініске қол жеткізіп, өздерінің экономикалық дамуында озық тұрған елдер болып саналады. Әрі осындай табысқа олардың тек білім мен ғылым саласындағы дұрыс жүргізілген, оңды мемлекеттік саясат арқылы ғана қол жеткізгендігін де білеміз. Сондықтан аталған мемлекеттердің тәжірибесін зерделеу арқылы дамыған елдердің білім саласындағы саясаты мәселесін үйрену қажеттілігінің маңызы зор. Қазақстан сияқты шынайы тәуелсіздіккке енді ғана қол жеткізіп жатқан ел үшін дамыған мемлекеттерден үйренетін пайдалы тәжірибелердің мол екендігін бәріміз де жақсы түсінеміз. Елбасы кешегі Жолдауда «Назарбаев университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды» деп нақты атап көрсетті.
Осы орайда біздің университетіміздің де бүгінде әлемнің 23 елінің оқу орындарымен 130-дан астам халықаралық келісімшарт жасағанын, соның ішінде 20 келісімшарт - әлемнің академиялық рейтингісіне кіретін университеттер екендігін мақтанышпен айта аламыз.
Бұдан былай жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі - оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Яғни, жоғары мектептер адам ресурстарын даярлаудың сапасын арттырудағы, жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандырудағы шешуші әлеуеттік орта болуы шарт. Бұған жауап бере алмаған жоғары оқу орындары үшін ірілендіру саясаты жүргізіледі. Демек, нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалады.
Тек сонда ғана егеменді еліміз бүгінгі білімді студенттерімен, ертеңгі білікті мамандарымен мақтанып, небір биіктерге құлаш сермей алады деп айта аламыз.
Мемлекет басшысы халыққа жаңа Жолдауында, Қазақстанда келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады, бұл өте уақытылы және болашаққа бағытталған шешім болды. Бірде Елбасы «Нұр Отан» Жастар форумында «Жастарыма сенемін» деген қанатты сөзді айтқан болатын. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Қазақстанның болашағы біздің жастарымызбен, жоғары сапалы адами капиталдың негізі болатын қазақстандықтардың жаңа буынына деген қамқорлығымен байланысты екендігін тағы бір атап өтті.
Еліміздің жоғары білім жүйесіндегі мамандар дайындаудағы қол жеткен биіктермен шектелмей, дамудың алдағы келешегін де ескерген дұрыс. Барлық жоғары оқу орындары Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында айтылған талаптар тұрғысында қазіргі заман ағымында қызмет жасап, әлі де көптеген бағыттарда тынымсыз ізденіс шараларын жүргізуі тиіс. Бұл жоғары мектептер адам ресурстарын даярлаудың сапасын арттырудағы, жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандырудағы шешуші әлеуметтік орта болып қала береді деген сөз.
Авторы: Ғабит Кенжебаев, тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың проректоры 18.10.2018 ж. Ақпарат көзі: aikyn.kz
|