қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
15.09.2014

Алғашқы дәрісті Франция сенаторлары өткізді


Француз Республикасы сенатының сенатор Андре Дюлэ бастаған «Франция-Қазақстан» достық тобы Қазақстанда болды. Құрамында сенаторлар Доминик Жийо, Катерин Прокация және достық тобының атқарушы хатшысы Мишель Лафландр бар француз делегациясы 2014 жылғы 11 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде болды. Оларды университет ректоры, ҚРҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев жылы шыраймен қарсы алып, Франция мен Қазақстан Республикасы арасында 1992 жылы басталған ынтымақтастық шынайы жалғасын тауып келе жатқанын айтты. Бұл байланыс білім және ғылым саласында да жаңа арналар тартуда. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Францияның атақты «Сорбонна-Париж сити» университетінің «Сорбонна-Қазақстан» институтының ашылуы осы сөзіміздің дәлелі. Биыл осы француздық оқу орнының магистратурасына «Халықаралық қатынастар» және «Менеджмент» мамандығы бойынша 60 адам оқуға қабылданды. Келесі жылдан бастап бакалавриатқа талапкерлер қабылданады, магистратура кеңейеді. «Сорбонна -Қазақстан» институтында франциялық профессорлар дәріс береді. Оқу үрдісі француз тілінде ұйымдастырылады. Мұны бітіргендер болашақта Францияның да, өз еліміздің де дипломдарын алып шығады.
Ректордың қабылдауынан кейін франциялық қонақтар «Сорбонна -Қазақстан» француз институтының аудиториялары мен дәрісханаларын аралап көрді, оқу орынның материалдық -техникалық базасымен танысты.
Бұдан кейін «Сорбонна -Қазақстан» институтының мәжіліс залында франциялық меймандар оқу орынының магистранттарымен кездесті. Делегация жетекшісі, Сенатор Андре Дюлэ Қазақстанда тұңғыш рет Сорбонна институтын ашып, күрделі де жауапты жобаны жүзеге асыруға тәуекел еткен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректоры, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиевке алғыс айтты. «Бұл айтулы жоба болашақта «Сорбонна-Париж сити» университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік қызыметті дамытуға жол ашатын болады»,-деді Андре Дюлэ.
Сенаторлар Доминик Жийо, Катерин Прокация ханымдар да екі ел университеттері арасындағы білім беру және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға бағытталғын алғашқы шараларға ниеттестік білдірді.
Франция сенаторлары бұдан кейін «Сорбонна -Қазақстан» институтының шәкірттерімен сұхбат өткізіп, олардың сұрақтарына жауап берді.
- Жаңа ашылып отырған «Сорбонна -Қазақстан» институтына сонау шалғайдағы еуропадан арнайы келіп, алғашқы дәрісті өткізіп берген сіздерге алғысымыз шексіз деді,- ректор Серік Жайлауұлы Пірәлиев.
- Енді жаңа оқу орнында сабақты француздық профессорлар жалғастырады. Болашақта оның да жемісін көретін боламыз
Серік Жайлауұлы қонақтарға алғысын айта отырып, Абай атындағы ҚазҰПУ ғылыми кеңесінің шешімімен делегация басшысы, Сенатор Андре Дюлэге университеттің Құрметті профессоры атағы берілгенін жариялап, А.Дюлэ мырзаға профессордың мантиясын жауып, дипломын тапсырды.

 

М.Ахметов.
Абай атындағы ҚазҰПУ
Ақпарат орталығының жетекшісі
Визит Сенаторов Франции в КазНПУ им. Абая