қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
22.10.2018

Мерейтойлық мерекелердің қорытындысы бойынша жиналыс

 

2018 жылдың 19 қазанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев жуырда ғана аталып өткен университеттің 90 жылдығына арналған іс-шараларды қорытындылауға арналған жиналыс өткізді.

 

Салтанатты жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар және студенттер қатысты. Шара барысында сөз алған оқу ордасының ректоры Такир Балықбаев ең алдымен мерейтойлық шараларға атсалысқан қызметкерлерге, ұстаздар мен студенттер қауымына алғысын айтты. Сондай-ақ, ол қыркүйектің 26-і мен қазанның 5-і аралығында ұйымдастырылған түрлі мерекелік жиындардың отандық және шетелдік қонақтар тарапынан жоғары бағаға ие болғанын жеткізді. «Биылғы жылы біз университеттің 90 жылдығына арнап «90 жылдыққа - 90 іс-шара» деген бастамамен түрлі іс-шараларды өткіздік. Негізінен бұл шаралар 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап қолға алынған болатын», - деген ректор одан әрі қарай сөзін бір жылдың ішінде атқарылған жұмыстармен тізбектеді. Ол әрбір қолға алынған шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.

 

90 жылдыққа арналған ең басты мерекелік жиын 5 қазанда Республикалық сарайда өткені белгілі. Шара барысында ректор Такир Балықбаевқа Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың құттықтау хаты тапсырылды. Оны салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді. «Елбасымыз Н.Назарбаевтың құттықтауы, құрметті ұстаздар, сіздердің еңбектеріңізге берілген Президентіміздің бағасы деп білемін. Біз де өз тарапымыздан осынау игі бастамаға қолдау білдіріп, мерейтойлық шаралардың республика, тіпті халықаралық деңгейде өтуіне жағдай жасағаны үшін Елбасымызға алғыс хат жібердік»,- деді ректор. Ол сондай-ақ, 90 жылдық мерейтойға орай ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және т.б. жоғары лауазымды тұлғалардан, облыс, аудан әкімдерінен, университет ректорларынан, шетелдік әріптестерден арнайы құттықтау хат келгенін айтты.

 

Жиын соңында ректор Такир Балықбаев университетке еңбегі сіңген ұстаздар мен қызметкерлерді 90 жылдыққа арналған төсбелгімен марапаттап, мерейтойлық іс-шараларға белсене атсалысқаны үшін университтің 260 қызметкеріне 90 мың теңгеден және 200-ден аса студентке 15-20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыстады. Басқосу ұстазардың алғыс сөздерімен, естелік суретке түсумен аяқталды.

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім