қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
13.10.2014

Жастарға нұсқау берілді


2014 жылдың 9 қазаны күні Тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ж. Е. Ішпекбаев университетіміздің белсенді студенттерімен жиын өткізді. Жиын барысында Жанатбек Ешенқожаұлы белсенді студенттерге Жастар ісі жөніндегі комитеттің жаңа құрамын және Студенттік Кәсіподақ комитетінің жаңадан сайланған төрайымын таныстырып, студенттік өзін-өзі басқару жұмысын жандандыру керек екенін, сонымен қатар, проректор мырза Елбасының жастарға артқан үлкен сенімін ақтау керек екенін, ол үшін сапалы білім, саналы тәрбиеге ұмтылу қажеттігін баса айтып, жастарға келесідей нұсқау берді: «Қадірлі студенттер сіздер алып қала Алматыға еліміздің әр жерінен білім алу, білімді маман болу үшін еліміздің тұңғыш жоғары оқу орнына келдіңіздер. 86 жылдық тарихы бар оқу орнында білім алу сіздер үшін үлкен мәртебе. Біз де кезінде сіздер сынды студент болдық, білім алумен қатар қоғамдық жұмыстарға барынша атсалысуымыздың арқасында, бүгін міне үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Енді болашақта біздің жолымызды, ісімізді одан әрі жалғастыру сіздер сынды жалынды жастарға міндеттеледі. Ол үшін әрбіріңіз бүгіннен бастап университетімізге өз септіктеріңізді тигізіп, қазіргі нарық заманына сай бәскеге қабілетті маман болып қалыптасуларыңыз керек. Өздеріңіз байқағандай біздің университетімізде студенттерге қажетті білім беру және оларды жан-жақты дамытуға барлық жағдай жасалған. Университет ректоры С.Ж. Пірәлиевтың басшылығымен әлеуметтік көмекке зәру, мүмкіндігі шектеулі студенттерге түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар белсенді студенттердің де бастамалары қолдауға ие. Біздің университетімізде еліміздің ұлы тұлғалары, атақты қоғам қайраткерлері мен спорт майталмандары білім нәрімен суындаған. Ендігі кезекте «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей баршамыз бірігіп университет мәртебесін көтеру үшін аянбай еңбек етуіміз, ал Сіздер оқуда озат, ғылым жолында да өзіндік қолтаңбаларыңызды қалдыруға тиіссіздер».
Жанатбек Ешенқожаұлы жиынды қорытындылай келе, студенттерді алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарымен, Жастар ісі жөніндегі комитет пен Студенттік өзін-өзі басқару кеңесі Ережесімен, Абай атындағы ҚазҰПУ Студенттер мен магистранттардың Этикалық кодексімен таныстырып, жастардың теріс діни бағыттарға еріп кетуінің алдын алу мақсатында «Дінде де сақтық керек» атты ақпараттық-танымдық кітапшасын үлестірді.