қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
12.11.2018

Абай даналығын аңсағандар

 



«Абай әлемі» медицина университетінде

 

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Халықаралық медицина факультеті, Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобы, Тілдік пәндер кафедрасы, кітапхана ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында профессор-оқытушылар мен студенттерге қандай іс-шара өткізсек тиімді болады деп пікір алысқанда көпшілік «Ақын Абайдың хәкімдігін қалай түсінеміз?» деген сауалды көбірек айтқанын ескере отырып, «Абай әлемі» әдеби-танымдық, музыкалық кеш өткізді.


Әдеби кеш өткізілген «Даңқ залында» Абайдың өлеңдері мен қарасөздерінен үзінділер жазып ілінген, сонымен қатар студенттер шығарған қабырға газеттері қойылып және Абай шығармалары жазылған кітап көрмесі ұйымдастырылды.


Жиынды университеттің стратегиялық және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Убайдулла Датқаев кіріспе сөзімен ашып, данышпан Абайдың еңбектерін қандай мамандық иесі болса да оқып-үйрену қажеттілігіне, Абай мұрасы адамгершілік құндылықтардың мол қазынасы екендігіне тоқталды.


Кеш қонағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет Абай қарасөздерінің мәні мен маңызына, ақын Абай мен хәкім Абайдың ерекшеліктеріне талдау жасап, ғылыми-танымдық дәріс оқыды, ұстаздар мен студенттер өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.


Жалпы медицина, педиатрия, фармация, стоматология факультетінің студенттері - Әбдірахман Бекзат, Дина Ерасылова, Алтынай Шопан, Ансам Афиф Оадет, т.б. Абайдың әні мен күйін орындап, қарасөздерін мәнерлеп айтты.


Тілдік пәндер кафедрасының доценті Төлеубек Қизатұлының орындаған «Қараңғы түнде тау қалғып», ХМФ 4 курс студенті Төлеубек Жасұланның орындаған «Көзімнің қарасы» әндерін жиынға қатысушылар тік тұрып шырқады.


Кешті Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобының жетекшісі Салтанат Әйкенқызы қорытындылап, кеш қонағы абайтанушы-ғалым Жабал Шойынбетке С.Ж.Асфендияров ҚазҰМУ ректоры, профессор Талғат Нұрғожиннің «Алғыс хатын» табыстады.

 

Түркістандық оқушылар «Абайтану» музейінде...


Оқушылардың күзгі каникулын танымдық іс-әрекетпен қызықты өткізу мақсатында Түркістан қаласындағы № 21 жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жақсыгүл Сүлейменова өзі ұйымдастырған «Абай әлемі» клубының 8-10 сыныпта оқитын бір топ мүшелерін Алматы қаласына бастап келді.


Алматымен алғашқы таныстықты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі «Абайтану» музей-кабинетін аралаумен бастады. «Абайтану» музей-кабинетімен оқушыларды университеттегі «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет таныстырып, оқушыларға Абай мұрасының танымдық қыры мен сырына тоқталып, Хәкім Абай даналығымен сусындатты. Білуге, білімге құштар түркістандық жас өрендерге орталық директоры Жабал Шойынбет атақты абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының университеттің «Ұлағат» баспасынан шыққан «Абай лұғаты» кітабын сыйға тартса, топ жетекшісі Ж.Сүлейменова мектептеріндегі Абайға арнайы арнаған «Шамшырақ» қолжазба газеті мен төс белгісін сыйлады.


Абай аталарының даналығына қаныға түскен білім мен өнер қуған оқушылар Алматы қаласындағы Ұлт-аспаптар мұражайына бет алды...

 

12.11.2018 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com