қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
08.12.2018

«Дүниежүзілік еріктілер күніне» арналған «Ерікті жастар: Ар-ұждан дауысы» - «дөңгелек үстел» 

 

Барлық қазақстандықтар санасын жаңғырту - бұл өзгермелі жаһандық үдерістерге қоғамды бейімдеуге жасалған негізгі қадам.


Осының негізінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, 2018 жылы 6 желтоқсан күні «Дүниежүзілік еріктілер күніне» орай университетте «Мейірім» клубының ұйымдастыруымен «Ерікті жастар: Ар-ұждан дауысы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізілді.


«Дөңгелек үстел» жұмысына: Педагогика және психология институты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Даулен Идрисов, университеттің Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Ділдәбек Дидарбек, мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі п.ғ.к., қауымд.профессор Ұлбосын Қияқбаева, «Мейірім» еріктілер клубының жетекшісі п.ғ.к., қауымд.профессор Гүлбахира Ширинбаева, клуб еріктілері және Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студент жастары қатысты.


«Дөңгелек үстел» мақсаты «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының негізгі түйінді идеялары негізінде «Ар-ұждан» ұғымының терең мәнін талқылау бойынша еріктілер қозғалысына әлі қамтылмаған студент жастар мен еріктілердің өзара қарым-қатынасы және ақпараттар алмасуы.


«Дөңгелек үстел» міндеттері:
1. Жүректі және сананы тазарту практикасын қолдануда «ар-ұждан дауысын» есту дағдысын дамыту;
2. Қоғамдық сананы жаңғыртуға негізделген еріктілер іс-әрекетінің құндылықты қажеттіліктерін ұғынуға ықпал ету;
3. Еріктілер жұмысын ұйымдастыруда ой, сөз, іс-әрекет бірлігі ұстанымын айқындау.


«Дөңгелек үстел» отырысы дискуссиясында келесі сұрақтар қарастырылды:
1. Бізді не біріктіреді?
2. Ар-ұждан өзін қалайша танытады?
3. «Жүрегі мен санасы таза адам» - ол қандай адам?
4. Ар-ұждан үнін есту қабілетін қалайша жетілдіруге болады?


«Дөңгелек үстел» отырысында аталған сұрақтар дискуссия үшін басты механизм болды және қатысушылар мәселелерді талқылау кезінде бұл тақырыптың өзектілігін терең ұғынды.


Баяндаманың иллюстрациясы ретінде Шәкәрімнің «Үш анық. Ар-ұждан» әңгімелері бойынша презентация видеосюжеті көрсетіліп, талқылау үдерісіне университеттің студент жастарын кеңінен тарту көзделді.


Видеосюжет пен сұрақтарды талқылау Эдварда де Бононың «Алты қалпақ» ойлану әдісін қолданумен өткізілді.


«Алты қалпақ» әдісімен топтық және шығармашылық жұмыс өткізу қатысушыларға объективті тұжырымдар жасауға және барлық ақпараттық, шығармашылық, эмоционалдық аспектілерді қарастыруға мүмкіндік берді.


«Дөңгелек үстелді» өткізудің негізіне «Мейірім» клубының жұмысын ұйымдастыру тәжірибесінің ізгілікті ұстанымы қаланды, өйткені қоғамдағы еріктілер жұмысының құндылықты бағдары, сананы жаңғыртуды білдіреді, ал ерікті болу - бұл әлеуметтік маңызды құбылыс.


Іс-шараға барысында талқылау қорытындысы анықталып, үздік еріктілер алғыс хаттармен марапатталды.


«Өзін-өзі тану» бағдарламасының жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтайтын түйінді ережелер, «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру идеясы аясында университет студенттерінің ерікті іс-әрекетін белсендету және өткізу қажеттілігі бойынша бірауыздан ұсыныстар қабылданды.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

  

 

«Мейірім» еріктілер клубы