Главная
Новости
30.01.2015 Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология институтының Жалпы тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рабиға Сыздықованың 90 жылдық мерейтойына арналған «Өскелең ұрпаққа тағылым» атты әдеби кеш болып өтті. Бұл кешке әдебиет пен ғылымның жанашыры болып жүрген Өмірзақ Айтпайұлы, Әлімхан Жүнісбеков және ҰҒА Тіл білімі институтының директоры Мырзақ Малбақов және университетіміздің профессор-оқытушылары, магистранттары мен студенттері қатысты. Кешті белгілі тележүргізуші журналист Дана Нұржігіт жүргізіп отырды. Р.Сыздықова өзіне осындай құрмет көрсетіп отырған кеш қонақтарына алғысын білдіріп, өзінің осы жасқа дейінгі еңбек жолы мен балалық шағын сағына еске алды. Одан әрі Филология институтының 4 курс студенті Айткәрімов Бауыржан Абайдың «Сегіз аяқ» әнін әуелете орындап, думанды кешті қыздыра түсті. Кеш барысында студенттер мен магистранттар Р.Сыздықоваға көптеген сұрақтар қойып, ой бөлісті. Сондай-ақ Филология институтының жас ақындары Ержанов Алмат, Айткәрімов Бауыржан, Сағидолла Қазыбек Р.Сыздықова апайға арнаған өлеңдерін оқыды. Өзінің шәкірттік ықыласын осылай білдірген жас ақындарға Р.Сыздықова ұстаздық ақ ниетін білдіріп, таңдамалы еңбектері жинақталған кітабын тарту етті. |