Абырой биігіндегі Абай университеті
Абай есімін арқалап абырой биігіне көтерілген, мыңдаған түлек ұшырып, ұлағатты ордаға айналған қазақтың тұңғыш университеті өзінің табаны күректей тоқсан жылдық ғұмыр соқпағында қалың елімен бірге талай тарихи сәттерді өткерді. Қуғын-сүргін науқаны қызған тар заманда қазақ көгіне білім мен ғылым шамын жағып, азат ойлы ұрпақ тәрбиелеуді көксеген Алаш қайраткерлерінің айшықты қолтаңбасы Абай университетінің әр белесінде менмұндалайды. Саналуан сынақ пен жалпақ жұрттан сүйінші сұратқызған шадыман күндерге де осы оқу ошағы куә. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Такир БАЛЫҚБАЕВПЕН әңгімеміз жанкештілікпен еңбек еткен кешегі ұлт қайраткерлері, ұстаздар даярлайтын киелі орданың ендігі мақсат-міндеті, білім сапасын арттырудың алдағы бағыт-бағдары, студенттердің жатақханамен қамтылуы, олардың ғылымға қызығушылығы, тоқсан жылдық тойдың түйіні мен тұжырымы төңірегінде өрбіді.
- Такир Оспанұлы, еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орнының тізгінін ұстағалы бір жарым жылдың жүзі өтіпті. Аз уақыттың ішінде жемісті жобаларыңызбен университеттегі сапа көрсеткішін көтеріп үлгердіңіз. Оның үстіне, таяуда ғана Елбасы қабылдауында болып қайтқаныңыздан қалың ел құлағдар. Мемлекет басшысы қандай міндеттер жүктеді?
- Бұл қабылдау менің өмірімдегі тарихи сәтпен тең десем, еш қателеспеспін. Өйткені, Елбасымен көпшілікпен өткен жиындарда болмаса, емен-жарқын жеке жүздесуім - тұңғыш рет. Көреген, көзіңнен көп нәрсені танып-білетін сұңғыла жан ғой. Алғашында бойымызда толқыныстың қылаң бергені рас. Бірақ мұндай сәтте Президент білетін өз салаң бойынша бірнеше сұрақ қойып, қабылдап отырған адамын толқу сезімдерінен арылтып алады екен. Өзім басқарып отырған оқу ордасына қатысты салалық сауал қойған соң мен де өзімді еркін сезіне бастадым. Елбасының алдында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауды іске асыру аясында есеп бердім. Президентіміз Абай атындағы ҚазҰПУ-дың арғы-бергі тарихын терең біледі. Өзінің киелі оқу ордасына жасаған кезекті сапарлары, ұлағатты ұстаздар қауымы, жоғары білім беру жүйесіндегі университеттің орны жайлы кеңінен әңгімеледі.
Кездесуде Елбасының білім саласына ғана емес, бүкіл ел игілігіне қажетті жүйелерге жасап жатқан қамқорлығын шын жүрегіммен сезінгендей болдым. Қабылдауда Мемлекет басшысы: «Бұл университет - Қазақстанның алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің негізі осы оқу ордасынан басталады деуге болады. Сіз және бүкіл оқытушы-профессорлар құрамы отандық білім беру ісіне алдағы уақытта да үлес қосатындарыңызға сенім білдіремін», - деді. Сөзін ары қарай жалғаған Президент Абай университетінің тоқсан жылдық абырой белесіне тоқталып: «Мен сіздердің 90 жылдық мерейтойларыңызға өзім келейін деп едім, бірақ мүмкіндігім болмады. Сондықтан, арнайы Құттықтау хатымды беріп, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованы жібердім. Менің бұл университетке көзқарасым ерекше. Мен сізді университеттің 90 жылдығына байланысты бүкіл ұжым атынан қабылдап отырмын. Ұжымыңызға менің құттықтауымды жеткізуді тапсырамын», - деп атап өтті.
Қабылдау жарты сағатқа созылды. Алайда көптеген маңызды мәселе көтерілді. Атап айтқанда, университет мерейтойының қалай өткендігі, Жолдау бойынша атқарылған жұмыстар, Педагог мәртебесі туралы қабылданатын Заңға атсалысу, бәсекеге қабілеттілік мәселелері туралы сөз болып, нақты іске асып жатқан шаралардың нәтижелері сұралды. Әсіресе, университеттің бәсекеге қабілетті болуы бірден-бір заман талабы екені айтылып, нақты тапсырмалар жүктелді. Мен Елбасына университеттің 90 жылдығына байланысты атқарылған шараларды таныстырдым. Сонымен бірге, Еуразиялық педагогикалық жоғары оқу орындары қауымдастығының форумын, математикалық модельдеу жөніндегі халықаралық конференция өткізгенімізді айттым. Ары қарай Франциядағы жоғары оқу орындары басшыларымен бірнеше келісімшартқа қол қойғанымызды, Түлектер форумын және салтанатты мәжіліс ұйымдастырғанымызды, бұл шараларға шетелден 200-ге жуық ғалым, 70-ке тарта университет басшысы қатысқанын, сондай-ақ, Педагог мәртебесі туралы Заң жобасын жасақтап, министрлікке табыстағанымызды баяндадым.
Елбасы кездесуде: «Бәсекелестік артып тұрған заманда өзге университеттерді қалай басып озасыңдар?» - деген сауал қойды. Бұл сұрақ кез келген ұжымды ойландыратыны рас. Бірақ бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар өз жемісін беріп жатыр. Мәселен, университеттің стратегиялық жоспары бойынша Еуразиялық одаққа мүше елдер арасында 45 жоғары оқу орны ішінде көшбасшылыққа талпынып отырмыз. Сондай-ақ, әлемдік рейтингте біздің оқу ордасы 481 орынға тұрақтады. Алдағы уақытта біз 450 орынға дейін көтерілуді мақсат етіп қойдық. Президент қабылдауда Сорбонна-Қазақстан институтының жай-күйін сұрады. Мен Елбасы бастамасымен құрылған халықаралық институтта 77 магистрант мамандық алып шыққанын, мұндағы студенттер қос диплом иеленетінін тілге тиек еттім. Мұның бәрін егжей-текжейлі айтып отырған себебім - Елбасының отандық білім мен ғылымға деген қамқорлығын, адамгершілік қасиеттерін паш ету.
Өткен аптада Елбасының алдына барып, тағы да мерейім үстем болып қайтты. Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алдым. Бұл мен үшін үлкен мерейлі сәттің бірі әрі елімнің еңбегімді елегені деп білемін. Мемлекетім осылай сенім артып жатса, оны ақтау - азаматтық парызым.
- Марапатыңыз құтты болсын!
- Рахмет! Марапат менің ғана емес, ұжымымның да жетістігі. Біздің университеттен бірнеше ғалым-ұстаз «Парасат», «Құрмет» ордендерін, «Ерен еңбегі үшін», «Ы. Алтынсарин», «Абай атындағы ҚазҰПУ-ға - 90 жыл» медальдарын иеленді. Барлық әріптестерімді мерейлі сәтімен шын жүректен құттықтаймын. Олардың әрқайсының ғылымда алатын орны зор.
- Абай университеті - кезінде Алаш арыстары шоғырланған, қазақ ғылымы мен білімінің іргетасын қалаған, отандық оқу-ағарту ісінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан үлкен рухани орда. Қазақ педагогикасының қара шаңырағы қалай құрылып еді?
- Көп адам біздің университеттің құрылу тарихында мына нәрсені ескере бермейді. Мен соған тоқталайын. Абай атындағы ҚазҰПУ - Қазақстандағы тұңғыш университет! Алайда көпшілік алғашқы университет ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды, ал тұңғыш институт десе, бірінші ҚазҰПУ-ды, бұрынғы атымен жеткізсек, әйгілі ҚазПИ-ді атайды. Оқырмандарға олай емес екенін түсіндіре кетейін.
1928 жылы қазан айында біздің оқу орны Қазақ мемлекеттік университеті деген атаумен ашылды. Алғашқы кезде оқу ордасы педагогикалық, ауылшаруашылығы және медицина бағытында құрылды. Алайда қазақ даласындағы тұрғындарды жаппай сауаттандыру мақсатында педагог мамандарды даярлау бірінші кезекке қойылды да, соңғы екі бағыт бойынша кейіннен бөлек-бөлек институттардың іргетасы қаланды. Яғни, екі жыл өткеннен соң университет сөзі алынып тасталады да, Қазақ педагогикалық институты деген жаңа атауға ие болады. Сондай-ақ, 1935 жылы қазақтың ғұламасы Абай Құнанбайұлының есімі беріледі. Институтқа университет атауы тек тәуелсіздік алғаннан кейін, дәлірек, 1992 жылы қайтарылды. Тұңғыш жоғары оқу орнында әуелде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құралған жалғыз факультет жұмыс істеді. Оқу орнында алғашқы жылдары ұлтын сүйетін, білімі терең, бірнеше тілге жүйрік Алаш қайраткерлері еңбек етті.
Ұлтымыздың мақтаныштары Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Темірбек Жүргенов, Ілия Қабылов, Бәймен Алманов секілді қайраткерлер бар білгенін, бойына жиған-тергенін жастарға үйретті. Бұл тұлғалардың есімдері қазақ тарихына алтын әріптермен жазылған. Бұлардың әрқайсысы қазақ ұлтына рухани сілкініс алып келді. Сауат ашуда, өзге елдермен тереземізді теңестіруде сіңірген еңбегі зор. Азаттық жолында таудай қызметтер атқарған Алашорда мектебінің идеологиясы осы оқу ордасында ары қарай жалғасын тапты десек, еш қателеспейміз. Ұлт руханиятын ұлықтаған сөз зергерлері Мұхтар Әуезов, Құдайберген Жұбанов, Сәрсен Аманжолов, аты аңызға айналған М. Жолдыбаев пен Ә.Ермеков ше?! Бәрі осы тұңғыш университетте дәріс оқи жүріп, кейінгі ашылған оқу орындарына ауысты. Мәселен, Мұхтар Әуезов Қазақ университетіне осы ҚазПИ-ден барған. Аты Алашқа әйгілі Ахмет Байтұрсынұлы, қазақтың Ахаңы Абай университетінде бірнеше жыл тіл білімінен, қазақ әдебиетінен дәрістер оқыды. Сәкен Сейфуллин қазақ әдебиеті тарихынан студенттерді рухтандыра отырып, сабақ берген.
Оқу орнын ашуға, оны қалыптастыруға зор еңбек сіңірген алғашқы ректор - Санжар Асфендияровтың есімін ерекше ілтипатпен атаймыз. Араб, парсы, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген, дарынды ғалым, көрнекті қайраткер университеттің оқыту базасын қалыптастырды, студенттерді қабылдады, ұйымдастыру жұмыстарын жандандырды. Алғашқы ректор содан кейін ғана медицина институтына басшылық қызметке тағайындалған. Тағы бір айтатын танымал тұлғамыз, ол - Мәлік Ғабдуллин. Өзі батыр, өзі әдебиетші ғалым біздің оқу ордасын басқара жүріп, ауылдан келген талапкерлерге әкелік, ағалық қамқорлығын таныта білді. Ал кейінгі уақытта ғылымның дамуында айшықты із қалдырған мемлекет және ұлт қайраткерлері қаншама?! Іргелі оқу орнында дәріс берген, басшылық жасаған, түлеп ұшқан әйгілі тұлғалар өте көп.
- Өзіңіз жоғарыда сөз еткен Сорбонна-Қазақстан институты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олландтың қолдауымен ҚазҰПУ қасынан ашылғанын білеміз. Одан бері, қателеспесек, төрт жыл өтті. Университеттің халықаралық дәрежедегі орны қандай? Шетелдік оқу орындарымен байланыс қаншалықты деңгейде?
- Сорбонна-Қазақстан институты 2014 жылдың желтоқсанында ашылды. Бұл - Франциядағы 800 жылдан астам тарихы бар әйгілі Сорбонна-Париж сити университетінің филиалы. Мұндай филиал бұған дейін тек Сауд Арабиясында ғана ашылыпты. Сіз айтқан екі елдің басшылары оқу ордасының тұсауын кескен соң мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысты. Сонымен бірге, оқу орнының алғашқы шәкірттерімен жүздесіп, жүрекжарды тілектерін білдірген еді. Бұл біздің университет тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі саналады. Мұндағы шәкірттер ҚазҰПУ-дың және Париждегі Сорбонна университетінің дипломдарын алып шығады. Франциялық оқу ордасының ҚазҰПУ жанындағы филиалында менеджмент және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша 42 магистр қос диплом иеленді. Ал 2017 жылы 22 маман диплом алды. Бакалаврдың үшінші немесе төртінші курсында үздік оқитын студенттер Сорбонна Париж Сити консорциумына мүше университеттердің бірінде білімін жалғастыруға мүмкіндігі бар.
Университет қабырғасында халықаралық байланыс басты орынға қойылған. Өйткені, білімде шекара, ұлт болмайды. Білімнің көкжиегі шексіз емес пе? Адам өмір бойы білім алудан жалықпауы тиіс. Бұл жағынан ҚазҰПУ халықаралық маңызы зор жобаларды жүзеге асырып отыр. Мәселенки, былтыр ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Идеялар түні - біртұтас әлем» ғылыми-мәдени іс-шарасы өткізілді. Осы шараға 500-ден астам қонақ шақырылып, әлемнің барлық елдеріне онлайн режимде көрсетілді. Сонда «Сорбонна-Қазақстан» институтының студенттері асқан белсенділігімен көзге түсіп, түрлі сауалдарға жауап берді. Халықаралық университеттермен байланыс тек шаралармен шектелмейді. Сонымен бірге, оқу, білім, ғылым саласында да әріптестік орнаған. Биыл 10 білімгер халықаралық олимпиада мен түрлі конкурстардың жеңімпазы атанды. Ал 2016 жылы 595 магистрант және 23 докторант Еуропа, Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия және ТМД елдері аумағындағы университеттер мен ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге жіберілді. Шетелдік және республикалық басылымдарда 337 докторанттың, 622 магистранттың ғылыми мақалалары жарияланды.
Абай университеті әлемдегі 36 мемлекеттің алдыңғы қатарлы оқу ордаларымен келісімшарт жасасқан. Олардың ішінде, 20 келісім ТОП-500 әлемдік университеттердің академиялық рейтингінде кіретін жоғары оқу орындарымен орнатылған. Сонымен бірге, Қазақстанның Балон үдерісіне енуіне байланысты Еуропаның 16 елімен әріптестік байланыс бар. Қуанышты жаңалықтың бірі - биыл Ұлыбританияның Кембридж және Сассекс университеттерімен келісімге қол қойылғаны. ҚазҰПУ Франкофонды университеттер қауымдастығына қабылданғанын мақтанышпен айтамыз. Әрі қазақ-қытай, Вьетнам мәдени ағарту орталығы жұмыс істейді.
Студенттер тек шетелге шығып қоймайды. Шетелдегі білім алушылар да Абай университетінде оқуын жалғастыруға ынта танытып отыр. Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Ауғанстаннан, Түркиядан, Моңғолиядан, Ресей мен Өзбекстаннан келген шетелдік студенттер баршылық. Біздің оқу орнынан семестрлік оқуға жіберілетін білімгерлер де жеткілікті. Әсіресе, Литва еліндегі Каунас, Вильнюс, Миколаса Ромериас секілді бірнеше университетте біздің студенттер тұрақты білім алуын жалғастыруда. Сондай-ақ, Польша, Жапония елдерінің оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Қысқа қайырсақ, Абай университеті 11 халықаралық ұйым мен қауымдастыққа мүше. Шетелдік университеттермен жалпы 130 келісімшарт жасалған.
- Қазір орта білім беру жүйесінде оқу бағдарламалары жиі өзгеріске ұшырайды. Халық ішінде жаңа білім беру жүйесін сынаушылар да, қолдау танытып жатқандар да көп. Мұндайда мектептегі реформаларды кәсіби тұрғыда түсініп, ары қарай игеріп кететін білікті маман даярлау ісі қалай деген заңды сұрақ туындайды.
- Дұрыс айтасыз. Мен басшылыққа келгеннен кейін осы мәселеге қатысты университет оқытушыларымен арнайы басқосу өткіздім. Семинар түрінде ұйымдастырылған жиында біз мамандар даярлаудың оқу мазмұны қандай болу керек деген күн тәртібіндегі мәселені талқыладық. Яғни, сіз айтқандай, мектеп қабырғасында жаңа мазмұндағы бағдарламалар енгізіліп жатыр. Ал сол жаңа бағдарламаны оқытуға мұғалімдер қаншалықты дайын? Мәселен, биыл біздің университетті 1900 түлек бітірді. Олар мектепке мұғалімдікке орналасқанда бірден жаңартылған бағдарлама бойынша білім бере алуы тиіс.
Бұл мәселе бойынша өткізілген семинарлар нәтижесіз емес. ҚР Білім және ғылым вице-министрі де келіп, басқосуымызға қатысып кетті. Нәтижесінде, университеттегі 23 бакалавр мамандығының оқыту бағдарламасын қайта жасадық. Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа жүйені студенттерге де енгізе бастадық. Әрине, мектеп бағдарламасын қатар игеріп, соған сай маманды бір жылда даярлап отыру мүмкін емес жағдай. Сондықтан, мектептегі реформаларды игеруді, оны оқытуды бір жыл кешігіп жүргізіп келеміз. Мұның өзі түсінген адамға үлкен жетістік деп есептеймін. Тағы бір айта кететін дүние, қазіргі таңда орта білім ордаларында оқушыларды бағалау жүйесі өзгерді. Ол бойынша біз де университеттің оқу жүйесіне толықтырулар енгіздік.
Тағы маңызды мәселе - қазақ тілінің таңбалануын латын графикасына көшіру міндеті. Елбасы қабылдауында бұл тақырып та көтерілді. Мемлекет басшысы латын қарпіне көшуді өз назарында ұстап отыр. Кездесуде латын графикасына өтуге байланысты да тапсырмалар берілді. Елбасы графикамен бірге грамматикалық өзгерістердің болатыны жайлы да әңгіме қозғады. Біздің университет бүгінде Тіл білімі, Әдебиет және өнер, Тарих және этнология институттарымен бірлесіп, латын графикасы орталығын аштық. Емле ережесі бекітілген соң мұғалімдерді оқыту, орталық жұмысын жандандыру істерін бастамақшымыз.
Білімді де білікті кадр даярлауда үштілділікті де ескеру керекпіз. Мектепте жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту міндеті қойылып отыр. Физика, информатика, химия, биология сияқты пәндерді оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі. Университетте осы пәндерді ағылшынша оқыта алатын маман даярлау да кезек күттірмейтін міндеттің бірі. Бұл бойынша оқу бағдарламалары әзірленді. Осы ретте 19 оқулық ағылшын тілінде дайындалды. Сөз арасында айта кетейін, орта білім беру жүйесіндегі оқулықтардың 85 пайызын біздің университеттің ғалымдары жазған. Негізгі мақсатымыз - бәсекеге қабілетті, жаңа бағдарламаларды жетік меңгерген білікті мұғалім даярлау.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел көлемінде жоғары оқу орындарына жалпы 75 мың студентті қамтитын жатақханалар салу міндетін жүктеді. Бұл бастама шәкіртақысын пәтер жалдауға жұмсап, көшіп-қонудың зардабын тартып жүрген ауыл жастарын қуантты. ҚазҰПУ-дың жатақханасы, студенттердің ең қызықты орны, жастықтың ыстық мекені жайлы не айтасыз?
- Елбасы Бес әлеуметтік бастамасында жастарға кеңінен көңіл бөлді. Үшінші бастамасында 2022 жылға дейін кемінде 75 мың орынға арналған жатақханалар тұрғызуды тапсырды. Сонымен бірге, 20 мың қосымша грант бөлуді жүктеді. Жастардың алаңсыз білім алуына жасалып жатқан мұндай қамқорлық әлемде көп елдерде жоқ.
Абай университетінде студенттердің жатақханамен қамтылу деңгейі жоғары деп айту қиын. Өйткені, студенттердің саны жылдан-жылға өсіп келеді. Былтыр білімгерлердің саны 7 мың адамды құраса, биыл 8 мың 500 студентке жетіп отыр. Бұл өз кезегінде жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін туындатады. Бір жылда орта есеппен мың, мың жарым студентке өсіп келеді. Студенттердің 6500-ден астамы бакалавр деңгейінде білім алуда. Сонда біз 4 мыңнан аса білімгерге жатақхана беруіміз керек болып шығады. Бізге келетін студенттердің дені облыстан, ауылдық аймақтардан, яғни, бакалаврдың 70 пайызы қаладан шалғай елді мекендерден. Сондықтан, олардың бәріне жатақхана беру қиын шаруа. Орын жетпейді.
Қазіргі таңда 1900 студент жатақханада тұрады. ҚазҰПУ-ға тиесілі 5 жатақхана ғимараты бар. Бесеуі де ескірген, іргетасы тозған. Бірақ күрделі жөндеу жұмыстары жылда жүргізіледі. Заманауи жабдықтардың бәрі қойылған. Өткен жолы «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаевпен кездестік. Сонда редактор ҚазҰПУ-дың жатақханасында өмірге келгенін айтып қалды. Ата-анасы осы біздің жатақханалардың бірінде тұрыпты. Марат Тоқашбаев қазір 69 жаста. Енді есептей беріңіз, үш жатақханамыздың іргетасы 70 жыл бұрын шамасында қаланған. Соңғы салынған студенттер үйінің өзіне 35-40 жылдың жүзі өтті. Ал ҚазҰПУ-дың бас ғимараты 30 шақты жыл бұрын тұрғызылған.
Жуырда университеттің меншігіне тиесілі жер аумағы Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен заңдастырылды. Келер жылы сол жер теліміне үлкен жатақхананың құрылысы басталады деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, болашақта қазіргі бес ескі жатақхананың орнына көпқабатты жаңа студенттер үйін салсақ деген ойымыз бар. Ал жатақхана қандай студенттерге берілетінін айта кетсек, бірінші кезекте, бірінші курстарды, одан кейін әлеуметтік жағдайы қиын, жетім немесе жартылай жетім, мүгедек отбасынан шыққан, оқуда, қоғамдық жұмыстарды атқаруда белсенді студенттерді қамтыдық. Болашақта жатақханаға қатысты жобаларымыз жүзеге асса, студенттердің ең өзекті мәселелерінің бірі толық шешіледі деп ойлаймын.
- ҚазҰПУ-дың 90 жылдық торқалы тойы ел ғана емес, халықаралық деңгейде де аталып өтті. Оған биыл ұйымдастырылған халықаралық шаралар куә. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, мерейлі күн несімен есте қалды?
- Университеттің 90 жылдығына 90 іс-шара ұйымдастырдық. Қыркүйек, қазан айларының 25-5 күндері аралығында біз тойдың негізгі шараларын қолға алдық. Атап айтқанда, осы онкүндік ішінде үш халықаралық конференция өткіздік. Салтанатты шараның қорытындысы университетімізде 21 жыл ректор болған Тоқмұхамед Садықовқа арналды. Ол кісі 70 жасында өмірден озды. Конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин арнайы келіп қатысып, баяндама жасады. Т. Садықов Мәжіліс төрағасының ғылыми жетекшісі болған екен. Шараға 25 елден 120 ғалым келді. Қазақстандық ректорлар, отандық зерттеушілер де тойымыздың құрметті қонағы болды.
Университеттің 90 жылдық тойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысуға ынта білдіріп, келе алмай қалғанын кейін айтты. Бірақ Құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова арқылы жолдап, университет ұжымы мен қатысушы қонақтарға ыстық лебізін білдірді. Салтанатты жиналыстың соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Оған сырттан өнер жұлдыздарын іздеп әуре-сарсаңға түспедік. Өз оқу ордамыздың түлектері Рамазан Стамғазиев, Медеу Арынбаев, Гүлмира Ақүрпекова, «Қоңыр» тобы сынды өнер иелері кештің көркін қыздырды.
Қарап отырсақ, ҚазҰПУ қабырғасынан осы уақытқа дейін 170 мыңнан астам түлек ұшыпты. Олардың басым көпшілігі, әрине, ұстаздар. Университеттің 90 жылдығы туралы мерзімді басылымдарда жазылып, телеарналарда айтылды, көрсетілді. Бір қызығы, бірде-бір меншікті басылым біздің университет туралы жазғанда ақы талап еткен жоқ. Бүкіл ақпарат құралдары мерейтойды барынша айшықтап көрсетті. Тіпті, кейбір ғылыми-танымдық журналдың басшылары біздің университет арқылы басылым рейтингін көтеріп алғанын айтты. Бұл - ұстаздар даярлайтын ұлы ордаға деген халықтың құрметі.
Біз 90 жылдық арқылы өткенімізді түгендедік, бүгінімізді сараптадық, келешегімізге жоспар құрдық. Бұл жиынның орны бөлек. Бәсекеге қабілетті оқу орындарының алдыңғы қатарынан төмендемеу үшін не істеуіміз керек деген сауалға жауап іздеп, нақты шараларды бекіттік. Қазіргі таңда 2025 жылға дейін бекітілген өз стратегиямыз бар. Стратегияның негізгі мәні - ХХІ ғасырдың жаңаша ойлайтын мұғалімдерін оқытып шығару. Оның үстіне, қазіргі заман талабына сай әрі бәсекеге қабілеттілік таныту үшін шетелдік студенттер тарапынан сұраныс көп болуы тиіс. Бізде шетелдіктердің үлес салмағы 3,5 пайызды құрайды. Болашақта біз бұл көрсеткішті 5 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Неғұрлым шетелден келіп оқитын студенттердің саны көп болса, соғұрлым университет сапасы көтеріледі. Қазір біз әлемдік жоғары оқу орындарының рейтингінде үздік 500-дің ішіне кіреміз. Бұл қатарда Қазақстаннан 4-5 оқу орны ғана бар. Абай университеті қазір әлемде 471 орында тұр. Стратегиямызда 450-ге дейін көтерілу мақсаты айқындалған. Ол күн де алыс емес шығар деген ойдамын.
- Такир Оспанұлы, сіздердің студенттік шақ пен қазіргі жастардың өмірін салыстыру қиын. Естуімізше, кеңестік кезеңде ғылымға деген қызығушылық ерекше болған деседі. Қазіргі жастардың ғылымға келуі, оқуын ары қарай жалғастырып, өз саласында іздену деңгейі сізді қанағаттандыра ма?
- Расымен, біздің жастық дәуір сәл басқашалау болды. Өзімнің жастық шағымдағы ғылыми ортамен салыстырғанда қазіргі аудитория мүлде бөлек. Заманның талабы солай ма, өмір ағыны өзгеріп кетті ме, әйтеуір бұрынғы уақытпен салыстырмалы түрде қарасақ, студенттер ғылымға бет бұруда белсенді емес. Бізде бакалавр, магистратурамен қосқанда барлығы 135 мамандық бар. Әр мамандықтан білікті педагог даярлау - университет ұжымының алдыға қойған міндеті. Мамандықтардың бәрінде ғылыммен шұғылдануға мүмкіндіктер жасалған. Алайда жастардың көбісі пайда табатын бағытқа барғысы келеді. Өкінішке қарай, ғылым саласында ондай мүмкіндік аздау. Ғылым пайда табу жағынан сұранысқа сай болмай тұр. Ал университет тарапынан студенттердің ғылымда қалуы үшін нақты іс-шаралар қолға алынған. Пәндік олимпиадалық байқауларға, ғылыми жобалар жарысына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген жастар бар.
ҚазҰПУ-да биыл 300-400 аралығында магистрант бар. Негізінде, ғылымға бет бұрғандар деп осыларды айтуға болады. Біз жастарды ғылымға ынталандыру үшін 1 миллион теңгеден грант бөлдік. Отыз жасқа дейінгі жас ғалымдар ғылыми жобалары үшін миллион теңге иегері атана алады. Сонымен бірге, министрліктен гранттардың үштен бір бөлігі жастар болу керектігі көрсетілген нұсқау бар. Осындай ынталандырудың нәтижесінде жас ғалымдардың санын арттырып отырмыз. Әрине, бір жылдары мүлде жоқ еді. Қазір жастардың біртіндеп ғылымға келе бастағаны мені қатты қуантады.
Оның үстіне, оқу орны өз болашағын зерттеу университеті бағытында дамытуды қолға алды. Университетте ғылыми зерттеу бағыттары анықталған және жолға қойылған. Келешекте студенттердің санын 10 мыңға жеткізу - негізгі мақсаттарымыздың бірі. Соның ішінде, жас ғалымдардың да саны артады деген сенімдемін. Университет өзінің статусына сай білім, гуманитарлық, жаратылыстану, техника, әлеумет, бизнес, өнер, құқық бағыттары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында ірі ғылыми орталық саналады. Осы тұста былтырдан бастап оқу орнында жаңа ұйымдастыру құрылымы енгізілгенін айта кеткен орынды. Бүгінгі таңда университеттің білім беру қызметін мамандандырылған жеті институт атқарады. Сонымен бірге, ғылыми зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар Ғылыми инновациялық паркі болып қайта құрылды. Бұдан бөлек, бірнеше жаңа құрылымдық бөлімшелер аштық. Мысалы, біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту, студенттерге цифрлық қызмет көрсететін «Шапағат» орталықтары бар. Білімді ақпараттандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зертханасы секілді бірнеше бөлімдер жұмыс істейді. Оқу ордасында 8 диссертациялық және 1 жас ғалымдар кеңесі жұмысын жалғастырып келеді. Қоры мол ғылыми кітапханамыздан студенттер үзілмейді. Ал «Ұлағат» баспасының орны тіпті бөлек. Қазіргі таңда «Ұлағат» сериясымен кітаптар шығаруды қолға алдық. Мұндағы мақсат - университет түлектерін елге таныту, келешек ұрпаққа өнегесі мен ісін үлгі ету.
- Алматы облысының екі миллион тұрғынына, «жетісулық» оқырмандарға айтар ақ тілегіңіз, ой-пікіріңіз, ұсынысыңыз болса, бөлісе отырыңыз.
- Абай университетінде Алматы облысынан келген студенттер өте көп. Оқырмандарға айтарым, еліміздегі тұңғыш оқу ордасының тыныс-тіршілігі осы бір сұхбат шеңберінде шектеліп қалмайды. Кейбір дүниелер қамтылмай, айтылмай қалып жатса, біздің оқу орнының арнайы сайты, басылымы, кітаптары бар. Соларды оқи отырып, университетпен бірге болыңыздар дегім келеді. Әр оқырманның отбасына амандық, зор денсаулық тілеймін. Білімді, озық ойлы жастар көп болсын деймін.
«Жетісу» газеті маған жақсы таныс. Ғасырлық басылымның намыс оты ойнаған әйгілі желтоқсаншылардың суретін жариялап, тәуелсіздік алмай тұрып-ақ үлкен ерлік жасағанын білеміз. Газетпен таныстығым сол кезден басталды. Ол уақытта мен ҚазҰУ-да қызмет істейтінмін. Болашақта сіздердің газет арқылы Алматы облысы тұрғындарымен етене жақын, қоян-қолтық жұмыс істейміз деген ниеттемін.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қуаныш Тұнғатар
21.12.2018 ж.
Ақпарат көзі: zhetysu-gazeti.kz