Главная /
СМИ о нас
29.01.2019 Мұз үстіндегі мереке
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы мен студенттері Жастар жылының ашылуына арналған алғашқы іс-шараны «Медеу» мұз айдынынан бастады. Күн батып, аспан күмбезін мыңсан жұлдыз өрнектеген алакеуім шақ. Биік тау шатқалына орналасқан мұз айдынының бетін таудан соққан суық ызғар қарып тұрса да, университеттің біркелкі жарасымды форма киіп, аяақтарына жалт-жұлт еткен болат коньки байлаған 700-ден астам студенттері мұз үстіндегі мерекені әп-сәтте қыздырып жіберді. «Алға, Қазақстан!», «Алға, Қазақстан жастары!» деп ұрандатқан студенттердің асқақ үндері таудың биік шыңдарына қарай өрлеп жатты. Студенттердің бұл флешмобы Жастар жылының мәні мен мағынасын айқындай түскені сөзсіз.
Студенттерді Жастар жылымен құттықтаған университеттің бірінші проректоры, профессор Мақтағали Бектемесов Елбасының жастарға жасап отырған қамқорлығы туралы баяндады. Мемлекет басшысы Жастар жылының ашылуына арналған салтанатты форумда жас отбасыларын баспанамен, жұмыспен қамтуға, ғылым-білім, бизнес және өнер салаларында жүрген қыздар мен жігіттерді қолдауға, жастардың білім алуына, әлеуметтік жағдайын түзеуге, оларды отбасылық өмірге бейімдеуге бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылатынын айтып, жас буынның өмірге деген құлшынысын арттыра түсті. - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жастар жөніндегі саясатын жүзеге асыруға байланысты ректор Такир Балықбаевтың бастамасымен университетте көптеген мақсатты жұмыстар жүзеге асырылуда. Жастар жылына арналған іс-шаралар жоспары да ауқымды. Бүгінгі мұз айдынында жаппай сырғанау, флешмоб, мұз үстіндегі мереке - міне, осының бәрі жастар жылына арналып отыр, - деді бірінші проректор М.Бектемесов.
Бұдан кейін асқақтата ән шырқап, дөңгелене би билеп, конькимен заулата сырғанаған жастар «Медеу» шатқалын түннің біразына дейін жаңғыртып жатты. Жастар жылына арналған мұз үстіндегі мерекені жоғары деңгейде өткізген университет ректоры Такир Балықбаевқа, бірінші проректор Мақтағали Бектемесовке және тәрбие ісі жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаевқа, сонымен қатар тәрбие және жастар ісі жөніндегі департамент қызметкерлеріне көпшілік шын көңілден алғыс айтты. Көмкерілген жиегі, Көк айдынды сүйеді, Сүйеді жастар Алатауымды.., - деп Қадыр ақын жырлағандай, жастар өздерінің жарасымды әзілі мен әдемі күлкілеріне куә болған тау шатқалы мен Медеудің айнадай мұзына қимастықпен қарай-қарай қайтты.
Авторы: Рая Ескендір 29.01.2019 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|