қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
31.01.2019

Фото-тілшінің көрмесі

 


 

«Суретті түсірген Нұрманбет Қизатов». Елу жылдан астам уақыттан бері Қазақстан басы­лым­дарында үзбей жарияланып келе жатқан бұл есім еліміздің газет-журнал оқитын көзі қарақты оқырмандарына жақсы таныс. Егіс алқаптары мен мал фермаларындағы қызу науқандарды, олардағы қарапайым еңбек адам­дарының жарқын істерін, мәдени-рухани өмірдегі жаңа­лықтарды әралуан көркем де келісті фото-суреттермен бейнелеп, респуб­ликаның тыныс-тіршілігінің фото-шежіресін жасаудан танбай келе жатқан Нұрманбет Қизатовтың Тә­уелсіз Қазақстанның мәде­ниеті мен руханиятына қосқан үлесі өлшеусіз.


Еңбек жолын Алматы облысы, Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде фото-тілші болып бастаған Нұрекеңді сонау бір жылдары Алматы облыстық «Жетісу» газетінің редакторы Пернебек Бейсенов өз газетіне қызметке шақыртқан еді. «Дарақ бір орнында көгереді» дегендей, кәсіпқой суретші Нұрманбет Қизатов осы газетте өсіп-өніп, көгерді және өз ісінің нағыз шеберіне айналды. Облыстың жақын және шалғай аудандарын жалықпай аралап, ауыл еңбеккерлерінің фото-бейнелерін жасады, ай­мақтың тыныс-тіршілігін таң­­ғажайып туындылары ар­қылы қалың көп­­шілікке жедел жеткізіп отырды. Оның облыс өмі­ріндегі маңызды оқиға­лар­­дан сыр шер­тетін фото-репор­таждары, фото-очерк­тері, порт­рет­тік туын­дылары жал­ғыз «Жетісу» газетінде ғана емес, республиканың аға басы­лымдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қа­зақстан») мен «Казахстанская правда» газеттерінен бастап еліміздің барлық басылымдарында жарияланып жатты. Тіпті мемлекет басшыларының сапарлары мен кездесулерін түсірген суреттері қан­­шама?! Көр­нек­ті мем­лекет және қо­ғам қай­­раткері Д.А.Қона­ев­тың жә­не бас­қа да ірі тұлғалардың, әде­­биет, мә­­дениет және өнер қай­рат­керлерінің Н.Қизатов жа­саған фотогале­реясы та­рихқа тұ­нып тұр десек асыра айтқан­ды­ғымыз емес. Нұ­ре­кеңнің же­ке ар­хивін­дегі бума-бума су­рет­­тер ел тари­хының бір бөл­ше­гі іспетті.


Жасы 80-ге жақындаса да бел шешіп қарап отыра алмайтын Нұрекең бү­гінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің Қоғаммен байланыс бөлімінде фототілші болып қызмет істеп жүр. Жас жігіттей қажырлы, ылдым-жылдым ақсақал оқу орнының тыныс-тіршілігін фото-туындыларымен бейнелеп, университет сайтын керемет суреттермен көркейтуде және республиканың басылымдарында жариялауда. Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орнының 90 жылдығына арналған кітаптар мен фото-альбомның да ажарын айшықтаған Нұр­манбет Қизатовтың туындылары болатын.


Жақында қарашаңырақ оқу орнында Н.Қизатовтың көр­­­­некті мемлекет және қоғам қайраткері, үш дүркін Со­циа­­­листік Еңбек Ері, қазақ хал­қы­ның біртуар тұлғалы пер­­зенті Дінмұхамед Ахмет­ұлы Қо­наевтың туған күніне арнал­ған фотокөрмесі болып өтті. Көр­меге суретшінің ел тәуелсіздігінен бұрынғы ке­зең­­дерді қамтитын сирек туын­дылары қойылып, көрер­мен­дер оны зор ынтамен тама­шалады. Бұл іс-шараға Ал­матыдағы Д.А.Қонаев му­зе­йінің қызметкерлері де қа­ты­сып, фотожурналистке қол­­дау көрсетті.


«Еңбегіңіз жана берсін, шаршамаңыз, Нұреке!» десті көрермен қауым Н.Қизатовқа.

 

 

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы.

31.01.2019 ж.

Ақпарат көзі: pr-hal.kz