қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
15.04.2015

ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛДЫ

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тарих және шетелдік студенттермен жұмыс факультетінің базасында 5В011400 - «Тарих» мамандығы бойынша VII республикалық пәндік олимпиадасы өз мәресіне жетті.
Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған бұл Олимпиаданың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры, профессор Мүбарак Ермағанбетов оған қатысушыларды құттықтай келіп, пәндік олимпиаданың мақсаты мен міндеті - Қазақстан жастарының белсенді өмірлік және азаматтық бағдарын қалыптастыруға, студенттердің кәсіби-тұлғалық мүмкіндігін ашуға, олардың өзін-өзі тануына, шығармашылық белсенділігін көтеруге және ерекше білімді және қабілетті студенттерді тауып, оларға қолдау көрсетуге саятынын атап көрсетті. Сондай-ақ университет проректорлары Ақтолқын Құлсариева мен Ғабит Кенжебаев сөз сөйледі.
Екі күнге созылған пәндік олимпиадаға республика бойынша 26 жоғары оқу орнының 26 командасы қатысты. 3 кезең (тур) бойынша өткізілген олимпиаданың І кезеңінде «Қазақ хандығының 550 жылдығы - ұлттық тарихтың тағдыршешті кезеңі» тақырыбы бойынша әр команда өз жобаларын қорғады. «Бүгінгі тарихшы - студент - ертеңгі кәсіби маман» тақырыбын қамтыған ІІ кезеңде ГОСО - ның міндетті пәндері бойынша Олимпиадаға қатысушылар «Қазақстан тарихы», «Әлем тарихы», «Этнография», «Археология», «Түркі халықтарының тарихынан» білімдерін сынға салды. «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» (Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған) тақырыбымен өткен ІІІ кезеңде білім сайысына қатысушылар этномәдени танымдылық бойынша сынға түсті.
Республикалық пәндік олимпиадаға командалардың бәрі де жақсы дайындықпен келгенін көрсетті. Жалпы командалық есепте бірінші орынды Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының командасы (жетекшісі тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Жүрсінбаев) жеңіп алды. Екінші орынды Алматыдағы Д.Қонаев атындағы көлік және құқық гуманитарлық университетінің командасы (жетекшісі - тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.Қ.Шорманова) мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің командасы (жетекшілері - тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Төлекова және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Е.Қалиева) иеленді. Үшінші үш орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті (жетекшілері - тарих ғыымдарының кандидаты, профессор А.И.Исаева, тарих магистрі, оқытушы А.Е.Әбдіханова), Алматы университеті (жетекшісі - ғылым магистрі Г.Астемес) және Шымкенттегі Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университеті командасы (жетекшілері - тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Найманбаев) қанжығаларына байлады.
Әділ қазылар алқасы студенттер арасындағы білім сайысы бойынша І орынға Еуразия гуманитарлық университетінің студенті Мұса Анафин лайық деп шешті. Екінші орынға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Шәріп Нұрғали, үшінші орынға С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Жансая Шәріпханова ие болды. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сондай-ақ олимпиада өткізіп отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің арнаулы Кубоктарымен және Дипломдарымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті командалары марапатталды.
Жеңімпаздарды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және шетелдік студенттер мен жұмыс факультетінің деканы Болат Жұмағұлов құттықтады. Олимпиадаға қатысушылар осы іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге тікелей басшылық еткен университет ректоры, академик Серік Жайлауұлы Пірәлиевке, Тарих және шетелдік студенттермен жұмыс факультетінің деканы, профессор Болат Жұмағұловқа алғыстарын білдірді.

 

Мырзахан Ахмет,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
Педагогикалық университеті
Ақпарат орталығының жетекшісі.