Главная /
СМИ о нас
12.03.2019 Асылы Осман: Қыз баланың көз жасы да киелі
Кездесуді ашқан факультет деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Таубаева Ғалия Закарияқызы студент-жастарға бүгінгі кештің қонағы Асылы Осман ханымды таныстырып, бұл шараның негізгі мақсатына тоқталды. - «Қазіргі таңда еліміздегі отбасы тәрбиесі, жастар мәселесі кезек күттірмес мәселе екені айтпаса да түсінікті. Жастарымыздың түрлі жат мәдениеттердің жетегінде кетуі отбасы тәрбиесінің әлсіздігінен болып отырған жағдай. Осыған байланысты біздің университетіміздің студенттері сапалы білім мен саналы тәрбиені қатар меңгеруі керек. Жастар тәрбиесі, оның ішінде, әсіресе, қыз бала тәрбиесі қандай болу керек? деген мәселені кеңінен қамтып, пікір-алмасу үшін біз бүгін Асылы апайымызды сөзге тартқалы отырмыз», деді Ғ.Таубаева.
Бұл кештің мәртебелі мейманы Асылы Осман ханым студенттерге ең бірінші отанды сүю керектігін айтып, өзінің өмір жолына тоқталды. Кешегі соғыс жылдары қазақ сахарасына жер аударылған Кавказ халқының өкілдерін өзекке теппей төрінен орын беріп, аузындағы асымен бөліскен қазақ елін «дархандығы - даласынан, тектілігі бабасынан дарыған» халық деп ерекше құрмет тұтатынын айтып өтті ол. - Мені дара тұлға еткен де, абзал азамат еткен де осы қазақ халқының кеңпейілділігі. Біз оны ешқашан да ұмытпауымыз керек. Біз осы тыныштық пен тұрақтылықтың мәңгі сақталуына барлығымыз да мүдделі болуымыз керек. Менің бір ғана отаным бар ол - Қазақстан. Мен осындай жерде, осындай халықпен бірге жасап келе жатқанымды әрқашан мақтан тұтамын, деді Асылы ханым. Сондай-ақ ол кісі қыз бала тәрбиесіне де кеңінен тоқталып, қазіргі мамыражай замандағы тастанды балалар мен көкек аналардың көбеюі тәрбие мектебінің дұрыс қалыптаспағандығында жатқанын айтып, біздің ер-жігіттеріміз намысты болып, қыз баланы ешқашан қорламауы керектігін де атап өтті. Өз сөзінде Асылы ханым «Қыз баланың көз жасы да киелі, наласы оның найза болып тиеді» деп халқымыз айтқандай, ер-азаматтар қаракөз қыздарымызды болашақ ана деп құрметтеуі тиіс. Сонда ғана өмірде болып жатқан келеңсіз жайлар орын алмайтын болады, деді Асылы ханым.
Сонымен қатар бүгінгі кеште студент-жастар өздерін мазалап жүрген түрлі мәселелер мен қоғамда боып жатқан түрлі жайттарға байланысты сұрақтар қойып пікір алмасты. Факультеттің талантты студенттері Айдынбек Өтеш, Ернар Тұрсын аналарға арнау оқып бір қуантса, Нұралы Айшаның «Жетімдер» монологы мен Айдана Еркінәліқызының ұстаздар мен Асылы ханымға арнаған өлеңдері жиылған қауымды бір ойландырып тастады.
Бүгінгі тәрбиесі мол танымдық кешті бастан-аяақ жүргізген Шетелдік азаматтарға арналған және ЖОО-ға дейінгі дайындық факультетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әбішева Рыскен Рахымқызы өзінің бай тәрбиелік тәжірибесімен бөліскен Асылы ханымға рахмет айтып, факультеттің сый-кәдесін табыстады. Бұл кеш ертеңгі жастарымыздың тура жолдан адаспауына бір септігін тигізетін маңызды шара болды.
Авторы: Құттыбаев Шоқан, Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімі 12.03.2019 ж. Ақпарат көі: qazaquni.kz |