Елбасының бес реформасы талқыланды
Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ұлықтау мерзімінен кейін жұмысты жаңаша бастағанын тек Қазақстан халқы ғана емес бүкіл әлем халықтары да аңғарып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Республикамыз тәуелсіздік алғаннан бастап еліміздің тұрақтылығы мен дамуына, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, сонымен қатар дамыған елдермен терезесі тең дәрежеде өмір сүруіне аянбай еңбек етіп келе жатқан, туған еліне бүкіл күш -жігерін арнаған сарабдал саясаткер, парасатты Елбасы. Қазақстан халқын жаңа қырынан әлемге тағы да паш ету мақсатында мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде қазақстандық мемлекеттілікті нығайтудың 5 реформасын ұсынғаны біздің елімізді ғана емес, сонымен қатар әлем елдерінің де қызығушылығын тудырғаны белгілі. Бұл реформа Қазақстан Республикасын осындай геосаяси дағдарыс заманында кедергілерден сүрінбей алға самғауына ықпал ететіні анық. Елбасымыздың осы реформасы еліміздің түпкір-түпкірінде басты тақырыпқа айналып, қызу талқыға түсіп жатқаны баршаға мәлім. Осындай игі іс-шара Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және шетелдік студенттермен жұмыс факультетінің Саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен өтті. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 реформасына байланысты «Жүз қадам жоспары -ұлтымыздың даңғыл болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстел мәжілісінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, профессор Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы, Тарих және шетелдік студенттермен жұмыс факультетінің деканы, профессор Жұмағұлов Болат Сағидоллаұлы, Саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, профессор Абсаттаров Раушанбек Борамбайұлы және университеттегі институттар басшылары мен профессор-оқытушылары, Алматы қаласындағы басқа да жоғары оқу орындарынан қонақтар қатысты. Мәжілісті Саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, профессор Абсаттаров Раушанбек Борамбайұлы жүргізіп отырды. Бүгінгі халқымыздың көкейінде жүрген келелі мәселені талқылау үшін дөңгелек үстелдің алғашқы сөзі проректор Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызына берілді.
Ақтолқын Тұрлыханқызы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 реформасына байланысты ел дамуы үшін болашақ мамандарға сапалы білім беру қажеттілігін атап көрсетті. Дамыған 30 елдің қатарынан көрінуіміз үшін бәсекеге қабілетті мамандар дайындаудың кезек күттірмейтін міндет екенін айтты. Сонмен қатар Елбасы тапсырмасын орындауда жиналған көпшіліктің пікірін ортаға салып, тұшымды ой түйіп қана қоймай сол ортақ мәселені жүзеге асыруға үлес қосу әрқайсымыздың міндетіміз,--деді ол. Тұшымды ой тастар сүбелі сөзден кейін Саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасының профессоры, Қазақстанның педагогикалық ғылым Академиясының академигі Қалдыбаева Тыныштық Жұмаділқызы «Қазақ қоғамын түбегейлі өзгерту -қоғамдық сананың түбегейлі өзгеруі» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада ол Елбасымыздың 5 реформасына кеңінен тоқталды. Ол реформада Сот билігінің құзреттілігін жоғарылату, Қазақстанның экономикасын нығайту, Қоғамның өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру тақырыптарында пікір алмасты. Баяндамадан кейін ҰҒА философия институты директорының орынбасары, профессор Серік Нұрмағамбетов, Абай атындағы ҚазҰПУ Білімгерлерді қабылдау мен мамандарды даярлауды бақылау орталығының директоры, профессор Иманбердиев Борасын және тағы басқа да профессорлар өз пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстел соңында профессор Абсаттаров Раушанбек Борамбайұлы ел болашағын жарқын ету жолында Елбасымыздың ұсынып отырған осындай реформаларын жүйелі түрде жүзеге асыру Қазақстан халқының басты міндеті болу керектігін баса айтты.