Главная
Новости
12.04.2019 Рухани жаңғыру - білім саласының жаңа көкжиегі
10 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Тарих және құқық институты «Әлем тарихы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру-білім саласының жаңа көкжиегі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның мақсаты - жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен Алматы қаласының үздік пән мұғалімдері қазіргі жаңартылған білім мазмұнын оқу үдерісінде қолдану тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Білім беру жүйесін тиімді басқарудағы технологиялар, нәтижеге бағытталған білім сапасын арттыру мәселелері мен шешу жолдары жөнінде ой бөлісті.
Конференция жұмысына қатысқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева рухани жаңғыру - қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш екендігіне тоқтала келе, құндылықтарымызды ұмытпай жас ұрпақты зерделі де зерек тұлға етіп тәрбиелеу қажеттігіне назар аудартты.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Қ.Қ.Құнапина, Орталық Азия университетінің доценті М.А.Хамитова, Алматы медицина колледжінің «Тарих және қоғамдық пәндер» кафедрасының меңгерушісі А.Н.Далиева сияқты профессор-оқытушылар және Алматы қаласының Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназия, Ш.Смаханұлы атындағы №62 гимназия, Сүйінбай атындағы №143 мектеп-лицей, әл-Фараби атындағы №145 ЖББМ, №146 мектеп-лицей КММ, №181 ЖББМ, М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей, №37 ЖББМ, №157 ЖББМ, Алматы облысы, Көкөзек ауылының орта мектебі, №2 ЖББМ мектептердің директорлары мен мұғалімдері білім саласының көкейкесті мәселелерін талқыға салды.
Секциялық жұмыстар барысында «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында ғылыми жоба байқауы өтті. Бұл байқауға 25-тен астам мектеп оқушылары және колледж студенттері қатысып, жүлделі I, II, III орындарды сарапқа салды.
Тарих және құқық институты |