Главная /
СМИ о нас
12.04.2019 Жыл аруы - Гүлзат!
Абай атындағы ҚазҰПУ-де Жаратылыстану және география институтының қолдауымен студенттік өзін-өзі басқару кеңесінің ұйымдастыруымен «Жыл аруы-2019» байқауын өткізіп, өз ханшайымын таңдады. Биылғы Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырған байқауға ай десе аузы, күн десе көзі бар, ақылына көркі сай, халқымыздың дәстүрі мен мәдениетін бойына жинақтаған, өнерлі де сымбатты жеті үміткер ару таңдап алынды.
Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған шараны институт директоры, профессор Күләш Каймулдинова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонан соң оқу жылы барысында белсенділігімен көзге түскен үздік студенттерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Байқау шарты бойынша арулар алты кезеңнен тұратын сайысқа түсті. «Қыз - ұлттың айнасы» демекші, қазақтың салт-дәстүрін бойына мейлінше сіңірген, қазақ қыздарының аяулы да сұлу болмысына лайық болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшысы болуды көксеген аяулы аруларға қазылар алқасының мүшелері - М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыш, Бүкілтүркі дүниесі ақындары фестивалінің лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ақын Болат Шарахымбай, «Ақиқат» журналының бөлім редакторы, журналист Дина Имамбай, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің оқытушысы, доцент Қастер Сарқытқан және университеттің Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Ділдәбек Дидарбек баға берді.
Биылғы байқауға қатысқан арулардың өрнегі жылдағыдан өзгешелеу болды десек, артық айтқанымыз емес. Соған орай көрермендер де оларға деген қошеметін аяған жоқ.
Осы бір тәрбиелік мәні зор іс-шараның қорытындысы бойынша биология мамандығының студенті Гүлзат Қасенқызы бас жүлдеге ие болып, «Жыл аруы-2019» атанды. Бірінші орынға география мамандығының студенті Айгерім Ибаділдаева көтерілсе, екінші орынға биология мамандығының студенті Алтынай Оразбекова лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орынға химия мамандығының студенті Мәдина Сәбетбек ие болды. Байқауға қатысқан арулардың ешқайсысы да атаусыз қалған жоқ. Барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталып, дипломдар мен гүл шоқтары табыс етілді.
Осы іс-шараның жоғары дәрежеде өтуіне ұйтқы болып жүрген иституттың Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, доцент Нұрлан Манаповтың айтуынша, ұлттың ұлы құндылықтары насихатталып, дамыта түсетін тағылымы мол мұндай мәдени шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Авторы: Айдар Қисабаев 12.04.2019 ж. Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz
|