қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
02.10.2015

Халықаралық конференция көрнекті ғалымға арналды


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 1998 жылдан бері Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетімен, В.П.Астафьев атындағы Кроснояр мемлекеттік педагогикалық университетімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тестілеу орталығымен бірлесіп «Білім мен ғылымдағы математикалық модельдеу және ақпараттық технология» тақырыбында Халықаралық ғылыми әдістемелік конференция өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Конференцияның негізгі мақсаты -білім беру мен ғылым саласында, мектептерді ақпараттандыру жүйесінде ғылыми-педагогикалық тәжірибелермен, ғылым жетістіктерімен алмасу болып табылады. Сондай-ақ аталған Халықаралық конференцияның міндетіне инновациялық-педагогикалық технологияларды, жаңашыл білім беру мен ғылым жетістіктерін математикалық модельдеу саласына батыл енгізу, әр алуан елдердің педагог-ғалымдарымен байланысты күшейту, Республикамыздың белгілі ғалымдарын ғылыми-педагогикалық және ғылыми-техникалық салаға көптеп тарту арқылы отандық білім берудің халықаралық беделін көтеру мәселелері кіреді.
Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аталған тақырыпта екі күнге ұласқан VII Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция болып өтті. Бұл конференция педагогика ғылымдарының докторы, профессор Есен Ықыласұлы Бидайбековтың 70 жасқа толуына және мектептерге информатика пәні енгізілуінің 30 жылдығына арналды.

Ғылыми іс-шараның профессор Есен Ықыласұлы Бидайбековтың 70 жасқа толуына арналуының да өзіндік себебі бар. Өйткені Қазақстан Республикасы мектептеріне «Информатика және есептеу техникасы» курсының мазмұнын жасап, оны оқытудың әдістемесін енгізуге белсене атсалысқан дәл осы педагог-ғалым Есен Ықыласұлы Бидайбеков болатын.
Қазақстанда әртүрлі педагогикалық мамандықтар шеңберінде білім беруді ақпараттандырудың концептуалдық негізін жасаумен профессор Есен Ықыласұлы Бидайбековтың ғылыми мектебі айналысып келеді. Есен Ықыласұлының оқулықтарындағы іргелі зерттеулерде білім берудің барлық деңгейлері үшін информатика мен білімді ақпараттандырудың теориялық-әдістемелік негіздері, информатика мұғалімдерін даярлаудың әртүрлі аспектілері қарастырылған. Профессор Е.Ы.Бидайбековтың ғылыми мектебінде 12 ғылым докторы, 31 ғылым кандидаты, 30 педагогика ғылымдарының магистрі бар. Ал Есен Ықыласұлының ғылыми-педагогикалық еңбегі елімізде ғана емес, онан тыс жерлерде де кеңінен таныс. Профессор Е.Ы.Бидайбековтың ғылыми-зерттеу еңбектерінің жалпы саны 540 болса, оның 20-сы монография, 45-і оқулықтар мен оқу құралдары. Ресейлік белгілі ғалымдармен тығыз араласа, қоян-қолтық жұмыс істеу арқасында Есен Ықыласұлының Ресей ғылыми жұртшылығының арасындағы беделі де жоғары. Ғалымның 70 жылдық мерейтойына арналған VII Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияға Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Игорь Михайлович Реморенко, Ресей ғылым академиясы С.Л. Соболев атындағы Математика институтының профессоры физика-математика ғылымдарының докторы, РҒА корреспондент-мүшесі Владимир Гаврилович Романов, Ресей Білім академиясының академигі, Омск мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Михаил Павлович Лапчик, Ресеи ғылым академиясы Есептеу математикасы және математикалық геофизика институтының профессоры, РҒА корреспондент-мүшесі физика-математика ғылымдарының докторы Сергей Игоревич Кабанихин, Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің профессоры, Ресей Білім академиясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы Сергей Георгиевич Григорьев сияқты Ресейдің көрнекті  ғалымдарының қатысып, баяндама жасауы, Есен Ықыласұлына арналған жүрекжарды ыстық ықыластарын білдіруі ғалымның халықаралық беделінің биіктігін көрсетсе керек.
Сонау 1985 жылы, бұрынғы КСРО кезінде, жалпы орта білім беру мектептерінде оқу үдерісіне «Информатика» пәнін енгізуді қолға алдық,- деді өз сөзінде Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің ректоры Игорь Михайлович Реморенко. -Бұл біздің елімізге компьютерлік техниканың жаңа келіп жатқан кезі. «Информатика» пәнін оқыту керек пе, жоқ па?» деген екі ұдай пікірлер айтылып жатты. Дегенмен ғалым-педагогтардың ұсынысымен «Информатика» курсын енгізетін болдық. Ал ол үшін оқулықтар мен оқу құралдарын жазуды қолға алдық. Осындай кезде біздің қасымызда болып мәселенің мән-жайын терең ұққан Есен Ықыласұлы Қазақстан мектептеріне «Информатика» курсын енгізуге бар ынтасымен кірісіп, оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдарын жазып, Республика мектептеріне «Информатиканы» енгізуге жанын сала үлес қосты. Ал бүгінгі ақпараттық технологиялар заманында оқу-білім саласын информатикасыз жүзеге асыру мүмкін емес. Олай болса профессор Е.Ы.Бидайбековтың бұл саладағы еңбегі жоғары бағалауға лайық.
Ресейден келген педагог-ғалымдардың бәрі де Е.Ы.Бидайбековтың еңбегін ыстық ықыласпен еске алды.
Конференцияны ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры Мүбарак Ермағанбетов конференция жұмысының жоспарымен, мақсатымен таныстырып, мерейтой иесі профессор Е.Ы.Бидайбековке ректордың құттықтау хатын тапсырып, үстіне шапан жапты, университеттің «Үздік оқытушысы» төсбелгісін тақты. ҚР БҒМ-нің «Ұлттық тестілеу орталығының» басшысы Қали Сейілбекұлы Әбдиев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Әбдімәулен Сүлейменұлы Бердішев және басқалар мерейтой иесін құттықтады.
Екі күнге жалғасқан конференция 5 секция бойынша жұмыс істеп, білім мен ғылым саласын математикалық модельдеу мен ақпараттық технологиямен қамту, инновациялық технологияларды батыл енгізу жөнінде кең көлемде пікір алмасты. Жүзден астам баяндамалар жасалды.

 

 

 

М.Ахметов
Абай Атындағы ҚазҰПУ-дың
Ақпарат орталығының жетекшісі