Нағыз Батыр-ғалымға арналды.
Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Тұлғатану» орталығы Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция өткізді.
Конференцияны орталық директоры Мұқатова Дана Мұқатқызы ашып, М. Ғабдуллиннің қаһарман, азамат, қайраткер ретіндегі ерекшеліктері туралы айтты.
«2015 жыл Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде Мәлік Ғабдуллиннің жылы болып өтіп жатыр. Мәлік Ғабдуллин осы университеттің түлегі, аспиранты, соғыстан кейін доктарантураны бітіріп, еңбек жолын осында бастап, 10 жыл ректорлық қызмет атқарған.
Бұл конференцияның мақсаты-Ұлы Отан соғысында ерен ерліктерімен көзге түскен Кеңес Одағының батыры, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, ұстаз һәм парасатты басшы Мәлік Ғабдуллинің ұлағатты еңбегімен жастарды патриоттыққа тәрбиелеу».
Филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов М. Ғабдуллиннің шығармашылығы, әдебиетке қосқан үлесі туралы мазмұнды баяндама жасады.
« Соғыстан кейінгі Мәлік Ғабдуллиннің өмірі ғылыми-педагогикалық жұмыспен өтті. Оның зерттеулері « Қобыланды батыр » жырын зерттеумен басталды. Осы тақырыпты терең дамытып, докторлық диссетациясын қорғады. 50-ші жылдардың ортасында « Қазақ халқының ауыз әдебиеті » курсы бойынша жоғарғы оқу орындарына арнап оқулық шығарды. Осы оқулықты біздің университет қазіргі кезде де пайдаланып жүр. Жазушы ретінде М. Ғабдуллин « Майдан очерктерінде » қазақ жауынгерлердің ерліктері туралы баяндады. Ғалымныңың осы ісі сол кездегі азаматтық ерлігі деп есептейміз »,- деді Т. Тебегенов.
М. Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы әкесі туралы сағынышты естеліктер айтты. Олардың ішінде бұрын біз білмеген мәліметтер - әке мен баланың арасындағы қарым-қатынасы туралы жастарға өнегелі сөздер айтты.
« Мен өз өмірімде ешқандай ерлік жасаған емеспін, менің тек қана батырдың қызы деген атым бар. Мен туылған кезімде әкем майданда еді. Әкемді мектепке барар кезімде көрдім. Ол институтта Әбділдә Тәжібаевпен жатақханада бір бөлмеде тұрғаны туралы кейін естідім. Ол кісінің қызымен біз 60 жыл достасып келеміз».
« Мәлік атамыз сізге бала кезіңізде қандай ақылды көбірек айтатын? » - деген студенттердің сұрағына:
«Әкем өзі өте қарапайым адам еді. Бізге де әкеміз үнемі : «Ешқашан мақтанбаңдар, қарапайым болыңдар»,- деп отыратын.
Біз кішкентай пәтерде тұрдық, әкем өзінің диссертациясын, әңгімелерін кешке ас үйде отырып жазатын. Өзінің ордендерін тек Жеңіс күні тағатын. Кейін институттың ректоры болған кезінде де ол адамдар арасындағы қарым-қатынаста сол қарапайымдылықты сақтап қалды. Институттың қарапайым жұмысшыларына дейін аты-жөнін білетін. Студенттердің жатақханасына барып, әңгімелесіп, жағдайларын сұрайтын.
Әкем бізді мәдениетке жақын болсын деп театрға апаратын. Үйде дүниежүзілік әдебиеттің кітапханасы болатын. Содан мен кішкентай кезімнен кітап оқуды жақсы көргенмін. »,- деді Майдан апай.
« Абай университеті » газетінің редакторы Болат Шарахымбай М. Ғабдуллиннің қазақтың Батыр қызы Мәншүк Маметовамен және ұлы тұлға Бауыржан Момышұлымен достығы туралы айтты.
« Соғыс кезінде Мәншүк Маметоваға Батыр атағының берілуіне Мәлік Ғабдуллиннің себепкер болғаны оның азаматтығын көрсетеді.
Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлымен кездесу кезінде Мәлік ағамыз өзінің Алтын жұлдызын шешіп ұлы атамыздың кеудесіне қадайды:
« Осы марапатты сіз алуыңыз керек еді »,-деп.
Екеуі сол кезде бір жерде жаумен шайқасқан еді, бірақ әділетсіздіктен нағыз батырға Батыр атағы берілмеді. Бауыржан Момышұлы Алтын жұлдызды қайтарып:
« Осы жұлдызда сенің де үлесің зор » ,-дейді. Бұл эпизод екі ұлы адамның бір-біріне деген ықыласы мен кішіпейілдігін көрсетсе керек ».
Конференцияда басқа да ғалымдар, жазушылар сөз сөйлеп, батыр -ғалымның еңбектерін жан - жақты саралады.
Мәлік ағамыздың бүкіл өмір жолы ерлікпен өтті. Соғыстан кейін осы университеттің табалдырығын аттап, ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысты. Мінезі жұмсақ, өзгені түсінуге дайын, жақсылыққа жаны құмар, үлкен ұжым өмірімен етене араласып еңбек етіп, осы университетті аяғынан тік тұрғызды. Әрдайым тек білім мен ғылым биігінен емес, адамгершілік шыңынан да көріне білген.
« Тұлғатану » орталығы өткізген бұл жиын ҚазҰПУ-да жыл бойы атқарылған іс-шараларының қорытындысы іспетті болды. Осы жайлы конференцияның соңында айтылған студенттердің пікірі дәлелдейді. « Біз осындай атақты жерде оқып жүргенімізге мақтан етуіміз керек »,- десті олар.
Ұлы тұлғаларды тани білейік. Олар біздің болашағымыз үшін күресті. Бүгін бар, ертең жоқтың заманында өшпес із қалдырды. Бүгінгі жастарға қалдырған ешқашан ескірмейтін мәдени мұраларын сақтап, келе жатқан жас ұрпаққа жеткізе білейік.
Фарида Амангелдіқызы,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
Баспасөз орталығының қызметкері.