Главная /
СМИ о нас
25.04.2019 Қазақ жастарының киімі, әрекеті, мәдениеті қазаққа лайықты болу керек
Қазіргі таңда баспа беттерінде, қазақ қоғамына ентелей кіріп алған әртүрлі діни ағымдар туралы жиі айтылып, жазылып та жүр. Айтылық, қазақ жастарын теріс діни ағымдарға итермелеп отырған жағдайды жазу бар да, осы мәселелерді түзету жолында орындалатын нәтиже болу керек.
Біздің елімізде сақалын қауғадай қылып өсіріп, қысқа шалбар киіп жүрген ер балаларымыз бен хиджаб, паранджы киген қыз балалардың саны күннен-үнге көбейіп бара жатқандығы жүрегі қазақ деп соққан әрбір қазақстандықтарды алаңдатуы тиіс деп ойлаймын.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев осы мәселені шешу мақсатында тағайындалған министрлерге, қоғамда осындай жағдайды реттеу үшін керек болса құқық қорғау мүшелерін де жұмылдыру керектігін баса айтты. Бірақ іс жүзінде орындалып жатқан жұмыстарды көріп жатқанымыз шамалы.
Басқа қалаларда бұл жағдай қандай болып жатқанын білмеймін, Алматы қаласында олар тым көбейіп барады.
Олардың көп шоғырланған жерлері де бар. Ол «Алтын орда» базары, оның төңірегіндегі «Іргелі» деген жер, халықтың көп баратын сауда орындары «Барахолка», тағы басқа жерлерде. Және де бізді қатты ойландыратын жағдай өздерін осындай киіммен көрсетіп, әрекеттерімен назарымызды аудартып жүргендердің көпшілігі біздің қазақ жастары.
Жақында бір оқиғаның куәсі болдым. «28 Панфиловшылар саябағының» ішімен көк базарға бара жатып, қап-қара киім киіп, көздерін қара тормен тұмшалап алған екі бойжеткенді көрдім, қастарынан өтіп бара жатып байқағаным (олар қазақша сөйлесіп бара жатты) олар қазақтың қыздары екен.
Қазақтың қыздары ешқашанда хиджаб пен паранджы кимеген. Бұл жайында үнемі айтылып та жатыр. Мұндай жағдай ары қарай жалғаса беретін болса, еліміздің жағдайы не болмақ?
Сыртқы радикалды күштердің қазақтың мәдениетіне, дініне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына кері ықпалын тигізу арқылы, біздің болмысымызға жат өздерінің әрекеттерін жүзеге асыру деп ойлаймын. Біз мұндай әрекетке жол бермеуіміз керек. Мұны әсіресе халыққа қызмет ететін органдар дер кезінде тоқтатып, жұмыс істеуі керек.
Көрші жатқан мемлекеттер жастарын осындай діни экстремистік жолмен азғындауға жол бермейді, онда құқық қорғау органдары бұл жұмысты дұрыс бағытқа қойған. Білім беретін орындарда (мектептерде, колледждерде, университеттерде) құқық қорғау органдары кез-келген уақытта оқу орындарына кіріп, жастардың мобильді телефондарын тексеріп, ешқандай радикалды топтармен байланысы жоқпа соны қадағалап отырады.
Мәселен, Өзбекстанда сақалын өсіріп, қысқа шалбар киген хиджаб киген ұл-қыздарды көрмейсін және осындай күмән туғызатын киім киген адамдарды шекарадан кіргізбейді. Тағы бір айтпағым, осындай ағымға кірген жастардың рухани жан дүниесінің азғындалуы, ата-анасын тыңдамау, олардан өздерінің ойындағысын талап етуі үлкен қасірет болып тұр.
Бүкіл әлемде «Отан отбасынан басталады» деген қағида бар, үлкен Отанымыз Қазақстанның қуатты болуы сол отбасындағы тәрбиедін бастау алады. Рухы қазақ жастарының киген киімі, әрекеті, мәдениеті нағыз қазаққа лайықты болу керек деп есептеймін.
Авторы: Қалдыгүл Тұрғынбайқызы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, PhD докторант 25.04.2019 ж. Ақпарат көзі: dalanews.kz
|