Главная
Новости
30.04.2019 Жемқорлыққа қарсы күрес басты назарда
Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «Қауіпсіздікті қамтамасыз ету: мемлекет пен қоғам рөлі» тақырыбында II қазақ-француз форумы өтті.
Форум мақсаты - заңның және қауіпсіздік жүйесінің ережелерін, дипломатияның ұлттық мүдделерін ілгерілету, жаңа қауіпсіздік факторы ретінде цифрландыру, білім, денсаулық және қауіпсіздік, экономикалық, қаржылық қауіпсіздік және жаһандану жағдайындағы бизнес тақырыптарындағы өзекті мәселелерді талқылау.
Халықаралық форум жұмысына ректор Такир Балықбаев, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстандағы Франция Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов, сондай-ақ Еуропа Одағынан белгілі сарапшылар, Қазақстан Республикасы мен Францияның мемлекеттік органдарының басшылары мен дипломатиялық корпус өкілдері, Франция мен Қазақстан Республикасының жетекші ғылыми орталықтары және Францияның танымал университеттері: Сорбонна университеті, Страсбург университеті, Лотарингия университеті, Тулуз университеті, Пуатье университеті ректорлары мен беделді ғалымдары қатысты.
«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету: мемлекет пен қоғам рөлі» тақырыбындағы форум аясында екі елдің өкілдері баяндама жасап, тәжірибелерімен алмасты.
Форум барысында Олжас Бектенов: «Қазір бұл салада цифрландыру технологиясы кеңінен енгізілуде. Бүгінде жұмыстың 69 пайызы электрондық форматқа көшірілген, 16 пайызы «бір терезе» жүйесі бойынша атқарылады. Мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты, заңның үстемдік құруы, азаматтық қоғаммен байланысты нығайту басты назарда. Мемлекеттік қызметте заңдылықты асыра пайдалануға, бюрократияға жол бермеу жөнінде нақтылы іс шаралар жүзеге асырылуда», - деді.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары мемлекеттік қызмет істеріндегі соңғы жетістіктермен бөлісіп, адамдардың, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бюросы мақсатты жұмыстар жүргізіп жатқанын атап көрсетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу әрбір азаматтың, бүтіндей қоғамның ортақ міндеті және жемқорлықтың кез-келген көрінісіне көз жұма қарауға болмайды. Осы арада әріптес Францияның және басқа да мемлекеттердің озық іс-тәжірибелеріне де көңіл бөліп отырғандығы туралы айтты.
Халықаралық форум екі ел тарапынан талқыланған ауқымды мәселелер бойынша сындарлы пікір мен тәжірбие алмасу алаңына айналып, өте мазмұнды және нәтижелі өтті.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім |