қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
12.11.2015

Қазақ хандығы дәуірі: тіл, әдебиет және тарих



Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев биылғы жылды Қазақ хандығының 550 жылдығы деп жариялаған соң еліміздің түпкір -түпкірінде бұл мерекеге байланысты әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Өткенде Тараз қаласында хандықтың 550 жылдығы тойланып қазақ елінің тарихы түгелденгендей болды. Өйткені осы іс-шара арқылы болашақ ұрпағымызға еліміздің түп-тамыры тереңде жатқанын, қазақ елі осы Алтай мен Атыраудың арасында созылып жатқан ұлан-ғайыр атырапты мекен еткен сонау батыр бабаларымыздың ұрпағы екендігін ұғындырып, санасына от жүгірттік десек артық айтпаған болармыз.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тәрбие жұмысы, жастар саясаты және мемлекеттік тілді дамыту басқармасы мен Жалпы тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ хандығы дәуірі: тіл, әдебиет және тарих» атты дөңгелек үстел осындай игі іс-шараның жалғасы болды. Бұл іс-шараға университетіміздің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, профессор Ж.Е.Ішпекбаев, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры Б.Әбілқасымов, Қазақстан тарихы және мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі М.Қойгелдиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Б.Кәрібаев және профессор Ж.Тілепов, Абай атындағы ҚазҰПУ профессорлары Б.Хасанұлы мен Т.Тебегенов және бір топ оқытушылар мен студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты. Дөңгелек үстел мәжілісін Филология институтының директоры , профессор Балтабай Әбдіғазиұлы жүргізіп, алғашқы құттықтау сөзін профессор. Ж.Е.Ішпекбаевқа берді. Ол Елбасымыздың тапсырмасымен қазақ елінің болашағы үшін жасалып отырған осындай игі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, келген қонақтарға алғысын білдірді.
Мәжілісте сөз алған профессор Б.Әбілқасымов «Әбілғазы «Түрік» шежіресі -XVII ғ. қазақ ескі әдеби жазба тілі» баяндамасында қазақ халқының арғы тегі қайдан шыққанына және іс қағаздар тілінің ерекшеліктеріне тоқталса, М.Қойгелдиев «Қазақ хандығы және Алаш орда» баяндамасында қазақ хандығының құрылуы мен қазақ ұлтының қазіргі таңда қол жеткізген жетістігі аспаннан түспегенін, сол жолда бабаларымыздың қаны мен аналарымыздың көз жасы төгіліп, осынау алып атырапты бізге мирас ету жолында береке мен бірлікті мансап жолынан биік қойғанына тоқталды. Профессор Б.Кәрібаев өз баяндамасында тәуелсіз ел ең бақытты ел деп, қазақ елінің кеше құрылмағанын, ол жолда ұшқан құстың қанаты талардай оның тарихы сан ғасырларға созылатынын баяндады. Профессор Б.Хасанұлы, Т.Тебегенов және Ж.Тілепов та өз баяндамаларында қазақ тарихының беймәлім беттерін ашып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Сөз соңында профессор Балтабай Әбдіғазиұлы бұл іс-шараның ұрпақ тәрбиесі үшін орыны ерекше екеніне тоқталып, дөңгелек үстел мәжілісі ары қарай секция жұмыстары бойынша жалғасатынын хабарлады.    

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз орталығы