қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
03.06.2019

Еліміздің бағы болған Елбасы

 


 

Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаратқанның бізге берген бағы. «Тауды биік демеңдер, талаптансаң шығасың», - дегендей, көк тіреген асқар тауды қаншалықты биік, қарасаң қалпағын құлайтын шың дегенмен, талмай талаптансаң, қажымай еңбектенсең, мақсатқа жетем дегенше барлық қиындыққа төзе білсең, ақылдылықпен жолсыз жерден жол салып шың басына көтеріле аласың.

 

Ол тауға батылдықпен сапар шегу үшін саған үлкен дайындық керек. Еріншектеніп жата берсең өнер кетеді, талаптансаң нұр бітеді. Міне біздің тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың халқы үшін жасап жатқан маңызды істерінен жарқыраған нұрды көреміз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қазақстандықтардың рухын оятып, санасына сілкініс туғызды. Шындығында да, бұл біздің көптен бері көкейімізде жүрген қазақ халқының тағдырына қатысты терең ойлар. Мақаланың әрбір жолы, әрбір сөзі - өзіміздің осы күнге дейінгі жолымыз, тарихымыз, келешекте атқарылатын міндеттеріміз. Отансүйгіштік қай елдің болмасын алтын босағасы. Адам тәнін жан билесе, Отан тәнін халқының оған деген сүйіспеншілігі билейді. Бұған ешкімнің күмәні жоқ.

 

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған түлектермен кездесу барысында «...патриот - ол Қазақстанды шын сүйетін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, бойында адалдық, ар-намыс, ізгілік қасиеттері бар халқының дәстүрі мен Отанына деген сүйіспеншілігі мол адам» деген болатын. Елбасымыздың рухани жаңғыру мақаласында біздің қазіргі және келешекте істелінетін жұмыстарымыз айтылған. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін біздің халық 1995 жылға дейін дағдарысты басынан өткізді, бұл жағдай сол кезде көзі көрген адамдардың барлығына аян. Дүкендер қаңырап бос тұрды, наннан басқа ештеме жоқ. Зейнетақыны, еңбек жалақасын беретін ақша жоқ. Міне осындай қиын-қыстау кезінде осындай тығырықтан шығудың жолын Елбасымыз өзінің біліктілігінің, ақылдылығының, келешекті болжай білетін көрегендігінің арқасында шешуге тырысты және шешті де. Сол кезеңде халықты жақсылыққа апаратын, елдің мүддесі үшін бірнеше стратегиялық бағдарламалар жасалынды. Шындығында да, Тәуелсіздік жылдары қыруар жұмыс атқарылды.

 

Соның бірі - «Болашақ бағдарламасы» болды. Елбасымыздың тікелей басшылығымен құрылған бұл бағдарлама сол кезде, қиын жағдайға қарамастан, он мыңға жуық жастарды әлемнің үздік университеттерінде оқытып, олардың бүкіл қаражатын үкіметтің қаржыландыруы бұл сол кезеңдегі халықтың болашағы үшін жасалынған үлкен жұмыс болатын. Ондағы мақсат-Тәуелсіз елімізді осындай қиын жағдайдан шығарып алу үшін білімді жастарымыз әлемдегі маңдайалды университеттерде білім алып, олардың озық тәжірибесін, білімін меңгеріп елімізді дамытуға өркендетуге ат салу болды. Ұлт табысқа тек білімнің арқасында жететіндігін сол кездің өзінде осындай озық үлгідегі бағдарламалар арқылы көрсетіп берді. Міне биыл тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар : рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына да бір жыл болды. Бұл құжат - патриотизмнің негізі. Мұнда халықтың рухани және материалдық құндылықтарын жаңғырту жұмыстары бойыншада көптеген мәселелер көтерілген. Ата-бабамыздан бізге мұра болып қалған осындай жерімізді, табиғатымызды, тауымызды, даламызды көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оның байлығын үнемді, ысырап қылмай орынды пайдалану керектігін міндеттейді. Өзіміздің жерімізге немқұрайлы қарамау, болашағымызды дұрыс жоспарлай білу, ысырапшылдыққа, астамшылдыққа, даңғойлыққа жол бермеу , мұның бәрі өз еліңе , жеріңе деген сүйіспеншілік құрмет болып саналады. Нақты мақсатқа жету үшін де азаматтың өз жерін, елін, Отанын, халқын сүюі және оны құрметтеуі - ұлы іс. Осы орайда Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасының ауқымы өте кең.

 

Туған жер - әркімнің өзінің кіндік қаны тамған жері, балалық шағы өткен, өмір жолына аяқ басқан өлкесі. Туған жерге, оның салт-дәстүрлері мен әдет ғұрпына, мәдени, тарихи ескерткіштеріне айрықша ыждағаттылықпен атсалысу-шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.Сондай-ақ, мемлекетіміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың АҚШ президенті Дональд Трамппен 2018 жылғы қаңтар айындағы кездесуі өте жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар.

 

Себебі, Америка президенті Елбасымызға айрықша ықылас көрсетіп, ақ үйде кездесу өткізуі бүкіл елдің қызығушылығын тудырды. Қазақстан басшысының бұл сапары тек қазақстандықтар үшін ғана емес, әлем болашағы үшін де маңызды кездесу болды. Бұл сапар барысында Елбасы бірнеше мәселелер бойынша - экономикалық, дипломатиялық, өзара келісім, сауда, мәдени, бейбіт, ғылыми келіссөздер жүргізді. Мұның бәрі Қазақстанның жарқын болашағы үшін жүргізілген ауқымды жұмыстар болды. Бұл кездесу екі елдің екіжақты қарым-қатынасына қан жүгіртті, Америка президенті Қазақстан мемлекетін өте сенімді серіктес деп атап өтті. Әлемдегі супердержава болып есептелінетін АҚШ билеушісінің осындай пікірді айтуы біз үшін үлкен мәртебе болды. Елбасының қазақ халқы үшін бүгінгі күні және келешек үшін атқарып жатқан игі істері ұшан теңіз, соның бірі күні кеше ғана Елбасымыздың тікелей басшылығымен Сирияда қанды қырғынның арасында жүрген 371 бүлдіршінді қазақтың бейбіт мекеніне жеткізу бұл нағыз патриот, халқын жүрегімен сүйетін тұлғаның әрекеті деп білемін.

 

Біз бақытты, қауіпсіз, бейбіт қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әрине мұның бәрі Елбасының көреген саясаты арқасында. Елімізде осындай тыныштық пен бейбітшілік орнату үшін ақыл, парасат, білім, «отаным, елім - менің ардағым»- деп соғатын жүрек керек, мұндай қасиеттер біздің елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өн бойында бар. Еліміздің бағы болған Елбасы аман болыңыз, жасай беріңіз!

 

 

Авторы: Қалдыгүл Таспулатова,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, PhD докторант

03.06.2019 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz