Главная
Новости
27.08.2019 «Мектепке жол» қайырылымдық акциясы өтті
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен өмірге келген «Мектепке жол» акциясы жаңа оқу жылы қарсаңында кеңінен қанат жаюда. Үлкен компаниялар, өндіріс орындары, еңбек ұжымдары 1 қыркүйекте мектепке баратын тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан оқушыларға мектеп формаларын, сөмкесі мен қалам-дәптерлерін және басқа да керек-жарақтарын сатып әперуде.
Бұл акция Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де жалғасын тапты. Университет Алматы қаласындағы №17 мектеп-интернаттың оннан аса оқушысына қолдау көрсетті. Балаларға мектеп формалары мен қалам-дәптерлерін тапсырған ректор Такир Балықбаев бұл акцияға қатысып отырған оқушыларды Білім күнімен шын жүректен құттықтап, олардың орта мектепті үлгілі аяқтап, әлемге белгілі атақты университеттерде білім алуларына, Тәуелсіз Қазақстанның көрнекті азаматтары болып қалыптасуларына тілектестігін білдірді.
- Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың бастамасы бойынша бұл акция жаңа оқу жылы алдында ғана өткізіліп қоймай, жыл бойы жалғасын табатын болады, деді ректор Такир Балықбаев. - Сондықтан біздің университетіміз де осынау қайрымдылық іс-шарасын үнемі жалғастыра береді. Біз бұдан былай да № 17 мектеп-интернатпен тікелей байланыста болып, тұрмысы төмен отбасыларының балаларына жәрдемдесіп отырмақпыз.
№ 17 мектеп-интернат директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Түгел Ишкалова бүгінгідей қамқорлығы үшін мектеп ұжымы мен ата-аналар атынан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевқа және осы істі ұйымдастыруға тікелей атсалысқан кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Ибраимовқа алғыс айтты. Өз кезегінде ата-аналар атынан сөз алған Көктем Шарипова да университет басшылығына жүрекжарды алғысын жеткізді.
Іс-шара университет студенттерінің концертіне ұласты.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім
|