қазақша · русский · english
   
  Главная / СМИ о нас
01.09.2019

Ұстаз абыройы заңмен қорғалады

 

«Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын мұғалімдікі», деп Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай, біздің халқымызда ұстаз ұғымы қашанда жоғары. Олай дейтініміз, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршінге өзінің бар білгенін үйретіп, елін-жерін сүйетін азамат болып қалыптасуына ықпал ететін ұстаздар қауымының еңбегі ешнәрсемен өлшеуге келмейді. «Сиса көйлек үстіңде, тоқуменен табылған, өнер-білім бәрі де оқуменен табылған», - деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қандай тұлға болмасын ең алғашқы өмірлік көзқарасын алтын ұя мектепте ұстаздардың берген білімімен қалыптастыратыны сөзсіз.Біздің ата-бабаларымыз болашақ ұрпағының үлкен азамат болып қалыптасуына ұстаз еңбегінің ауадай қажет екенін ертеден ойлап, ауыл іргесінен мектеп ашып, сол ауылдың «қарадомалақтарының» білім алуына барша жағдай жасаған.

 

Біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміздің ертеңі білімді ұрпақтың қолында болса, сол ұрпақты өмір жолына тәрбиелейтін білікті ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. 2018 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назар­баев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында Ұстаз мәртебесін көтеруге бастамашы болды. Мұнда Елбасы ұстаздардың еңбегіне тоқтала келіп: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», - деген болатын. Бұл, әрине, біздің көкейіміздегі көптен жауабын таппай жүрген сауалдың оң шешімін табуына жол бастап, ұстаздар қауымына үміт отын сыйлағаны сөзсіз. Себебі, бұл мәселе дамыған Батыс елдерінде бұрыннан шешімін тапқан. Ол елдерде мұғалім жұмысы мен оның құқықтары заң аясында қорғалады.


Мәселен, Греция, Дания, Италия, Гер­мания, АҚШ, Португалия және Канада сын­ды мемлекеттерде мұғалімдер мемле­кеттік қызметші болып саналады. Ал көршілес Ресейде бұл мәселе баяғыда-ақ шешімін тауып, онда федералдық Заңға сәйкес, мұғалімдер 25 жылдық еңбек өтіліне қарай жеңілдікпен зейнетке шығу мүмкіндігіне ие. «Педагог мәртебесі ту­ралы» Заң күні кеше біздің елімізде де қа­был­данды. Аталған Заңға сәйкес мұғалім­дер кәсіби қызметінен тыс қосымша жұ­мыс­тардан арылады және істеген жұмы­сына сай жалақы төленетін болады. Бұл заң мұғалімдердің құқығының тапталмауына және олардың өз кәсібіне жатпайтын қоғамдық жұмыстарға тартылмауына кепіл болады. Бұл Заң 192 баптан және ауқымды 5 бағыттан тұрады. Яғни материалды және материалды емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаздардың құқықтарын кеңейту, мұғалімнің жүктемесін азайту сынды өзекті мәселелерді қамтиды. Егер де қандай лауазымды тұлға болсын осы жәйттарға құлақ аспай, ұстаздар қауымын бөтен жұмысқа жегетін болса, Заңға сәйкес 120 айлық есептік көрсеткіш айыппұл төлейтін болады.


Міне, үстіміздегі жылдың тамыз айында өткен мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы ұстаздарымызға деген құрметтің бастауы десек, кеше ғана күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заң енді еңбегі еленбей келген ұстаздар қауымының мерейін асқақтатары сөзсіз.


Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары мардымсыз жалақымен елеусіз қалған кейбір білікті ұстаздарымыз күн-көріс қамымен басқа салаға кетсе, мектеп бітірген жастарымыз педагог мамандығына қызығушылық танытпай, кейін жалақысы дұрыс болатын өзге мамандықтарды таңдап жатты. Осы олқылықтар еліміздің мектеп­теріндегі білім сапасының төмендеуі мен педагог кадрларының жетіспеуіне әкеліп соқтырды. Осы жәйттардың алдын алу, біріншіден, ұстаз мәртебесін қайтару еліміздің ең өзекті мәселесінің біріне айналған болатын. Олай дейтініміз, біз таяу жылдары әлемнің дамыған ең озық 30 елінің қатарына кіру жолында жұмыстар жасап жатырмыз. Бізге бұл аталған міндетке қол жеткізу үшін ең алдымен білім нәрімен жан-жақты қаруланған жастары­мыз­дың қатары көп болғаны абзал. Ал бұл жастардың көп болуы үшін ең алдымен сапалы білім беретін педагог кадрла­рымызға ерекше қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Біз сонда ғана бұл міндеттерді ойдағыдай орындай алатынымыз айтпаса да түсінікті. Бүгінгі қолданысқа енген Заңымыз бұл мәселеге нақты қолдау болады деп айтуымызға толық негіз бар.
Осы орайда, бүгінде еліміздегі педаго­гикалық кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарының ұстаханасына айналып отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне де артылар жауапкершіліктің жеңіл болмасы анық. Себебі, Заңмен бекітілген «Ұстаз мәрте­бесіне» лайық болар тұлғалардың басым көпшілігін біздің университетіміз даярлап шығарады.


Университет ректоры Такир Балықбаев алғашқы келген күннен бастап ұстаз бен сту­денттің жауапкершілігін арттыру мақ­сатында «Академиялық адалдық» кодексін қабылдады. Бұл дегеніміз, университеті­міздің студенттерін тек қана өз күшімен ғана жетістікке жете алатын мықты кадр етіп даярлау болып табылады. Егер біздің студенттеріміз жоғарыда атап өткендей, сабақ барысында өзіне артылған жауап­кершілікті сезініп, ғылымның белесіне тек өз күшімен ғана ұмтылар болса, онда ертең Заңмен қорғалып жатқан «Педагог мәрте­бесіне» лайық тұлға болары сөзсіз. «Ака­демиялық адалдық» кодексіне сәйкес біз студенттерімізге қойылатын талаптар мен міндеттерді күшейте отырып, олардың сапалы білім алуына, кәсіби білімді терең меңгеруіне, оқытушыларымыздың өз жұмыстарын адал атқаруына мүдделіміз. Сондай-ақ, ректордың ұсынысымен сту­денттердің оқу үлгерімін бағалау критерий­лерін де жаңаша мазмұнда қарастырып, жаңа заманға сай білім мазмұнын да жаңартудамыз.


Бүгінгідей көз ілеспес жылдамдықта тез өзгеріп жатқан заманда мемлекетіміздің ұстаздар қауымына жасаған бұл қамқор­лығы алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына бір қадам жақындауға мүмкіндік туғызары хақ.

 

29.08.2019 ж.

Автор:Хайрулла ЖАНБЕКОВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттықпедагогикалық университетің

Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры

Ақпарат көзі: almaty-akshamy.kz