қазақша · русский · english
   
  Главная  Новости
01.09.2019

Білім мерекесі жоғары деңгейде өтті

 

Бүгін еліміздің барлық аймақтары ерекше сән-салтанатқа бөленіп Білім күнін үлкен қуанышпен атап өтуде. Қазақ білімінің қара шаңырағы  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де бұл мереке аса жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 

 

Мерекелік шараны ашқан университет ректоры Такир Балықбаев университет профессор-оқытушылары мен ата-аналарды және студенттер  қауымын Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуы мерекесімен құттықтады. 

 

«Биыл университетіміз  4 371 жаңа буынмен толықты, - деді ол. Еліміздің әр аймағынан мұғалім мамандығын қалап, үміт жетегінде, арман қанатында келген жас толқынға біздің университетімізді таңдауда қателеспегенін, бізде сапалы және тиянақты білім алуға толық жағдай бар екенін айтқым келеді. Білім күніне арналған бұл салтанат бүгін алғаш рет студент атанғалы отырған жастарымыздың есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Өйткені бұл күн білімнің шалқар айдынына желкен керіп, үлкен өмірге есік ашатын тарихи күн. Студенттер қатарына жаңа қосылған жас қауымның университет қабырғасындағы жылдар бойғы оқу ізденістері, аудиториялардағы дәрістері, кітапханалар мен зертханалардағы ғылыми жұмыстары, қызығы мен қиндығы мол студенттік өмірі осы күннен басталады».«Біздің университетіміз педагог кадрларын даярлайтын ең ірі білім ордасы. Сондықтан кеше ғана Үкімет қаулысымен «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы бекітілуі біз үшін зор қуаныш болды. Ал енді ұстаз мамандығын таңдаған жастарымыз болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз білім алуы керек», - деді Такир Балықбаев.

 

Ректор 1 курс студенттеріне Білім кілті мен студенттік билеттің символикалық белгісін тапсырды. 

 

Салтанатты жиында сөз алған ардагер ұстаз, профессор Бақытжан Хасенова, Филология және көптілді білім беру институтының директоры, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы студенттер мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Аспанға ұшырылған ақ көгершіндер мен қызыл-жасылды шарлар мерекені сән-салтанатқа бөледі. Қазақ эстрадасының жұлдыздары Ақбота Керімбекова, Нұржан Қалжан және өнерпаз студенттер шырқаған әндер көпшіліктің көңіл-күйін тербеді. Университет әнұранмен және студенттердің флеш-мобымен мереке мәресіне жетті.

 

  

  

  

  

  

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім