Главная
Новости
19.09.2019 Абай атындағы ҚазҰПУ университеттердің Жаһандық саммитіне қатысты
2019 жылдың 19 қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасында әлемдік маңызы бар оқиға - университеттердің жаһандық саммитінің салтанатты ашылуы өтті.
Шараның салтанатты ашылуына делегация басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерімен қатар, біздің университетімізден - ректор Такир Балықбаев, ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева, Даму стратегиясы және сапаны сараптау департаменті директорының орынбасары Темірхан Тасболатов және басқа да құрылымдық бөлімдердің басшылары қатысты.
Халықаралық шара үш күнге созылады. Бағдарламада мазмұнды пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, іскерлік кездесулер және ынтымақтастық туралы мемораyдумдарға қол қою, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының жетістіктері көрмесі өтеді. Бұл іс-шара «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарын жүзеге асыруға, отандық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және білім беру қызметін экспорттауға бағытталған.
Сондай-ақ университеттердің жаһандық саммиті аясында жоғары деңгейдегі бірқатар маңызды іс-шаралар өткізіледі: - ҚазҰУ-дың дүниежүзі бойынша мойындалған халықаралық QS рейтинг агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған QS World Wide «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» тақырыбындағы конференция мен көрме; - Әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орнын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсы (SUN) Бас Ассамблеясының отырысы; - Түрлі континенттердегі жетекші жоғары оқу орындары кіретін Work shop әлеуметтік жауапкершілігі бар университеттердің (USRN) дүниежүзілік желісі; - «G-Global» бастамасын қолдаудағы «Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы жастардың рөлі-2030» жаһандық конгресі.
Саммитке әлемнің 400-ден астам жетекші университеттерінің басшылары, мемлекеттік құрылымдары мен бизнес өкілдері, белгілі ғалымдар, сарапшылар және академиялық қауымдастықтың жетекшілері қатысады.
Іс-шара барысында білім беруді, ғылымды, озық технологиялар мен рухани құндылықтарды біріктіру аясында университеттерді одан әрі дамытудың жаңа үлгілері талқыланады. Әлемдік деңгейдегі басқосуға қатысушылар жоғары білім саласындағы ынтымақтастық пен интеграция, бірлескен ғылыми, білім беру, мәдени-гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру және басқа да өзара іс-қимыл бағыттарын қарастырады.
2019 жыл елімізде «Жастар жылы» болып жарияланғандықтан, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және G-Global халықаралық хатшылығы ұйымдастырған «Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы жастардың рөлі-2030» жаһандық конгресі маңызды шара болып табылады.
Жаһандық шараларды өткізу елдегі жоғары білімнің қарқынды дамуына ықпал етеді және білім және ғылым саласына инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім
|