Главная
Новости
16.10.2019 «Ізгілік елшісі» жобасы кеңінен қолдау тапты
Жемқорлықсыз қоғам құру - бүгінгі таңның басты міндетіне айналып отыр. Ал ондай қоғамды қалай құрамыз, адамдардың санасын қалай тазартамыз дейтін заңды сұрақ туындайтыны сөзсіз. Осыған байланысты бүгінде елімізде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің бастамасымен, әкімдіктердің қолдауымен «Ізгілік Елшісі» жобасы қолға алынуда. Оның мақсаты жас ұрпақты парасаттылыққа, адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеу, осы арқылы жемқорлықсыз қоғамға жету болып табылады.
16 қазанда Алматыдағы Ұлттық кітапхананың мәжіліс залында осынау алып шаһардағы барлық жоғары оқу орындары ректорларының, ҚР Білім және ғылым Вице-министрі Рүстем Биғаридың қатысуымен «Ізгілік Елшісі» - «Акселератор добра» жобасына байланысты жиын өткізілді. Қазақстан Республикасы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы Қайрат Сүнтаев жемқорлықсыз қоғам орнату үшін бүгінгі жас буынды осы бастан адалдық пен парасаттылыққа тәрбиелеу керектігін айтты. Бұл істе жастар арасында еріктілер қозғалысын дамытып, оларды қайырымдылық іс-әрекеттерге кеңінен тартудың маңызы зор. Осыған байланысты бүгінде «Ізгілік Елшісі» - «Акселератор добра» жобасы қолға алынып жатыр. Бұл іске жоғары оқу орындарында құрылған еріктілер топтары белсене атсалысуда.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Сорбонна-Қазақстан» институтында ашылған «Ізгілік елшісі» жобасының үлестірушісі Айнұр Сәбитова оқу орнында жүзеге асырылып жатқан «Ізгілік елшісі» жобасының презентациясымен таныстырды.
Жиналыста сөз алған ҚР Білім және ғылым Вице-министрі Рүстем Биғари, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Т.Есполов, «Алматы - адалдық алаңы» кеңсесінің жауапты қызметкері А.И.Братенков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Қ.Тоқышев және басқалар «Ізгілік елшісі» жобасының жастарды сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуға тәрбиелейтін маңызды жоба екенін атап көрсетті.
Вице-министр Рүстем Биғари және жиынға қатысушылар Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Ізгілік елшісі» орталығының жұмысымен танысты. Бұл іс-шараның басында университет проректорлары Ж.Ішпекбаев және А.Құлсариева болды.
Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім |